Әйелді қорлау азаймай тұр
Әйелді қорлау азаймай тұр
©Сурет интернеттен алынды
589
оқылды
– Карантин кезінде елімізде отбасылық кикілжің көбейіп, зорлық-зомбылық еселене түскендей. Осы жағынан өсімнің бар-жоғы орталығыңызға байқалды ма? – Осы аралықта біздің мемлекеттік дағдарыс орталығына 57 адам түсті. Басым көпшілігі – балалы аналар. Сондықтан оның 35-і бала. Қазір халықтың үй қамауында жатқанына нешінші айға кетіп барады. Сол арада үй ішіндегі тұрмыстық мәселелер шешімін таппай, жиналуда. Соның кесірінен ерлі-зайыптының арасында ұрыс-керіс шығып, айқай-шуға ұласып, қол көтеруге дейін барып жатады. центрБіріншіден, ондай жағдайға түспеуге адамдар үйретілмеген. Екіншіден, елдегі әлеуметтік экономикалық ахуалдың да әсері бар. Иә, осы жолғы карантинде отбасылық зорлық-зомбылық болатыны белгілі еді. Бірақ мұндай өсім болады деп ешкім күтпеді. Көп адамның жұмыссыз қалуы, табысы болмай, көк тиынсыз қалуы, тұрмыстың нашарлауы – ахуалды қиындата түсті.
Бұл жағдай ең әуелі үйдегі жандар мен жақындардың қарым-қатынасына әсер етті. Себебі, адам іштегі жиналған эмоциясын тек жақынына шығара алады. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Мәселен, балалар мен жастардың сенім телефонына наурыз айында – 199 қоңырау түссе, мамыр айында 500-ден асып кетті. Шыны керек, қазір адамдар бірін-бірі тыңдаудан, сөйлесуден қалды. Өздері не кішіреюді, не дер кезінде қоя салуды білмейді. Осыдан-ақ өсімнің қандай екенін байқауға болады.
центр– Күйеуінен зәбір көріп, таяқ жеген қыз-келіншектер өзін-өзі қалай қорғай алады. Не істеуі керек? – Күйеуінен зәбір көріп, әлімжеттігіне көндіккен жандарға айтарым: бастысы – ол адамнан қорықпау керек. Біздегі қыз-келіншектің көбісі басына әңгір таяқ ойнататын адамнан гөрі «елдің алдында ұятты болам, ағайын-туғанның алдында масқарам шығады» деген менталитеттен қорқып, шыдап жүре береді. Оның шет-шегі көрінбейді. Адам қорқып, үрейленген сайын өзіне соны тарта береді. Сондықтан да жапа шегушінің шыдаған сайын жәбірлей түсіп, қинағанын тоқтатпайды. Ондай адаммен бір үйде тұрғанның өзі қауіпті. Ал қорлықты, зәбірлікті тоқтату – әр адамның өз қолында.
Сол үшін полицияға немесе 150 номіріне хабарласып, жағдайдың мән-жайын түсінідіріп айтып берген дұрыс. Адамға баруға ұялса, 8 708 106 08 10 нөміріне WhatsApp қосып қойдық. Қоңырау шала алмаса, осы нөмірге жазуына болады. Ары қарай арқылы полицияға хабарлаймыз. Осылай көп адамның арасына араша түскеніміз де бар. 150 нөміріне хабарласқан адамның аты-жөні құпияда сақталады. Тек баланың жағдайында құпиялылық жоқ. Ондайды бірден полицияға хабардар етеміз.
центр– Біздің менталитет – бәріне көндігу. Әсіресе, әйел адамдар көнбіс қой. Күйеуіне шағымданып, өзінің тағдырымен ашық айтып бөлісе қоймайды. Ондай қадамға барса да басым көпшілігі кешіріп, күйеуімен қайтадан қосылып жатады. Сіздер де сондай жағдай көп пе? – Күйеуінің үстіне арыз жазып, одан кетіп жататындар жоқ емес, бар. Арасында жолдасына жаны ашып, кешіріп, қайтадан қосылып жатады. Татуласу кезінде өте мейірімді, аңғал азаматтың уақыт өте бұрынғы қалпына түсетінін ескеру керек. Ендігіде оның ызасы еселене түседі. Ол әйеліне қол көтеріп қана қоймай, өлімше етіп сабап тастауы мүмкін.
