COVID-19: жағдай жақсарып келеді
COVID-19: жағдай жақсарып келеді
© коллаж: Қуаныш Аманғали
5,148
оқылды
«Қазір тәулігіне 1500-1600 адам жұқтырып жатыр. Осы ай­дың үш аптасында төсек ор­ны 30-34 мыңнан 47-49 мың ин­фек­циялық және провизорлық орын­дарға көбейді. Төсек орын қоры 19003-ке артты, оның ішінде қо­сымша 5 003 инфекциялық тө­сек орны дайындалды. Бұл нау­­­қастарға медициналық көмек көр­сетуді қолжетімді етті» дейді министр. Министрдің айтуынша, қа­зір коронавирус жұқтырған жә­не пневмониямен түскен науқас­тар­ды ауруханаға жатқызуға орын жеткілікті көрінеді. Бұ­рын­­ғыдай емес, провизорлық ста­ционарларда да 20 пайыз төсек орны босаған. Карантин ен­гізілгенге дейін бұл көрсеткіш 91 пайыз болса, қазір дерт жұқ­тыр­­ғандар үшін стационарда орын жеткілікті. Бұл да көңілге жұ­баныш. Премьер-Министр Асқар Ма­мин тамыз айының соңына дейін аурухананың бәрін өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етуді тапсырды. Үкімет отырысында: «Баянда­ма­лардан байқағанымыздай, эпи­­­демиологиялық жағдайдың бір­­­шама тұрақтану деңгейіне шық­­­қаны байқалады. Республика бойын­ша коронавирус жұқтыр­ған­­­дардың өсімі тәулігіне – 2,1 пайыз. Ал кей өңірлерде одан да аз. Мысалы, Шымкентте – 1 пайыз, Қызылорда облысында – 0,9 пайыз, Түркістан облысында – 0,8 пайыз, Ақтөбе облысында –  0,5 пайыз. Қазіргі басты міндет – барлық өңірде ауру жұқтыру деңгейін орнықты төмендету», – деді Асқар Мамин. Ол Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес сапалы әрі қолжетімді толық көлемдегі ме­дициналық көмекті, әсіресе ауыл­дарда қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылдау керек екенін де ескертті. Премьер-Министр: «Бірін­шіден, Денсаулық сақтау, Ин­дустрия министрлігі және әкім­діктер тамыздың соңына дейін өңірлердегі ауруханаларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен қамтамасыз етсін. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен және Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігімен бірге шілденің соңына дейін өңірлерде ветеринарлық зертханалар базасында корона­ви­русқа тестілеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын және кадрлармен жасақтасын», – деп тапсырды. Ел дағдарып, науқастар қи­налып, жатын орын жетіспей, дәрі-дәрмек тапшылығын сезініп кеткен еді. Мемлекет басшысы қатаң карантин талаптарын енгізгелі жағдай тұрақталып келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтанда бұған дейін күнделікті жедел жәрдем қызметіне тәулігіне 4 300 қоңырау түсетін болса, қазір 2 000-ға дейін азайған. Пневмониямен ауруханаға түсетіндер саны 3-20 шілде ара­лығында 33 пайызға төмендеген. Бір ай бұрын стационарлардың 99 пайызы бос болмаса, қазір барлық стационардың жүктемесі – 57,8 пайыз. Аурухана алдында ке­зек күтіп, төсек-орын жетіспей жата­тын күндер артта қалған. Қа­рағанды облысында да нау­қастану көрсеткіші деңгейі төмендеді. «Соңғы екі аптадағы талдау жалпы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көр­сетіп отыр. Қазір пациенттердің күнделікті шығарылуы ауруханаға жатқызу көрсеткішінен жоғары. Ауруханалардағы орын жүктемесі 50 пайызға дейін төмендеді. Мы­салы, екі апта бұрын бұл көрсеткіш 