Мейрамхан Жәпек, «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы Астана бюросының жетекшісі: Ана мен баланы қорғауды көздейтін жол картасы қабылданады
Мейрамхан Жәпек,  «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы  Астана бюросының жетекшісі: Ана мен баланы қорғауды көздейтін жол картасы қабылданады
486
оқылды

– Мейрамхан Сағынқызы, жыл басында болған қайғылы оқиғадан кейін елімізде көпбалалы, аз қам­тылған және науқас бала бағып отырған аналар мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйымдар күрт көбейді. Солардың бірі – «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы. Азаматтық қоғам­ның дамуы үшін мұндай инсти­тут­тар керек-ақ. Олай болса, «Ақ­жү­ніс» ерікті аналар қоғамы құрыл­ғалы қандай жұмыс атқарылды?

– Дұрыс айтасыз, «Ақжүніс» ерік­ті аналар қоғамы осы жылдың ақпан айының басында респуб­ликамыздың барлық өңірінде стихиялық түрде құрылды. Алайда елордалық бө­лімшенің өзгешелік­тері болды. Біріншіден, мұнда республикалық бұқаралық ақпа­рат құралдары редакцияларында қызмет атқа­рып жүрген көпба­лалы журналист аналар көмек қо­лын созды. Екіншіден, көпба­лалы аналарға, мүгедек бала ба­ғып отыр­ған, асы­раушысынан айы­­рылған, толық емес отбасы­лар­ға пайдалы ақ­паратпен, ресми ақпаратпен бөлісуді жөн көрдік.

Ең алғашқы қадам әлеуметтік желі арқылы «Ақжүніс» қоғамы Астана бюросының жұмысы бас­талғанын хабарладық. Аналар лек-легімен күндіз-түні хабарлан­дыруда көрсетілген ұялы теле­фонға хабарласып жатты. Бірден WһatsApp мессенджерінде «Ақ­жүніс-Астана» чаттарын аштық, оларға тіркелген аналардың (ара­сында әкелер де бар) саны бес мыңнан асып кетті.

Сонымен қатар біз мәліметтер базасын жасақтадық, онда көмек сұрап қайырылған аналардың аты-жөні, мекенжайы, әлеуметтік ста­тусы, сонымен қоса қандай мә­се­лесі бар соны тіркедік. Же­келеген арыздарын қабылдадық. Шама­мен бір ғана елорда бо­йын­ша ал­ты мыңға жуық ананың кө­кейінде жүрген мәселені қа­ғазға түсірт­кі­зіп, арыз-шағым­дарын Пре­зидент кеңсесіне апа­рып тап­сырдық. Күн сайын WһatsApp мес­­сенджері ар­қылы аналары­мыз­дың мұң-зарын тың­дап, жеке са­уалдарына жауап бер­дік, әлі де диа­лог тоқтаған жоқ.­ Сәуір айынан бастап атаулы ­әлеу­меттік көмек (АӘК) беріледі дегенге дейін АӘК туралы жан жақты хабардар бол­дық. Яғни, АӘК кімдерге беріледі, қандай құ­жаттар керек, мерзімдері қан­дай, құжаттарды қайда барып тапсыруға болады, мекенжайлары қайда деген сұрақтарға жауап іздедік. Өзім бастап қаламыздағы еңбекпен қамту орталықтарына барып АӘК беруге дайындық барысын қадағаладық. Аналарға ұялы телефон арқылы хабарлама жіберіп, мемлекеттік мекеме­лер­дің орналасқан жері, телефон­дары, жауапты адамдар, былайша айтқанда, анықтама бюросының қызметіне білек сыбана кірістім. Аналар арасында АӘК қолже­тімділік бойынша сауалнама жүргізілді, екінші деңгейлі банк­терге барып аналардың алған не­сие мөлшері, төлем мерзімдерін ұзарту туралы ақпараттар жина­дық. Nur Otan партиясының ғи­маратында өткен ресми жиын­дарға қатысып, әлеуметтік сала­дағы қордаланған мәселелерді аналардың өз аузынан естідім. Ендігі жерде мәселелерді топтай келе ортақ мәселені анықтау керегін түсін­дім. Себебі, қалада тұрып жатқан аналардың негізгі мәселесі баланы балабақшаға орналас­тыру, тұрғын үйге кезекке тұру, жұмысқа орналасу, денсау­лығын ретке келтіру, яғни бұлар – қала­ның әкімі ше­шетін мәселе.