Мысалы, біздің орталықтан кеткеннің 30 пайызы күйеуімен қайта қосылса, соның 12 пайызы тағы да таяқ жеп оралуда. Осыны тоқтату үшін арнайы курстар ұйымдастырып жатырмыз. Курстан өткен күйеуі өзінің кінәсін түсініп, отбасын сақтағысы келсе ғана жұптың қосылуы мүмкін. Кейбірі күйеуінен кетсе, ешкімге керек емес болып қаламын деген қорқыныш тағы бар. Зорлық-зомбылықсыз өмір сүруге болатынына көзі жеткенде өмірін қайтадан бастау қиын. Осындай мәселемен келген қыз-келіншектермен  психологтар сөйлесіп, өзін-өзі бағалауды үйренеді.
центрБірақ күйеуінің үстіне арыз жазып, шағымданудан көп әйел қашқақтайды. Жазса да «бетке басады» деп тоқтаусыз тексерістен шаршайды. Тіпті істі тергеп жүрген полицейдің өздері «балаларыңыздың әкесі, күйеуіңіздің үстіне шағымданудың керегі не?» деп басып қойып жатады. Көбісі көгала қойдай таяқ жесе де, қол-аяғын сындырса да шыдайды. Ондай қадамға барудың қажеті жоқ. Егер азаматың сыйламаса, арада бала болса да оған көндігу керек емес. Көрген зорлығын уақытында тоқтатпаса, арты шиелінісе түседі.
Әйел денсаулығын жоғалтады. Басында бас ауыра бастаған, арты инсультқа апарады. Ал ол зорлық баланың көзінше жасалса, баланың да психикасына әсер етеді. Бала әкесінен таяқ жемесе де, шешесінің қиналғанын көріп іштей тынады. Оның денсаулыққа кесірі бар. Ондай балалар көбіне энореске шалдығады. Енді бірі – кекештеніп сөйлесе, өзгесі бұтына жіберіп қоя беретін болады.
центр– Орталықтарыңызға адамдар түрлі жағдаймен келетіні белгілі. Соның ішінде тәжірибеңізде қандай қиын жағдайға куә болдыңыз? – Негізі әр жағдай өзінше қиын ғой. Менің 20 жылдық тәжірибемде  түрлі ситуация болды. Біздің орталыққа зәбір көретін қыз-келіншектер ғана емес, арасында балалар да, мүгедектер, қарттар да бар. Мысалы, орталықта қыздарынан қиянат көрген екі апа бар. Әкенің өз жасөспірім баласымен жыныстық қатынасқа түскенін түсінбеймін. Осы көрініс бүгінде кең жайылып кеткен. Отбасындағы ондай жағдайды  көп әйел білсе де жапсырып-жамап, ешкімге тіс жармайды. Мұндай әйелдер күйеуін  жоғалтып, отбасын ойрандағысы келмейді.
Тағы бір мәселе – көпбалалы әкенің жағдайы жағамды ұстатты. Ол келіншегін зорлап қана қоймай, жанын қинап, қатыгездікпен жыныстық қатынасқа түсуді ұнатады.  Балаларының анасын ұрып-соғып, оның қолы мен арқасын пышақпен тілгілейді. Не болмаса әйелінің үстіндегі жарасын қайтадан қазғылап, қопарғаннан ләззат алады. Осы жағдай балаларының көз алдында жасалады. Осындай кездерде әйелдерді тағы балаға жауапты екенін ұмытпауын сұраймыз.  
