XIX ғасырда Ресей империясы өзіне қарайтын жерлерде тұратын басқа халықтарды орыс ұлтына интеграциялау, ассимиляциялау, христиан мәдениетіне жақындату үшін оларды Православие шіркеуі арқылы шоқындыру процесімен орыстандыру саясатын жүргізіп отырды және сол мақсатта жүйелі түрде жұмыс істегені тарихта мәлім.
1828 жылғы Синод (дінбасылар жиыны) шығарған қаулы былай дейді «…в тех частях государства, где народы, не познавшие христианства или по обращении не довольно в оном утвержденные и наставленные, учреждать особых миссионеров». Қазақ даласында қарапайым халық пен молла, ишандар шоқындыруға, орыстандыруға қалай қарсы тұрғанын сол православ миссионерлерінің баяндамасынан көрінеді: «Родные и ближние магометанской среды употребляют все способы не допустить своих членов к принятию святого крещения, пускают в ход хитрость, наглое насилие и мщение».
Шоқынған қазақтар өз ұлтымыздың тарапынан қатты қуғындауға ұшыраған, тіпті өлтірілген. 1869 жылғы Қарқаралы уездік билер съезінде бұрынғы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының ұсынысымен шоқынған қандастарды қазақтың әдет-ғұрып заңдарынан тыс деп жариялаған, яғни қазақ санатынан шығарып тастаған, олар өлтірілсе, құн талап етілмеген (З.Е.Кабульдинов. Об усилении миссионерской политики царизма в Казахстане в 80-е годы XIX века. «Отан тарихы» ғылыми журналы, 2017, №3 саны, 8-бет).
Науан Хазірет (Наурызбай Таласов), Мұхамеджан Бекішев, Шаймерден Қосшығұлов және Смағұл Балжановтардың қазақты шоқындыруға арналған патша үкіметінің саясатына қарсы қозғалысы, олардың Садуақас Шорманов пен Абайға жазған хаты тарихымызда белгілі.
Ал енді осы шоқындыруға қарсы күресте Абайдың қандай рөлі болды деген сұраққа хакімнің 25-қара сөзі мен миссионер Сергеймен (Сергий) кездесуінен байқап көруге болады.
25-қара сөз: ...«Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын?»
Хакім бұл айтылғандарды неге «жаман сөз», «Құдайдан қорықпай», «пендеден ұялмай» дейді? Өйткені «Басқа шаш, ауызға мұрт қою» шоқынғандықтың белгісі болатын, яғни қазақтың баласы оқыса да, шоқынып кететін болса, одан не қайыр деп отыр хакім. «...Другой миссионер Сергий (Петров), который в 1893 г. описывает случай крещения молодого казаха Акына Джанталасова, жившего в Убинской станице на Иртыше. «Любопытно, – пишет миссионер, – все желающие креститься начинают с того, что отращивают себе волосы, желая походить на русского. Так сделал и Акын Джанталасов. Родичи заметили эту ересь и насильно обрили ему голову: четыре человека держали его, а торгующий в Убинском татарин брил голову» (С.Е.Андриенко, История Преображенского стана Киргизской Духовной миссии).
Иә, бұл ақын Көкбай Жанатайұлының «Абай туралы естелігіндегі» Абаймен кездесетін архимандрит Сергийдің жазбасынан. «Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса сөйлесемін» деп Көкбай жазғандай «Қазақ миссиясының» мақсаты қазақтарды шоқындыру болса, ең алдымен, үлкен моллалардың, ишандардың білім деңгейін біліп, әуелі соларды құрықтаса, тұқыртса, қалың бұқараның шоқындыру жеңіл болатынын миссионерлер өте жақсы білді.
