Тұрғындар өтініші ескерілді

Тұрғындар өтініші ескерілді

Nur Otan партиясының респубикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев азаматтарды қабылдады. Вице-министрге Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары бейнебайланыс арқылы шағымдарын жеткізсе, одан бөлек астаналық екі тұрғын арыздары мен ұсыныстарын тікелей айтуға мүмкіндік алды.

Азаматтардың шағымдары аудит­тік тексерулерге, зейнетақымен қам­ту­ға, бюджет қаржысын қайтаруға, салық­тан жалтарғандарға қатысты туындаған мәселелермен байланысты болды. Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны Марат Айбергенов кеден органдарының құқық қорғау бөлімін­де жұмыс істеген еңбек өтілі үшін зейнетақы тағайындауды сұрады.

– Зейнетақысыз қалған экономи­ка­лық тергеу қызметінің бұрынғы қыз­мет­керімін. Мен сияқты зейнета­қы ала алмай жүрген жүзге жуық адам бар, кезекте тағы 200 қызметкер тұр. Құқық қорғау органдарынан жұмыс­тан шыққан азаматтардың барлығы зейнетақы алуға құқылы. Алайда, 2014 жылға дейін құқық қорғау орган­дарының қатарында болғанына қара­мастан, үкіметтің қаулысына кеден органдары кірмей қалған. Сол себепті, біз зейнетақы ала алмай жүрміз, – дейді М.Айбергенов.

Вице-министр аталған мәселемен таныс екенін және оны Қаржы ми­нистрі­нің өзі жеке бақылауына алға­нын жеткізді. Ал Қаржылық монито­ринг комитетінің қызметкері Шынар Әлжанова 25 шілдеде арнайы комис­сия құрылғанын, қазіргі таңда бұл мәселені комиссия қарап жатқанын айтты.

Қоғамдық қабылдауға келген тұр­ғын­дардың арасында арыз-шағым­мен емес, ұсыныспен келгендер де болды. Мәселен, астаналық Самат Сағиданов қолданыстағы «Мемлекеттік бюджет туралы» заңына өзгерістер енгізу, ша­ғын және орта бизнес субъекті­ле­ріне салық салу жүйесін жетілдіру арқылы мемлекет бюджетіне түсетін қаржыны молайтуға қатысты бірнеше ұсыныс айтты.

Кездесу соңында қабылдауға кел­ген тұрғындардың ұсыныс-тілектері ескеріліп, алдағы уақытта жан-жақты қарастырылатыны айтылды.


Клара НАҚЫП