Партия барда далада қалмаймыз

Партия барда далада қалмаймыз

Электр монтаждаушы болып жұмыс істейтін ұлы биіктен құлап, жоғары кернеулі тоққа түсіп қалғалы Қарлығаш Бекмұратова түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. Оқиға болған 2016 жылдан бері ұлы біраз ем алғанымен, төсектен тұра алмаған. Дәрігерлер алғашында жұлынына зақым келгендіктен ұлының аяққа тұруға мүмкіндігі жоғын айтып ауруханадан шығарып салыпты. Аяққа тұрмақ түгілі отыруға да шамасы болмай, төсекке таңылған ұлын емдеу үшін кейуана талай есікті тоздырып, көмек сұраған.

– Жағдайымыз болмай, партияға жы­лап келдім. Алғашында Nur Otan көмек­теседі дегенге сенбеуші едім. Міне, осы партияның арқасында ұлым қайтадан ауру­ханаға жатты. Кейін Нұр-Сұлтан қа­ласындағы №1 ауруханада ота жасалды. Nur Otan барда біз далада қалмайды екен­біз. Аналық жүрегіммен партияға ал­ғы­сымды айтамын, – деді Қ.Бекмұратова Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында.

Nur Otan партиясының алаңында бү­гін өткен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қоғамдық қабылдауына Қарлығаш Бекмұратовадан басқа 20-дан аса адам келді. Қабылдауға келген тұр­ғын­дар медициналық қызметтің сапа­сына, ай­мақтардағы білікті дәрігерлердің тап­шылығына және өзге де мәселелер бойын­­ша шағымданды. Елімізде меди­циналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында жасалған денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге қарамастан, жұртшылық іс жүзінде тек шенеуніктердің ғана емес, дәрігерлердің де немқұрайды­лы­ғына тап болып жатады. Мәселен, Ал­маты қаласының тұрғыны Сарқыт Нұр­мұхамбетова ота алдындағы тегін жасалуы тиіс зертханалық тексерулерді ақылы тапсырғанын айтып шағымданды.

– Дәрігерлер «мына анализдерді тап­сырасыз» деп сала құлаш қағаз жазып бер­ді. Ота жасалуы керек болған соң, ана­­лиздердің барлығын ақылы тап­сыр­дым. Мен тіпті, ол кезде сол анализдердің ақысыз алынуы керек екенін білмедім, – дейді С.Нұрмұхамбетова.

Вице-министр осы мәселеге қатысты Ал­маты қалалық Денсаулық сақтау де­партаментінің басшылығына аталған ана­лиздерді тапсыру тегін көрсетілуі тиіс медициналық қызметтер тізімінде бар-жоғын анықтауды, емделушіден неліктен ақша алынғанын тез арада анықтап, өзіне баяндауды тапсырды.

Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны Әбдібек Қанаят 2015 жылы туған қызы Нұрайым Қанаяттың дәрігерлердің кесірінен мүгедек болып қалғанын айтып, енді қызын шетелде емдету үшін квота бөлуді сұрады. Әбдібек Қанаяттың ай­туын­ша, 2018 жылдың сәуір айында Ал­маты қаласында жүрегіне жасалған отадан кейін Нұрайым сал болып қалған.

– Қызым 1 айдан аса уақыт жансақтау бө­лімінде жатты. Дәрігерлер қызымның мұндай халге түсу себебін түсіндірген жоқ. Алматыдағы Балалар неврологиясы орта­лығында 10 күн ем алғаннан кейін, олар ары қарай емдеуден бас тартты. Квота сұрап аудандық, облыстық денсаулық сақтау бөлімдеріне жазған хатыма «сіздің ба­лаңызды ешқандай аурухана емдеуге алмайды» деген жауап алдым. Ары қарай жекеменшік емханада емдеттім. Арада 4 ай уақыт өткен соң облыстық денсаулық сақтау департаментіне барғанымда олар менің хатыммен мүлдем таныспаған бо­лып шықты. Сосын Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы Балаларды оңалту орталығына жол­дама алдық. Ол жердегі мамандар жүрегіне жасалған ота кезінде баланың миына за­қым келгенін, сондықтан сал болып қал­ға­нын, өздерінің емдей алмайтынын жеткізді. Алматыдағы Ақсай аурухана­сы­ның мамандары қызыма шет елде ем алуға мұқтаж деген анықтама берді. Содан бері облыстық денсаулық сақтау департа­мен­тіне де, министрлікке де шет елде емдетуге квота сұрап бірнеше рет хат жолдадым. Мен мұны дәрігердің қателігінен болды деп ойлаймын. Себебі, қызым отаға дейін көзі көріп, сөйлеп, өзі жүріп-тұратын бала еді, – дейді Нұрайымның әкесі.

– Сіздің балаңыздың жағдайын ар­найы жұмыс тобы қарап, қорытынды жа­сады. Қорытындыға сәйкес, балаңызға қазіргі уақытта керегі – оңалту шаралары ғана. Ешқандай ота жасаудың қажеті жоқ. Шет елге квота берілмейді. Себебі, сіздің қы­зыңызға қажетті ем өз елімізде жаса­лады. Елімізде емделу үшін жылына екі рет тегін квота беріледі, – деп жауап берді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Жалпы, қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың барлығының шағымдары мен талап-тілектері вице-министрдің жеке бақылауына алынып, әрбір тұрғынға 3 күннен 1 айға дейінгі уақыт аралығында жауап берілетін болды.


Клара НАҚЫП