Миссионер Сергий кім еді? Бірінші Қазақ (Қырғыз) Православиялық миссиясының басшысы, архимандрит, кейін епископ, Сергий (Петров). Қазақ миссиясы өз тарихын Алтай миссиясынан бастайды. Тобол архиепископы Евгенийдің ұсынысымен қазақтар мен алтай қалмақтарын шоқындыру мақсатында Алтай миссиясы 1830 жылы құрылған. XIX ғасырдың 80-жылдарына дейін қазақ даласындағы діни миссия Алтайдан басқарылған. Н.Тальберг «История Русской Церкви» кітабында (Jordanville, 1959. (репр. изд. Свято-Успенского Псково-Печерского монастыря, 1994. – С. 766.) жазады: «В 1882 г. из Алтайской миссии была выделена новая миссия Киргизская, с центром в Семипалатинске». Священник Борис Герасимов «Старинные церкви на территории Семипалатинской области» деген мақаласында 1895-1898 жылдары Қазақ миссиясының алғашқы басшысы архимандрит Сергий (Петров) болды деген.
Өз аты – Петров Степан. 1864 жылы 30 қаңтарда Дон облысы Ақсай стансасында туған. 1878 жылы Новочеркасск діни училищесін, 1885 жылы Дон діни семинариясын, 1890 жылы Мәскеу университетінің Тарих-филология факультетін бітірген.
Қазан діни академиясындағы миссионерлік курс дәрістерін тыңдағаннан кейін Алтай діни миссиясының қызметкері болған.
1892 жылы монахтыққа өтіп, Сергий деген лақап ат алған, сол жылы 7 қарашада иеромонах деген санға (діни лауазым) өткен және Қазақ діни миссиясының бастығының көмекшісі болған. 1891-1898 жылдары Қазақ миссиясында қызмет еткен: иеромонах, басшы көмекшісі және архимандрит санында миссия басшысы болған.
12 ақпан 1899 жылы Бийск епископы, Томск епархиясы викариі. Викарий – православ шіркеуіндегі епархия басқаратын епископтың көмекшісі немесе орынбасары.
1901 жылдың 20 қаңтарынан – Омбы және Семей епископы. Омбы епархиясы 1895 жылы құрылған. Оған Семей өлкесі, Ақмола облысы, Томск пен Тобол губерниясының кейбір жерлері кірген. Епископ Сергий епископ Григорийдан (Полетаев) кейін екінші Омбы архиерейі болған.
1903 жылғы 6 қыркүйектен Ковенск епископы, Литва епархиясының викариі. 1907 жылғы 25 қыркүйектен Новомиргородск епископы, Херсон епархиясының викариі. 1913 жылғы 22 желтоқсаннан Сухуми епископы.
1917-1918 годах – Мәскеудегі Поместный соборы мүшесі.
1919 жылдан Қара теңіз және Новороссийск епископы.
Эмиграцияда Стамбұл, кейінірек Югославияда болды. 1935 жылы 24 қаңтарда Привина Глава деген Сербия монастырында қайтыс болған.
1899-1904 жылдары орыс жазушысы А.Чеховпен хат алысып, кейінірек кездесіп араласып тұрған, жазушының «Архиерей» деген әңгімесін жазуға шабыттандырған. А.Чеховтың туған інісі Михаил Чеховтың естелігінде бұл әңгімедегі бас кейіпкердің прообразы Степан Петров – Сергий болған, Мәскеу университетінің Филология факультетінде оқып жүріп, аяқ астынан монах болған, кейін беделді дін уағыздаушысына айналған.1897 жылдар – Абайдың толық кемеліне жеткен уақыты, дінді де, философияны да меңгерген шағы. Хакімнің «Ескендір» поэмасының сюжеті Тәураттан алғанын академик Сейіт Қасқабасов дәлелдеп жазғанын білеміз. Соған қарап, Абайдың Құраннан бұрын түскен Тәурат, Забур, Інжілдермен жақсы таныс болғаны осы миссионер Сергиймен дін айтысынан жығылмай шығуы да дәлел, сонымен қоса, артынан дүниелік ғылым таласынан да Абай есе жібермегенге ұқсайды.
Семейде Қазақ миссиясының құжаттары сақталмаған. Шіркеу қызметкерлерінің өздерінің ісіне ұқыптылықпен қарайтынын ескере отырып, епископ Сергийдің Абаймен әңгімесі хатталып, протоколданып, Омбы шіркеу архивтерінен табылып қалуы мүмкін деген ой да қылаң береді.
Сәдуақас қажы Ғылманидың «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабында Абай хакімнің христиан миссионеріне жауабы келтірілген.
