Болашақтың кілті – білімде
Болашақтың кілті – білімде
529
оқылды

Биыл 16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында «Келешекке – кемел біліммен!» атты республикалық тамыз кеңесі өтеді.

Жиында Назарбаев зияткерлік мектептері  білім берудің жаңартылған мазмұнына арналған шығармашылық алаң ұсынады. Көрмеде «Жаратылыстану» білім беру облысы бойынша жаңартылған білім беру стандарттарының негізгі тұжырымдамаларына негізделген оқытудың жаңашыл іс-тәсілдері практикалық жұмыстар арқылы көрсетіледі.

Бастауыш білім беру алаңында шеберлік сыныптарына қоса «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Balapan TV арнасымен бірлесіп әзірлеген «Жаратылыстану» пәні оқу бағдарламасында қарастырылатын зерттеу жұмыстары баяндалатын бейнефильмдер ұсынылады. Сонымен қатар, көрмеде 40 тәжірибе мен эксперименттердің сипаттамасы келтірілген практикалық жұмыстар жинақтармен танысуға болады.

Бұған қоса, көрме жұмысы барысында «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндерін ағылшын тілінде оқытуға арналған оқу материалдарының медиа-кітапханасы және БҰҰ халықтың қоныстану Фондымен  бірлесіп жүзеге асырылып жатқан оқушылардың репродукивті денсаулығы жайлы сұрақтарын жалпы білім беру мектептерінің оқу үрдісіне кіріктіру жобасы ұсынылады.

Мұнда педагогикалық шеберлік орталықтары тренерлерінің қатысуымен әдістемелік алаң құрылады. Бұл жерде 5-7 минут болатын тақырыптық шеберлік сыныптары өтеді.

Конференция аумағында оқу және ғылыми әдебиеттердің көрмесі болмақ. Мұнда кітап алғысы келетін жандарға бар мүмкіндік жасалған.

Пленарлық отырыс барысында еңбегімен көзге түскен мұғалімдер марапатталады.

Осы жылы 26 тамызда еліміздің барлық  өңіріндегі 30 пилоттық мектеп негізінде мұғалімдерге арналған тақырыптық алаңдар өткізіледі. Шараға орта мектептердің төртінші сынып мұғалімдері мен мектепке дейінгі сыныптардың 17 мыңға жуық ұстазын тарту жоспарланған. Қатысушылар Назарбаев зияткерлік мектептерінің үздік оқытушылары және облыстық педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері ұйымдастырған тақырыптық секцияларға бара алады. Секциялық сабақтардың жұмысы барысында мұғалімдер жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламаларының ерекшеліктерімен, инновациялық формаларымен және мазмұнды жаңарту жағдайында оқу процесін ұйымдастырудың тәсілдерімен танысады.

Сондай-ақ, 2019 жылдың 27 тамызында Назарбаев зияткерлік мектептері базасында аймақтық конференциялар ұйымдастырылады. Оған орта мектептердегі 9-10 сыныптардың 14 мыңнан астам мұғалімі қатысады. Конференцияда ұстаздар жаңартылған білім беру бағдарламасы аясындағы оқу жоспарларының ерекшеліктерін қарастырады. Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері қатысушаларға оқушыларды оқытудың жаңа әдістері мен заманауи оқыту формаларымен таныстыратын шеберлік сағаттарын ұйымдастырады.