Республикамыздың әр түпкі­рінде тұрып жатқан «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамының әкім­шілерімен ақылдаса келе ортақ мә­селені алға шығарсақ, сол мәселені билікке жеткізсек деген ой келді.

Бұл, бірінші кезекте, заң­на­ма­ға (Неке және отбасы туралы ко­декске, Тұрғын үй қатынас­тары туралы заңға, АӘК туралы және т.б.заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еді. Біздің тұрғын үй қаты­настары туралы заңда үй кезегіне тұру үшін төрт баласы бар, бірақ төрт баласының кәмелетке жасы толмаған болуы керек. Елестетіп көріңізші, баласы кәмелетке тола салысымен баланың үй алуға мүмкіндігі бола ма? Сон­дықтан біз мұндай пунктті алып тастау керек немесе кәмелеттік жастың мөлшерін ұлғайту керек деген ұсыныс айттық. Нәти­жесінде, қазір көпбалалы ана баласының ЖОО оқитыны ту­ралы анықтама алып барып бер­се, жасы жиырма үшке дейін балалардың жәрде­мақысын алып тұрады (баласы жиыр­­ма үш жасқа дейін ЖОО-да күндізге бө­лімде оқитын болса).

Сонымен қатар аналардың 2017 жылдан бері тоқтап қалған көк кітапшаларын қайтарттық. Әрине, көк кітапшаны көп аналар «менсінбейді», себебі кітапша бе­­рілгенімен (он мың бес жүз тең­ге) жәрдемақысы жоқ. Дегенмен қа­лалық жердегі жекеменшік, мемлекеттік құрылымдарды осы кітапшаның пайдасын көрдік деген аналар көп.

АӘК есептеу кезінде спорттық жарыстардан, халықаралық пән­дік олимпиадалардан түскен қаражат табыс көзі ретінде са­нал­мауына биліктің көзін жеткіздік. Атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы уақыттарда да шешімін табатындары жетерлік.

– Бүгіндері қоғамдық ұйым өкілі ретінде мемлекеттік меке­мелермен жұмыс істеп жүрсіз, әкімдер аналар құқын қор­ғаушы ұйымдармен диалогқа қаншалықты дайын екен?

– Екі­жақты байланыс орна­тылмаған. Қала, аудан әкімдері аналардың базынасын тыңда­ма­ғандықтан, олар амалдың жоқ­тығынан ми­нистрліктерге ба­рады. Ал шындап қарайтын болсақ, аналар айтқан мәселелерді қаланың немесе ауданның әкімі оңай шешіп тастауы керек. Мы­салы, балабақ­шаға орналасу мәселесін министр қарамайды. Тіс емдету үшін ми­нистрлікке бармайсыз ғой, сол сияқты.

Қ.Тоқаевтың президенттік қыз­метке кіріскеннен кейінгі екінші аптасында шығарған Жарлығына аналар дән риза.

Ауыл­да жұмыс жоқтығы сал­да­рынан қаншама отбасы үй-жайын тастап, күнкөріс қамы­мен аста­наға ағылады. Келген бетте дайын тұрған үй қайда, жалдауға пәтер ақысы қымбат. Амалсыз жертө­леде, вагонда немесе сая­жайда тұруға қорықпай барады. Енді олар қалалық ата­нып тіркелейін десе, ешкім тіркеуге алмайды, ақысын төлеп тұрғандар міндетті түрде алаяқ­тарға тап болады. Ол туралы сіз­дер – «Айқын» газеті көп жазды. Адам­дардың санасын шарасыз­дық жайлап, осыдан соң ашыну, өмірге түңілу басталады.

– Президент өмірлік қиын жағ­дайда қалған көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың несие қарызының бір бөлігін кешіру туралы шешім қабылдады. Бұл шара аталған топтағы адамдардың несие мәселесін шеше ала ма?

– Несиені кешіру ел Прези­дентінің халыққа жасаған жақсы қадамы деп білемін. Ежелден «халық қаласа, хан түйесін сояды» деген аталы сөз бар емес пе еді? Қ.Тоқаевтың президенттік қыз­метке кіріскеннен кейінгі екінші аптасында шығарған Жарлығына аналар дән риза. Несиені кешіру туралы Жарлыққа қол қоймастан бұрын біз зерттеулер жүргізіп, несиесінің үстемақысы өсіп кет­кендіктен қиын жағдайға тап болған өңірлерде тұрып жатқан аналарды тізімге алдық, олардың саны аз емес екен. Әрбір алынған несиенің тарихымен таныстық. Жүрек сыздататын оқиғалардың куәсі болдық. Банктен жеке кәсіп ашамын деп үш миллион теңге несие алып келе жатқан сегіз баласы бар ерлі-зайыптылар жол апатына түсіп, ері қаза болып, әйелі аурухананың жансақтау бөлімінде жарты жылдан астам уақыт жатып, емделеді. Алынған несие кәсіп ашуға емес ананың денсаулығы мен тағдырдың сы­нағына тап болған кәмелетке жасы толмаған балалардың күн­көрісіне жұмсалады. Арада бес жылдан астам уақыт өткенде не­сие қарызы бес миллионнан асып кетеді. Тағы бір мысалға он­ко­логиялық дертке шалдыққан бүлдіршінін өлімге қимай, қалай­да аман алып қаламын деген ананы алсақ болады. Ол несие алып, баласын Кореяға апарады. Сондағы дәрігерлер баланы емдеп, аяққа тұрғызады. Банктен алған несие қарызы (өсімі) өсіп кетеді. Ол ана қарызды әлі де төлеп келеді. Дегенмен мемлекет қандай да бір қолдау білдірсе деп үміттенеді. Шынтуайтына келген­де, бұл ананың баласы үшін жаса­ғаны ерлікпен пара пар. Мұндай мысалдар жетерлік.

– Соңғы кезде көпбалалы немесе баласы сырқат әйелдердің әкімдікке баруы жиіледі. Бұл олар­дың мәселесі шешілмей жатқанын білдірмей ме?

– Әрбір ананың, от­басының амандығы бәрінен де жоғары тұруы керек. Мен мәсе­ле­ні заң аясында шешуге бола­тын­дығына көзім анық жеткен­діктен, бір де бір анаға «ақыл» айтқан емес­пін, айт­паймын да. Аналардың талап­тары­ орындалып жатыр, рет-ре­тімен шешімін тауып жатыр.

– Бірер күн бұрын астаналық шенеуніктің «астаналық аналар мәселемізді шешпесеңдер, әлеу­меттік желі чатындағы әйелдерді алаңға алып шығамыз деп қоқан-лоқы жасайды» деген мазмұндағы сұхбаты жария болды. Бұл орайда, «Ақжүністің» ұстанымы туралы не айтасыз?

– «Ақжүністің» әлеуметтік же­лілердегі чаттарында қатаң тәртіп орнаған. Мұнда чаттың әкімшілері ғана жазады. Егер ұсыныс пікір­лер болып жатса, аналар жекеге шығады. Жекеге жазылған әрбір хабарлама біздің жіті наза­рымызда.

– Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрлігінің жанындағы көп­балалы және аз қамтылған от­басылар мәселесін шешу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі екеніңізді білеміз. Жұмыс тобының халықты қуантар жаңалығы бар ма?

– Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі жанын­дағы жұмыс тобында сонау ақпан­нан бері қыруар жұмыс атқа­рыл­ды. Жаңалық көп, таяуда ел хал­қы­ның тұрмысын жақсарту мақ­са­тында «Бақытты ана, Бақытты бала, Бақытты отбасы, Бақытты ел» атты жүз қырық сегіз пункттен тұратын Жол картасы қабылда­нады деп күтіп отырмыз. Жол картасында аналар үшін көптеген игілікті нығметтер бар. Онда ана мен баланы қорғауға бағытталған шаралар тізбектелген.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