80 пайыз болған еді. Жедел жәрдем шақыру жағдайы соңғы аптада үш есе төмендеді», – дейді Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек. COVID-19 Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің са­пасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 20 шілде күнге дейін облыс бойынша коронавирус жұқтырған 2 736 адам тіркелген. Оның 48,1 пайы­зы – симптомы бар аурулар және 52 пайызы – симптомсыз. Об­лыста вирусты өкпе қабынуын жұқ­тырған 1 600 адам ем алып жатыр, оның 1 283-і – Ақтөбе қаласының тұрғындары. Бүгінде провизорлық, инфекциялық ауру­ханаларда 1 200-ден аса бос орын бар. «Соңғы күндері облыста вирус­ты өкпе қабынуымен ауырып, ем­ханаларға жүгініп, жедел жәрдем шақырып жатқандар азайып келеді. 18-інен бастап аурушаңдық деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Егер шілденің алғашқы күндерінде тәулігіне 240-250 ша­масында адам түскен болса, 18 шілдеде 72 адам, 19 шілдеде 80 адам, соңғы тәулікте 59 адам өкпе қабынуымен тіркелген. Соңғы аптада аурушаңдық деңгейі бес есе азайды. Күн сайын емханалар бойынша мониторинг жүргіземіз, соңғы күндері бірде-бір ауру тір­келмеген емханалардың бар еке­нін айтқымыз келеді», – дейді об­лыстық Денсаулық сақтау басқар­масы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова. Шымкентте медициналық кө­мекке жүгінетін азаматтар са­нының азаюына байланысты жеңіл атлетика спорт кешеніндегі 360 орындық күндізгі стационар жабылған еді. Қалада ЖРВИ мен пнев­мониямен ауырғандар санының күрт өсуіне байланысты қала әкімдігі 15 күн бұрын спорт кешенінен күндізгі стационар ашқан болатын. Стационарда алғашқы бірнеше күнде 500-ден 700-ге дейін тұрғын емделді. Қа­лада эпидемиологиялық жағдай тұрақтала бастаған. Соңғы бес күн ішінде стационарға келушілердің саны күніне 25 адамға дейін азайды, яғни күнделікті стационарға әр емханадан екі-үш емделуші ғана келген екен. Ал Түркістан облысында тұмау мен өкпе қабыну белгілерімен жедел жәрдем шақырушылар саны азайған. Өңірде маусым айында медициналық жедел жәрдем орта­лығына орта есеппен 3 000-ға жуық қоңырау түскен болса, қазіргі таңда шақыртулар саны 1 800-ге дейін төмендепті. Алдыңғы шепте жүрген маман­дарға қорғаныс құралдарын сатып алу үшін Үкімет қорынан 7,2 мил­лиард теңге бөлінді. Министр Цойдың айтуынша, қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында және провизорлық стационарларда 1 958 жасанды тыныс алдыру ап­параты бар. Алдағы уақытта әкім­дік­термен бірге қосымша 4 183 ап­парат сатып алынбақ. Оның 3 105-і отандық тауар өндірушіден болмақ. «Елімізде бір реттік үш қабатты медициналық масканың бағасы 28 пайызға арзандады. Тамыз айын қосқанда алғы шептегі қыз­мет­керлердің жеке қорғаныс құрал­да­рының резерві қалыптасты. Үкімет ре­зервінен бұл мақсатта 7,2 млрд теңге бөлінді. Осы жұ­мыстар аясында 41 млн маска, 27 млн қолғап пен 379 мың қорғаныс кос­тюмі және 1,2 млн ПТР-тест сатып алынады», – дейді Ден­саулық сақтау министрі. Жағдай тұрақталып ке­леді де­генімізбен де, бірден тоқмейілсуге тағы болмайды. Әлі де карантин шараларын қатаң ұстанып, қауіптің алдын алған жөн. Әр адамның өмірін сөйтіп қана құтқарып қала аламыз.  

Аяулым БЕКТҰР