Қазақстанда 2021 жылы бұрын-соңды болмаған антирекорд орнатылмақ: жастардың саны шамамен миллионға азайғалы тұр. Осының салдарынан еңбек нарығына жаңадан қосылатын білікті жұмыс күшінің ағыны да Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі межеге дейін құлдырайды.
Франция императоры, заманауи француз мемлекетінің негізін қалаушы Наполеон Бонапарттың: «Төл армиясын асырағысы келмейтін халық жуық арада бөтеннің әскерін асырауға мәжбүр болады» деген белгілі нақылына салсақ, ұлттық білікті кадрларын даярлап, ілгерілетпеген ел жатжұрттық жұмысшыларды асырауға мәжбүр болады.
Өзге елдерден жұмыс күшінің қаптап жеткізілуі қандай залал-зардапқа соқтыратынын бір білсе, қазақ біледі. Басқаны айтпағанда, ХХ ғасырдағы кеңес өкіметінің индустрияландыру, тың көтеру және басқа да науқандары барысында Қазақстанға негізінен, РСФСР, Украина, Белоруссия, Молдавиядан мамандар мен жұмысшылардың миллиондап әкелуі салдарынан тұрғылықты қазақ ұлты өз жерінде азшылыққа айналды. Егер ХІХ ғасырда, 1897 жылы Қазақстандағы қазақтардың үлесі 85%-дан асса, 1962 жылы қазақтар республика халқының үштен біріне де жетпей қалды (29%). Соның кесірінен мыңжылдықтар бойы елге ұстын болған қазақ тіліне, ұлттық әлеуметтік-мәдени институттарға, ұлысымыздың бүкіл тіршілік жүйесіне қатер төнді. 700-ден астам мектеп қазақша оқытуын тоқтатып, толығымен орысшаға көшірілді. Қалалардың көбінде жалғыз ғана қазақ мектебі қалды.
Келімсек жұмысшылардың қаптауы Қазақстандағы қылмыстық жағдайды нашарлатты. Мәселен, астанадағы Мемлекеттік архивте сақталған құжаттарда, атап айтқанда, құқық қорғау органдарының «Қылмыспен және қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күрестегі милиция органдары жұмысының жай-күйі туралы» есептерінде өткен ғасырдың ортасында еліміздегі тың көтеру жүргізілген аудандарда адам өлтіру, адам зорлау, қарақшылық, тонау, ұрлау секілді ауыр қылмыстардың еселеп саны артқаны айтылады.
Сарапшылардың пайымдауынша, өз елінде орын таппай, шетелге жұмыс іздеп шығушылар қатарында қолын қылмыспен арамдап, жазадан қашқандар да аз кездеспейді. Қаны қарайған қаскөйлер өздерінің бет-жүзін ешкім танымайтын ортада жасыруға тырысады. Оның үстіне жергілікті кадрлар орнына мигранттардың көбеюі, яғни ұлты мен тілі ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік деңгейі, білімі, мәдениеті, болмыс-менталитеті әртүрлі адамдардың бір жерде шоғырлануы ақыр соңында әрқилы тосын оқиғалардың, түсінбеушілік пен қақтығыстардың, дау-жанжалдар мен еңбек шиеленістерінің туындауына соқтырады.
– Кейінгі уақытта экономист ғалымдар елдің бәсекеге қабілеттілігін бағалау кезінде жер, еңбек, капитал секілді дәстүрлі өндіріс факторларын басшылыққа алудан аулақтауда. Себебі, ХХІ ғасырда мемлекеттің экономикалық әлеуетін және оның жылдам өзгеріп жатқан ахуалға тез бейімделе білу қабілетін адам капиталы, оның сапасы, еңбек ресурстарының белсенділігі, білім беру және кадр даярлау жүйелерінің ұтымдылығы айқындайды. Өнеркәсіптік өндірістің жаңғыруы, жаңа технологиялардың дамуы жұмыс күшінің сапасына деген талаптарды да арттырады. Сондықтан озық дамыған елдерде экономикалық белсенді халық құрылымында білікті жұмысшылар үлесі өте жоғары, – дейді белгілі экономист, сарапшы маман Зәуре Чуланова.
Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) сарапшыларының болжамына жүгінсек, таяу жылдары Қазақстанның еңбек нарығына жоғары білімі бар жастардың келуі ең төмен деңгейге дейін құлағалы тұр.
– 2021 жылдан бастап, 2023 жылға дейінгі кезеңде еңбек нарығына 22 жастағы білікті жұмыс күшінің қосылуы тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі деңгейге дейін құлдырайды. Бұған 1997-2002 жылдар аралығында елімізде бала туу көрсеткішінің аз болуы ықпал етпек. Өйткені 1990 жылдардың соңындағы қолайсыз экономикалық жағдайларға байланысты республика халқының саны айтарлықтай қысқарды. Мәселен, егер 1992 жылдың басында Қазақстанда 16 миллион 452 мың адам тұрса, ал 2002 жылдың басында елде небары 14 миллион 851 мың адам ғана қалды. Бұған эмиграция елеулі әсер етті: 1992-2002 жылдар аралығында республикадан тыс жерлерге шамамен 2,8 миллион адам көшіп кетті. Осы жылдары Қазақстанға 747 мыңдай адам ғана шетелден көшіп келген. Тиісінше, сол онжылдықта 2 миллион адамнан асатын көлемде теріс сальдо қалыптасты, – деп хабарлады ЕРДО.
