Қабылдауға 200 тұрғын қатысты
Қабылдауға 200 тұрғын қатысты
320
оқылды

Мемлекеттік органдардағы жауапты тұлғаларға үміт артып, қабылдауға кел­гендерді Еңбек, әлеуметтік қорғау және кө­ші-қон комитетінің Алматы облысы бойын­ша департаментінің басшысы
З.Ағы­бетов, Талдықорған қалалық жұ­мыс­­пен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бө­лі­мінің басшысы Г.Оспанова, «Даму» қо­ры АҚ облыстық филиалы директо­ры­ның орынбасары Б.Ошақбаев, Талдықор­ған қаласының жер қатынастар бөлімінің басшысы Р.Бешімбеков қабылдады. Сондай-ақ кездесуде қалалық көпсалалы ау­рухананың дәрігері Г.Оразбаева, тұр­ғын-үй коммуналдық шаруашылық бө­лі­мі­нің маманы М.Ақанов, арнайы әлеу­мет­тік сараптамалық департаментінің бас ма­маны Л.Мұратбаева мен қалалық №1 жә­не 2 емхана дәрігерлері де тұрғындар қой­ған сауалдарға жауап беріп, мәсе­ле­лерді мүмкіндігінше шешуге тырысты.

– Партия бүгінгі күні әр азаматтың мә­селесін аяқсыз қалдырмай, сауалдарына жауап алуына үлкен жауапкершілікпен қарап отыр. Осы орайда біз үнемі жауапты сала мамандарымен бірге көшпелі қа­был­даулар өткіземіз және алдағы кезде бұл ба­ғыттағы жұмыстарды барынша ширата тү­семіз. Жедел желіге келіп түсетін өті­ніш­тердің бірде-бірі назардан тыс қал­майды. «Кедергісіз келешек» жобасы ая­сында өткен жылдың өзінде ғана 900-ге жуық өтініш шешімін тауып, азаматтарға қа­жетті ұсыныстар мен нұсқаулықтар беріл­ді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын та­бады, – дейді облыстық партия филиалы тө­рағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева.

Қазіргі кезде Талдықорған қаласы бойын­ша 4 752 мүгедек тіркеуде тұр. Со­нымен бірге, облыс орталығында қарай­тын туған-туысы немесе бала-шағасы жоқ 264 жалғызбасты қария тұрады. Олардың 18-і – көмекке мұқтаж мүгедектер сана­тын­да.

Қазіргі кезде қала бойынша ерекше күтім­ді қажет ететін жандардың қатардан қалмауына қажетті жағдайлар қарас­тыры­лып жатыр. Облыс орталығының адамдар жиі жүретін үлкен көшелерінің қиылыс­тары мен кісі көп шоғырланатын орын­дар­дың маңына 12 дыбыстық белгі бере­тін бағдаршамдар орнатылған. Жүріп-тұруы қиын, мүмкіндігі шектеулі жандар­ды тасымалдайтын 10 арнайы автобус бар.

Облыс бойынша бір күнде тақы­рып­тық қабылдауға 200-ге жуық тұрғын қа­тысып, өтініштері мен ұсыныстарын біл­дірді. Олардың барлығы заң талабына сай қаралып, тиісті шаралар қабылданды.


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы