Тауарды көкте тасимыз
Тауарды көкте тасимыз
365
оқылды

«Әулиеата» әуежайы енді жүк тасымалдайтын әуе кемелерін қабылдай бастайды. Бейсенбі күні аумаққа осы істің алғашқы қарлығашы – Моңғолия мем­лекетінің Monholian Airlines ірі әуе компания­сы­ның жүк ұшағы келіп қонды.

Бұл Иран, Түркия, Батыс Қытай мемлекеттерінің Орта Азия нары­ғы­на жүк тасымалы арқылы тауар экспортын шығаруының алғашқы қадамы дейді ұйымдастырушылар. Халықаралық «Әулиеата» әуежа­йы­ның қону алаңында жүк ұшағының қарсы алынуы салтанатынан кейін екі компанияның өкілдері жур­на­листер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

– Әуежайымыз Еуропа, Азия мемлекеттеріне жақын әуе кеңістігін байланыстырып отыр. Ал бүгінгі алғашқы әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалын жүзеге асыру Тараз ­әуе­жайының кешенінде ірі жүк ХАБ-ын құруға мүмкіндік береді. Бү­гінгі күні халықаралық деңгейде жүк та­сымалын ұйымдастыру және ло­гистика – ел экономикасының кү­­ретамырына айналуда. Сондықтан Жамбыл өңірінде жүк ХАБ-ының құ­рылуы ауылшаруашылық өнім­дерін, ет, тірі мал, сондай-ақ меди­ци­налық препараттар мен құрыл­ғылар, көлік бөлшектері, экзоти­ка­лық өнімдер, техника, электроника экспортын халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Ал осыдан үш жыл бұрын әуежайымыз күрделі жөндеуден өтіп, халықа­ралық талаптарға сай қайта жаңғыр­тылғаны өздеріңізге жақсы мәлім. Сондықтан бүгінгі күні ұшақтардың жолаушылар және жүк тасымалы бойынша барлық санатын қабыл­дауға әлеуетіміз жетеді. Бұл елі­міздегі жүк инфроқұрылымының дамуына себепші болады деген сенімдеміз, – дейді халықаралық «Әулиеата» әуежайы басқарма­сы­ның төрағасы Дәулет Хамзин.

Моңғолиялық әуе компаниясы бұл жолғы ұшу рейсін SCAT әуе ком­паниясымен бірлесе жүзеге асы­рып отыр. Ұшақ Тараз – Ұлан-Батор аралығындағы 4 500 ша­қырымды төрт сағатта жүріп өтеді. Тараз әуе­жайына 20 тонна жүк тасымалдау әлеуетіне ие. Бүгінгі күні «Әулиеата» әуежайының өкілдері жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жүргізіп, жам­был­дық бизнес өкілдерін әуе қатынасы арқылы тауар тасымалын ұйым­дастыру ісіне мейлінше көптеп тартып жатыр. Жақын күндері жамбылдық ет өндіруші агроқұ­ры­лымдар өкілдері осы әуе қатынасы арқылы ет экспорттауға тас-түйін дайын отыр.

 

Тараз қаласы