Бұл дерек ҚМДБ ресми сайтында Оразбек Сапарханның «Абайдың христиан миссионеріне жауабы» деген жазбасында тұр.
Уақиға Сәдуақас қажы Ғылманидың «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» кітабының қолжазбасының 97-бетінде «Жерді көтеріп тұрған көк өгіз» деген бөлімінде баяндалады. Ол уақиға былай: Ресей патшалығы тұсында, шамасы 1860 жылдарда (дұрысы 1897 жыл, С.Ы.) патша жанынан мұсылмандармен, оның ішінде қазақпен дін жайында айтысып, правславный дінге тартып шоқындырмақ болып, Семей қаласына миссионердің бастығы келеді. Келген Семей қаласында он екі мешіт болатын. Он екісін де жаптырып бекіттіреді. «Кімде-кім менің сұрағыма ақыл-қанағат қылатындай жауап берсе ғана ашатын болады». Мұсылмандардың ғалымдары ақылдасып, бұған жауап беретін Құнанбаев Ибраһим, одан басқа жауап бере алмайды деп ат шаптырып, Абайды алдырады. Ол келіп танысып, білісіп ақырында жауап беретін болып договор жасасып, мұсылман жағынан Абай мен үш кісі, христиан жағынан жиырмаға тарта адамдар болады. Абай жағындағы Әріп ақын (Тәңірбергенов, ақын, тілмаш, дінтанушы – С.Ы.), татардың бір адамы. Жұрттың сөйлесуден қорқуы патшалық заңы бойынша қарсы болған адамды миссионер жер аударуға праволы дегеннен қорқысқан болуы керек. Миссионер мен Абай ортасында переговор: екі жағы да ойлағанын айтуға праволы, ақылға қонымды болған сөзді мақұлдауға, екі жақтың отырғаны сөз қоспауға, жауап түзу берілсе мешітті ашып беруге, сол сықылдыларға жасасқан. Көп сұрақ болса керек, бірақ содан екі сұрақ оның жауабы ғана айтылады. Бірінші сұрақ. Миссионер: «Құдай қаһар қылса, бар халықты (бар халықты – бар халақаны – барлық жаратылыс деген мағынада, бүгінгі ғылым «Сингулярлық нүкте», ғаламның бір нүктенің жарылуынан жаралуын айтады және түбінде бір нүктеге қайтадан сығылуы, С.Ы.) тарының қауызына сыйғызады дейді. Осы ақылға сыя ма?» Абай: «Сыяды. Оған мысал, адам далаға шығып, көзін жан-жаққа салса, барлығын көреді. Әрине, соның бәрін көрген көздің титтей бір жанары. Махлұқ көзінің жанары соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Құдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай» депті. Екінші сұрақ. Зұлқарнайын күннің жерге кіргенін көрді. Күн жерден әлде неше есе үлкен. Ол қалай? Кірді деу ақылға сыя ма? Абай: «Құран деп батар көрді деді, болса жерге кірген деуге сыяды. Міне, қараңызшы, күн қай жерден батты десе, біз айтпаймыз ба, ана Семей таудың ар жағына батты» дейміз. Сол сияқты айтылған сөз» дегенде, «Бұл да ақылға сиятын сөз» деп миссионер қабылдапты. Сол сөзді өзі оқыған адам бола тұрып автор сасық қара балшыққа батты деуі үстірт сөз екені анық. Ендеше, Құранды мінеу орынсыз. Түзу мәні бере алмаған кісіні мінеу керек. Ал Зұлқарнайын – мұсылман. Сол мұсылман ішінде пайғамбар деп, кейбіреулер әулие деп кейбіреулер талас қылады. Өзі – Ибраһим пайғамбар тұсында болған адам. Жыл санаудан екі мың жылдан артық уақытта өмір сүрген адам. Оны Ескендір Македони деушілер болса да, ол тіпті дұрыс емес. Оның аты Әбу Кәріб Шәміс Ғамири деген Йеменнен шыққан адам. Ескендір Македони заманынан қанша ұзақ бұрын болған. Жалғыз-ақ сондай ұзақ шығыс батысқа барғаннан, екі шетке барды деп Зұлқарнайын аталған. Және Ескендір Македони Арасту (Аристотель, С.Ы.) мәзһабында, бұл кісі – мұсылман. Жүрген жерлері шығыс-батыс дегеннен басқа айтылмаған. Жалғыз-ақ екі тау арасын бекітуі анық. Ол қай тау? Көбірек ғалымдар Қапқаз дейді».
