Электр монтаждаушы болып жұмыс істейтін ұлы биіктен құлап, жоғары кернеулі тоққа түсіп қалғалы Қарлығаш Бекмұратова түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. Оқиға болған 2016 жылдан бері ұлы біраз ем алғанымен, төсектен тұра алмаған. Дәрігерлер алғашында жұлынына зақым келгендіктен ұлының аяққа тұруға мүмкіндігі жоғын айтып ауруханадан шығарып салыпты. Аяққа тұрмақ түгілі отыруға да шамасы болмай, төсекке таңылған ұлын емдеу үшін кейуана талай есікті тоздырып, көмек сұраған.
– Жағдайымыз болмай, партияға жылап келдім. Алғашында Nur Otan көмектеседі дегенге сенбеуші едім. Міне, осы партияның арқасында ұлым қайтадан ауруханаға жатты. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханада ота жасалды. Nur Otan барда біз далада қалмайды екенбіз. Аналық жүрегіммен партияға алғысымды айтамын, – деді Қ.Бекмұратова Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында.
Nur Otan партиясының алаңында бүгін өткен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қоғамдық қабылдауына Қарлығаш Бекмұратовадан басқа 20-дан аса адам келді. Қабылдауға келген тұрғындар медициналық қызметтің сапасына, аймақтардағы білікті дәрігерлердің тапшылығына және өзге де мәселелер бойынша шағымданды. Елімізде медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында жасалған денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге қарамастан, жұртшылық іс жүзінде тек шенеуніктердің ғана емес, дәрігерлердің де немқұрайдылығына тап болып жатады. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны Сарқыт Нұрмұхамбетова ота алдындағы тегін жасалуы тиіс зертханалық тексерулерді ақылы тапсырғанын айтып шағымданды.
– Дәрігерлер «мына анализдерді тапсырасыз» деп сала құлаш қағаз жазып берді. Ота жасалуы керек болған соң, анализдердің барлығын ақылы тапсырдым. Мен тіпті, ол кезде сол анализдердің ақысыз алынуы керек екенін білмедім, – дейді С.Нұрмұхамбетова.
Вице-министр осы мәселеге қатысты Алматы қалалық Денсаулық сақтау департаментінің басшылығына аталған анализдерді тапсыру тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызметтер тізімінде бар-жоғын анықтауды, емделушіден неліктен ақша алынғанын тез арада анықтап, өзіне баяндауды тапсырды.
Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Әбдібек Қанаят 2015 жылы туған қызы Нұрайым Қанаяттың дәрігерлердің кесірінен мүгедек болып қалғанын айтып, енді қызын шетелде емдету үшін квота бөлуді сұрады. Әбдібек Қанаяттың айтуынша, 2018 жылдың сәуір айында Алматы қаласында жүрегіне жасалған отадан кейін Нұрайым сал болып қалған.
– Қызым 1 айдан аса уақыт жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер қызымның мұндай халге түсу себебін түсіндірген жоқ. Алматыдағы Балалар неврологиясы орталығында 10 күн ем алғаннан кейін, олар ары қарай емдеуден бас тартты. Квота сұрап аудандық, облыстық денсаулық сақтау бөлімдеріне жазған хатыма «сіздің балаңызды ешқандай аурухана емдеуге алмайды» деген жауап алдым. Ары қарай жекеменшік емханада емдеттім. Арада 4 ай уақыт өткен соң облыстық денсаулық сақтау департаментіне барғанымда олар менің хатыммен мүлдем таныспаған болып шықты. Сосын Нұр-Сұлтан қаласындағы Балаларды оңалту орталығына жолдама алдық. Ол жердегі мамандар жүрегіне жасалған ота кезінде баланың миына зақым келгенін, сондықтан сал болып қалғанын, өздерінің емдей алмайтынын жеткізді. Алматыдағы Ақсай ауруханасының мамандары қызыма шет елде ем алуға мұқтаж деген анықтама берді. Содан бері облыстық денсаулық сақтау департаментіне де, министрлікке де шет елде емдетуге квота сұрап бірнеше рет хат жолдадым. Мен мұны дәрігердің қателігінен болды деп ойлаймын. Себебі, қызым отаға дейін көзі көріп, сөйлеп, өзі жүріп-тұратын бала еді, – дейді Нұрайымның әкесі.
– Сіздің балаңыздың жағдайын арнайы жұмыс тобы қарап, қорытынды жасады. Қорытындыға сәйкес, балаңызға қазіргі уақытта керегі – оңалту шаралары ғана. Ешқандай ота жасаудың қажеті жоқ. Шет елге квота берілмейді. Себебі, сіздің қызыңызға қажетті ем өз елімізде жасалады. Елімізде емделу үшін жылына екі рет тегін квота беріледі, – деп жауап берді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Жалпы, қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың барлығының шағымдары мен талап-тілектері вице-министрдің жеке бақылауына алынып, әрбір тұрғынға 3 күннен 1 айға дейінгі уақыт аралығында жауап берілетін болды.