Жергілікті жұмыс күшінің артуына отбасылар санының көбеюі қуатты қолдау болар еді. Өйткені отау құрғандар басым көпшілігінде сәби сүюге ұмтылады. Алайда Қазақстанда құрылған жаңа «шаңырақтардың» күйреуі, ажырасулар санының ұлғаюы сыртында, кейбір жылдары жаңа некелер саны да күрт кеміп отырған.
Нақтылай кетсек, мысалға, 1999 жылы некелердің саны ел тарихындағы минимумға – 85,9 мың рәсімге дейін қысқарды. Бұл онжылдықтың басына қарағанда екі есе аз: 1991 жылы 165,5 мың қазақстандық некеге отырған.
Мұның сыртында 1998 жылға қарай Қазақстанда бала туу көрсеткіші 1 мың адамға шаққанда 15 нәрестеден де аз межеге дейін түсіп кетті және бұл нәубет 2002 жылға дейін сақталды. Салыстыру үшін келтірсек, бұл азаттыққа қол жеткізген 1991 жылғы деңгейден 30%-ға төмен.
Осылайша, жаңа туған нәрестелердің саны 1991 жылы 353 мыңды құраса, 1998-2002 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 217-227 мың бөбектен аспады. Демек, 90-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар мен күйзелістер отбасыларға, тұтастай алғанда, демографияға соққы болды.
Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде Қазақстан бала туу саласындағы ең жоғары көрсеткішке тек 2016 жылы қол жеткізді. Сол жылы елімізде алғаш рет 401 мың перзент дүние есігін ашқан. 2017 жылы АХАТ бөлімдері дүние келген 390 262 сәбиді тіркеуге алды. Былтырғы 2018 жылы қазақстандықтар қатары 397 799 бөбекпен толықты.
2019 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 235 643 перзент өмірге келген.
Әйткенмен, үш-төрт жылғы өрлеу ұзақ жыл бойы қордаланған демографиялық проблемаларды шешіп тастай алмайды. Соның кесірінен мемлекетімізде жастар саны азаюда. Статистикалық ақпаратқа сәйкес, 2013 жылы жастарға жататын қазақстандықтардың орташа жылдық саны 4 миллион 113 мың адамды құрады. Бірақ 2018 жылға қарай бұл сан 3 миллион 612 мың адамға дейін немесе 12%-ға қысқарды. Және бұл теріс үрдіс ары қарай өрбіп, антирекордқа жеткізбек.
– Болашақтағы жастар санын болжамдау үшін біз туу мен өлім-жітім 2018 жылғы деңгейде қалатын жағдайдың моделін жасадық. Бұл ретте миграциялық келу мен кету көлемі бойынша соңғы 5 жылғы орташа мән алынды. Осы негізде модельдеу нәтижелері көрсеткендей, 2022 жылға дейін жастар санының кемуі жалғасып, олар 3 миллион 432 мың адамға дейін қысқарады. Содан кейін 2038 жылы 5,1 миллион адамға дейін 15 жылдық өсу циклі басталады, – дейді ЕРДО Еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Әйткенмен, оның дерегінше, 2023 жылға қарай жастардың саны қалпына келе бастағанымен, негізгі өсім жасы кіші санаттар есебінен қамтамасыз етіледі. Ендеше, жұмыс қолы күрт артпайды.
Мәселен, егер 2013 жылы 15-20 жастағылар тобының үлесі 1 миллион 551 мың адам болса, 2018 жылы ол – 1 миллион 348 мың адамға кеміген (жалпы санның 37%-ы). 2023 жылға қарай бұл топтағылар 1 миллион 638 мың адамды немесе жастардың жалпы санының (3 миллион 468 мыңның) 47%-ын құрайды.
Бұл жерде 15-20 жастағылардың басым көпшілігі мектепте, колледжде, ЖОО-да оқуына және әскерде борышын өтеуіне байланысты жұмыс жасамауы мүмкін екенін ескерген жөн. Олай болса, олардың орны шетелдік келімсек еңбеккер-лермен толтыра тұрылуы ықтимал.
Д.Шумеков техникалық немесе кәсіптік білім алған жағдайда жас азаматтардың еңбек нарығына шығуының ең төменгі жасы 18 жасты (7 жаста 1 сыныпқа барады + 9 сынып + 2 жыл колледжде), ал орта мектепті және бакалавриат бағдарламасын аяқтаған жағдайда – 22 жасты (7 жаста 1 сыныпқа барады + 11 сынып + 4 жыл бакалавриат) құрайтынын атап өтті.
– Егер жастардың еңбек нарығына қосылуын есептеудің осы әдістемесіне сүйенсек, онда 22 жастағы жастар саны бірнеше жылдар бойы үздіксіз қысқарғаннан кейін тек 2023 жылға қарай ғана қалпына келе бастайды. Мәселен, егер 2013 жылы осы санаттағы қазақстандықтар саны 318,5 мың адамды құраса, 2018 жылы 250 мың адамға дейін азайды. Ал 2021-2023 жылдары ең төменгі деңгейге жетеді: небәрі 217-218 мыңдай адамды ғана құрайтын болады. Тек 2026 жылға қарай 22 жастағы азаматтар саны 2013 жылғы көрсеткішке жақындайды, – дейді ЕРДО Еңбек ресурстарын болжау департаментінің директоры.