Шара осыған дейін де ұйымдастырылып, оның алғашқысы шаһардағы базар қызметкерлері үшін өткізілген еді. Нәтижесінде, аптаның алты күнінде саудамен айналысып, өздерінің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін шеше алмай жүрген азаматтар партия және мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, бірқатар түйіндерін тарқатты. Яғни, акцияның ерекшелігі – тиісті орган қызметкерлері халық қызмет етіп жатқан орындар мен қаланың шалғай аймақтарына барып тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдайды. Түйткілді мәселелердің орындалуын партия тікелей қадағалап, бақылауда ұстайды.
Аталған акция партияның қалалық филиалы және мемлекеттік, құқықтық органдардың мұрындық болуымен тағы да өтті. Бұл жолғы шара мегаполистегі Алматы-1 вокзалында ұйымдастырылды. Іс-шара барысында өтінішін білдіріп, талап-тілегін жеткізуге келген адамдардың қарасы көп болды.
– Бүгін біздің ауданның тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарды тиісті қызметкерлерге қойып, жауап алып жатыр. Кейбір күрделі мәселелер бойынша арнайы жиналыстар ұйымдастырылатын болды. Олардың проблемаларының шешілуіне барынша ықпал ететін боламыз, – деді Түрксіб аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрланбек Әжібаев.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