Пошта одағы талабын орындаймыз
Пошта одағы талабын орындаймыз
403
оқылды
Парламентке халықаралық пошта жөнелтілімдерін жақсартатын келісім жобасы енгізілді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтті. Онда депутаттардың келесі апта­дағы жалпы отырысының күн тәртібі жобасы қалып­тастырылды. Алдағы сәрсенбіде Мәжіліс қарауына бірқатар халықаралық уағдаластықты күшіне енгі­зетін заң жобалары шығарылады деп күтілуде. Атап айтқанда, депутаттар назарына Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына тоғызын­шы қосымша хаттаманы рати­фи­кациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Қазақстан – 1992 жыл­дан бері Дүниежүзілік пош­та одағының толыққанды мүшесі. Ал жаңа хаттама осы одақ аясында халықаралық пошта ал­масу және халықаралық пош­та жөнелтілімдерінің транзитін қамтамасыз ету бойынша Қа­зақ­стан өз мойнына алған мін­дет­темелерді іске асыруға бағыт­та­лып отыр. Бұл сапалы, қолжетім­ді әрі әмбебап пошта қызмет­терін дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар Өзбекстанмен ара­дағы заңсыз көші-қонмен кү­ресте ынтымақтасу туралы үкі­метаралық келісімді де талқы­ламақ. Келісімге сәйкес, екі жақ өз мемлекеттерінің заңнамасы және халықаралық міндеттемесі аясында заңсыз көші-қонға қарсы күресте тізе қоса қимыл­дайтын болады.   Елдос СЕНБАЙ