Алматыда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың мәселелерін шешумен айналысатын «мобильді «Халыққа көмек» акциясы жалғасын тапты. Шара осымен төртінші рет, Nur Otan партиясының қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтіп отыр.
Акцияның басты тұжырымдамасы бойынша қаланың шет аумақтарында тұратын, орталықтағы мемлекеттік өкілетті органдарға күн сайын келуге мүмкіндігі бола бермейтін тұрғындардың мәселесіне назар аудару баса көзделген. Сондай-ақ халықты құқықтық сауаттандыру және ақпараттандыру да осы шараның мақсатына кіреді.
Бұл жолғы басқосу Медеу ауданындағы Көк базар маңында ұйымдастырылды. 11:00-де басталған шараға келушілер ағыны толастаған жоқ. Олар әртүрлі мәселелер бойынша тиісті орган өкілдерімен сөйлесті, кеңес алды. Мәселені шешу жолдарын бірлесіп қарастырды.
– Жоба аясында халық көп шоғырланған базар, сауда орындары, ықшамаудандардағы тұрғындардың түйткілдеріне мән беріледі. Олардың арыз-шағымдары мемлекеттік және құқыққорғау органдарына жеткізіледі. Осыған дейін Түрксіб, Алатау, Наурызбай аудандарында ұйымдастырылған. Бүгінгі кезек Медеу ауданына келді. Сонымен қатар әр аудан аптаның әр бейсенбісінде дәл осы шараны өткізіп тұрады, – дейді партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Омарова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осыған дейін мыңға жуық адамның түрлі деңгейдегі арыз-шағым, өтініштері қаперге алынып, тиісті органдарға жөнелтілген. Шешілуі қиын түйіндер қатарында сот шешімімен келіспеу мәселесі бар екен. Ол проблемалар да партияның Орталық аппараты арқылы тиісті мемлекеттік органдарға бағытталады және шешілуі бақылауға алынады. Сондай-ақ несие проблемасына тап болған, балаларын мектепке дайындау кезінде қиындыққа ұшыраған, тұрғын үй мәселесіне бас ауыртқан тұрғындар да «Мобильді «Халыққа көмек» акциясына жиі жүгінеді екен.
– Ал тез шешімін табатын мәселелер ретінде құжаттарын жасай алмай жүрген, азаматтық ала алмай жүргендердің жай-күйін айтсақ болады. Бізге келген соң жедел шешілген себебі – көп адамдар заң талаптарын біле бермейді. Соның кесірінен көп уақытын өткізіп алады. Біз соған байланысты тиісті нұсқаулар беріп, жағдайдың оң шешілуіне ықпал еттік, – дейді Эльмира Омарова.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