Валюта айырбастауға қатысты талап күшейеді

Валюта айырбастауға қатысты талап күшейеді

Елімізде валюта айырбастау орындарының жұмысына өзгерістер енгізілмек. Егер Ұлттық банктің ұсынысы қолдау тапса, алдағы уақытта шетелдік валютаны тек жұмыс уақытында ғана сатып алатын боламыз.

Көпшіліктің көңілі толмай отырған негізгі талаптарға тоқ­талсақ, біріншіден айырбас орындарының жұмыс уақытына шектеу қойылуы. Яғни, жұмыс уақыты 10:00 мен 19:00 аралы­ғында бекітілуі мүмкін. Қазір олар тәулік бойы жұмыс істей алады. Екіншіден, кассадағы есепші әрбір клиентке тек жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда ғана қызмет көрсете алады және оны міндетті түрде реестрге енгізіп отыруы қажет. Қазіргі таңда валюта са­тып алу барысында ешбір құжат талап етілмейді. Дау туғызған үшінші мәселе осы кәсіппен ай­налысып отырған тұлғаларға ті­келей байланысты. Мысалы, бү­гінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында айырбас орындарының жарғы­лық капиталы кем дегенде 30 мил­лион теңге, ал өзге қалаларда – 20 миллион теңге. Ал жаңа өзге­рістер күшіне енер болса, бұл сома 100 миллион теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ аталған бизнес иелері жарғылық капи­талдың 20 пайызын есепшотында сақтап отыруы тиіс. Егер бұл сома көрсетілген мөлшерден ке­місе, оны үш жұмыс күні ішінде қалпына келтіру қажет.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Галиева бұл талаптар елдегі терроризмді қар­жыландыру мен қылмыстық жол­мен келген табысты заңдас­тыруға қарсы жүйемен тікелей байланыстырып отыр.

– Қазақстан 10 жылдан астам уақыт бойы заңсыз жолмен кел­ген қаржының ізін жасыруға және терроризмді қаржылан­­дыруға қарсы күрес жүргізіп келеді. Қаржылық қызмет көрсететін барлық ұйымдар, оның ішінде айырбас орындары да қаржылай мониторингтен өтіп отырады. Қазақстан заңына сәйкес айырбас орын­дарына шетелдік валютаны са­тып алу, сату және айырбастау барысын­да түпкілікті тексеру мін­дет­телген, – дейді ол.

Қаржы реттеуші өкілінің айтуынша, халықаралық қауым­дастық бүгіннің өзінде терро­ризмді қаржыландыру және заңсыз ақшаның ізін жасырумен күреске қатысты барлық талаптар мен стандарттарды күшейткен. Қазіргі таңда ақша айырбастауға келген клиенттің жеке мәліметтері барлық елдерде тіркеліп отыратын көрінеді. Тіпті кейбір елдерде әр азаматқа бекітілген шектік меже де бар. Бірақ халықаралық талаптар кү­шейе түскендіктен, Еуропа ел­дері, Қытай мен Монако, Лих­тен­штейн мен Аргентина да шек­тік межеден бас тартты. Өйт­кені жеке мәліметтерін көр­сет­песе, клиенттер қолындағы қаражатын тәулігіне бірнеше рет бөліп ауыстыра беруі мүмкін.

– Ал жарғылық капиталдың минималды мөлшерінің жоға­рылауына келер болсақ, бұл ха­лықтың сұранысы артқан ­жағ­дайда, қолма-қол шетелдік ва­лю­таның дефицитін бол­дырмау мақ­сатында қойылған талап бо­ла­тын, – деп түсіндіреді Д.Галиева.

Ресми деректерге сүйенсек, бұған дейін де айырбас орын­дарының капитализациясының минималды мөлшерлемесі жо­ғарылаған. Бас банк өкілі бұл шетелдік валютаның айырбас көлемін керісінше көбейтті дейді.

– Мысалы, 2018 жылдың қаң­тарында банктік емес айыр­бас орындарының жарғылық капиталының минималды мөл­шері 6 есеге көбейіп, 30 миллион теңге болған еді. Артынша сол жылдың қаңтар-наурызы ара­лығында шетелдік валютаның айырбас көлемі 39 млрд теңгеге ұлғайды. Нарықта бірігулер бо­лып, сапалы бәсекеге жол ашыл­ды. Ал жұмыс уақытына қатысты өзгерістерге келер болсақ, мұн­дай режим Италия, БАӘ, Тай­ланд, Польша және басқа да ел­дерде айырбас орындары тек күндізгі уақытта жұмыс істейді. Бұл аталған орындардың ғана емес, халықтың да қауіпсізді­гіне тікелей қатысты, – дейді Д.Галиева.

Осы аптада айырбастау пункт­терінде америкалық валюта 390 теңгеге дейін са­тыл­ды. Са­рапшылар жаңа өзгерістер қол­дау тапса, пайда үшін валюта айырбастайтын орындар қызмет ақысын қымбаттатуы мүмкін екенін айтады. Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, қазір айыр­бас орындағы маржа 2-3 теңге, бұл 20 теңгеге де жетуі мүмкін. Одан бөлек, жарғылық капи­талдың минималды мөлшері жоғарыласа нарықтағы шағын және орта бизнес бәсекеге төтеп бере алмай, тек алпауыттар ғана қалуы мүмкін. Олар да болса бөлімшелерін қысқартады. Са­рапшы мұндай жағдайда кі­шігірім қалалардағы қара­пайым халық зардап шегуі мүмкін дегенді алға тартқан.

Ал экономист Олжас Тулеев Ұлттық банк бұл өзгерістер ар­қылы ұлттық валютаның курсын өз бақылауында ұстауға мүм­кіндік алады деген пікірде. Бұған осы жылдың бірінші тоқса­нын­дағы елдегі капиталдың сыртқа ағылуы сеп болуы мүмкін екен. «Ұлттық банктің саясаты мен қызметіне деген халық сенімі төмен екенін осыдан көруге бо­лады... Мұның бәрі оңай шеші­летін мәселе емес. Ал реттеуші нарыққа сай кешенді өзгерістер енгізудің орнына, темірден қамал тұрғызып жатқандай», – дейді ол.


Кәмила ДҮЙСЕН