 width=– Орталықтың көмегіне зәбір көрген кез келген қыз-келіншек жүгіне ала ма? Оған қандай көмек көрсетіледі. Олар орталықта қанша уақыт бола алады? – Кез келген қыз-келіншек орталықтың көмегіне жүгіне алады. Бізде 50 шақты жатын орын бар. Былтырдың өзінде 310-дай адам тұрған болатын. Келушілер орталықта 6 айға дейін тұра алады. Сол аралықта олармен психолог та, юрист та жұмыс істейді. Біз олардың мәселесін 3-4 айда шешіп, аяқтарына тездетіп тұрып кетуіне көмектесеміз. Сондай жағдайдың бірі – Майгүлдің тағдыры. Оның айтуынша, (аты өзгертілген) тұрмысқа шыққаннан кейін алғашқы 7 жыл бақытты болған. Күйеуі қалай жұмыстан айырылды, отбасылық өмір де өзгеріп сала берді. Жолдасы ішімдікке құмартып, нақорлыққа салынды. соның салдарынан жолдасы қит етсе ашуланып, Майгүлге қол көтере бастайды. Ол балалары үшін бұған да көндіккен.
Бірде аяғы ауыр екеніне қарамай, өлімше етіп сабап, көкбауырын зақымдап жіберген. Соның салдарынан ол жатырындағы шақалақтан айырылды. 20-аптаға келген сәби шетінеді де кетті. Оның да, баланың да халін білуге күйеуі ауруханаға іздеп келмеді. Сол кезде Майгүл өзінің дене емес, жан жарақатын көргендей болды. Содан күйеуінен кетіп қалады. 7 баламен барар жері, басар тауы қалмаған соң, біздің орталыққа келді. ол жерде жан-жақы көмек алып, оқуын жалғастырып, жұмысқа тұрды. Қазір балаларымен бірге ата-анасының қолында бақытты өмір сұруде. Үш жылдың ішінде орталығымыздың 3 мыңнан аса адамға көмегі тиді.
центрБіздікі ғылыми-методикалық орталық болғандықтан, осы салада жұмыс істейтін басқа да орталықтармен тәжірибе алмасып, біліктілікті арттырудамыз. Елдегі отбасылық зорлық-зомбылық жағдайдың өзгеруіне атсалысып, қандай да бір ұсыныстарымды депутаттарға ұсынамыз. Мәселен, биылғы жылдан бері әйелін не болмаса жақын адамын қинап, күн көрсетпесе  сот шешімімен 10 тәулікке дейін  қамауға алынады. Бұл дегеніміз – қылмыстың жазасыз қалмауы. Әйтпесе, отбасылық зорлық-зомбылық жасағандар жазаға тартылмай келуде. центр  – Бұл орталықтың ашылғанына үш жыл болыпты. Оның құрылуына не себеп болды? – Өзім бұған дейін Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы жоғары оқу орнында политологиядан сабақ бердім. Сонымен бірге, қыздар арасында әлеуметтануды да жүргіздім. Бірде сабағымның бірі - отбасының әлеуметтік стратификациялау тақырыбында өтті. Сол кезден бастап көп қыздар жақын адаммен қарым-қатынасы немесе отбасылық жағдайы туралы кеңес сұрай бастады. Ол 1994 жыл еді. Соның арасында кездесіп жүрген жігіттері қыздарын ұрып-соғатын да, зорлайтын да. Міне, соларды қорғаумен болдым.
Сондай жағдайда бір полицей, аты-жөні есімде қалмады. Ол «бұдан былай маған келмеңіздер, сіз олардың ешкімі емессіз. Қорғаушысы да болмайсыз. Қорғағыңыз келсе заң жүзінде қоғам не ұйым құрып, соның атынан шағымданыңыз» деді. Сөйтіп, қыз-келіншектердің құқығын қорғайтын ұйым құрып, осы салада жүргеніме 25 жылдан асты. Мұндай ұйым Алматыда жоқ деуші едім, енді міне соны басқаруға шақырды. Жұмысымыз жүріп жатыр. Зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектердің тағдырын өзгертіп, аяғына тұруына көмектескенін көргенімде қуанамын.