Бүкіл қазақ даласын аузына қаратқан дуалы ауыз, абыз ақсақалдың келтірген деректері қисынсыз деп айта алмаймыз. Себебі, бұл туралы хакімнің қасында ширек ғасыр бірге жүрген Көкбай Жанатайұлы өз естеліктерінде де қысқаша баян етеді. Онда Көкбай келген миссионердің атының Сергей екенін, жауаптасарлық адам іздегенде тамам халықтың «Абайды сайлап шығарып, Сергейден жеңілмей өз дінінің абиұрын аман сақтап шығуына мешітке жиылып мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жіберткенін» айта келіп, өз жадында қалған естелікті былай жеткізеді: «Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін.
Абай барғанда Сергей де дін жайында талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын толық білмеймін. Бірақ артынан Абайдың өзіміз сұрағанда азын-аулақ айтқаны: Сергей: «Мұсылман дінінде Құдай – күш иесі, қорқытушы. Сондықтан Құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты» деді. Оған мен: «Біздің Құдай, «Рахман, Рахим» қуат иесі ғана емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты әке мен баланың арасы сияқты, әке, сүюші ие» дедім дейді. Абайдың осы Сергеймен сөйлескен сөздерін кейінгі уақытта қаланың жатақтары мен шала молдалары ертек қылып әкетті. Соның ішінде Сергей «үй» депті, Абай «бүй» депті деген талай ұйқасты, ұйқассыз сөздер толып жатыр. Бірақ мұның бірде-бірін Абайдың өз аузынан естігеніміз жоқ».
Әрине, миссионер Сергийдің жоғары білімді адам болғанын, тіпті Құраннан хабары болғанын, сол заманның озық ойлы Чехов сияқты жазушылармен араласып тұруынан оның осал адам емесін жоғарыдағы мәліметтерден байқап отырмыз. Сөйте тұра, жоғарыдағы сол деректерге сүйенсек, «сұрағыма жауап бере алмасаң, Семейдегі он екі мешітті жаптырам» деген зорлығын да көреміз. Ол заманда Семейдегі халық саны 15-20 мың орыс, қазақ, татар аралас тұрған. Омбыда 30-35 мың тұрғын болған. 1897 жылдар – Абайдың толық кемеліне жеткен уақыты, дінді де, философияны да меңгерген шағы. Хакімнің «Ескендір» поэмасының сюжеті Тәураттан алғанын академик Сейіт Қасқабасов дәлелдеп жазғанын білеміз. Соған қарап, Абайдың Құраннан бұрын түскен Тәурат, Забур, Інжілдермен жақсы таныс болғаны осы миссионер Сергиймен дін айтысынан жығылмай шығуы да дәлел, сонымен қоса, артынан дүниелік ғылым таласынан да Абай есе жібермегенге ұқсайды. Оған Мұхтар Әуезовтың мына сөзі куә: «Миссионер Сергей поппен мәжілісі жарасып, кең әңгімелеседі». Көкбай естелігі: «...Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әрекідікте мұсылман дінінің ұсақ мәселелері туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей «Сендер, қойыңдар», Ыбырайым Құнанбаев сендердің тістерің бататын кісі емес» дейді.
Бұл кездесуден кейін мешіттер жабылды деген дерек жоқ. Сонымен қатар бір тарап жеңді, иә жеңілді дейтіндей о бастағы теңдік жоқ. Архимандрит Сергий діни адам болса да, билеуші Ресей империясының қолында күші бар ресми өкілі, бірақ хакімнің миссионерді мойындатқаны шындық. Мұндай теңсіздік жағдайда ол жеңіспен пара-пар…
Сұлтан ЫБЫРАЕВ