Ерекше кітап көрмесі
Ерекше кітап көрмесі
504
оқылды

Шығыс Қазақстан облысы Абай атындағы әмбебап кітапханада «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен ақын Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ақын және журналист» атауымен кітап көрмесі өтті.

Шараның мақсаты – оқырманды бел­гілі ақын шығармашылығымен та­ныс­тыру, ақын шығармашылығын наси­хаттау.

Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Мирас Құсайынов Сәбит Дөнентаевтың Семей қаласында «Қазақ тілі» газетінде жасаған қызметі, ақынның латын қарпіне көшу мәселесін қолдағаны, қазақ әдебиетіндегі фелье­тон, әзіл-сықақ, мысал жанрының да­муына қосқан үлесі жайында баяндады.

«Егемен Қазақстан» және «Дидар» газеттерінің тілшісі, журналист Раушан Нұғ­манбекова ақын өлеңдерінің өзек­ті­лі­­гін талқыласа, кітапхана қызметкері Анар Оспанова ақынның «Менің жа­йым» өлеңін нақышына келтіре орын­да­ды.

Көрмеге қойылған сирек басылымдар қорын­да сақталған 6-7 сыныптарға ар­налған 1939 жылы латын қарпімен ба­сыл­ған «Әдебиеттік оқу кітабы» көпшілік үшін тосын сый болды. Бұл басылымдарда Сәбит Дөнентаевтың «Заман кімдікі», «Ерікті Айша», «Бозтор­ғай», «Бай мен комсомол», «Қайтіп кар­ғыс алмайсың», «У жеген қасқыр» өлеңдері енген. Оқырман назарына ақын шығармашылығы туралы 1960-1970 жылдары «Жұлдыз», «Простор» журнал­дары мен 2000 жылдары «Қазақ әде­бие­тіндегі» еңбектері ұсынылды.

Іс-шарада ақынның «Бозторғай» атты жинағына енген сатиралық өлеңде­рі мен реалистік шығармаларын, 1957 жылы жарық көрген, 1912-1918 жылдары жазылған поэтикалық еңбектері енген рари­тетті кітабын парақтап, терең таны­са алады. Ақын шығармашылығы туралы жазылған Б.Ысқақовтың «С.Дөнентаев­тың ақындық жолы», Ш.Оңғаровтың «Ғасырдың құрдас сырласы», Д.Әбілов­тің «Ой толғауы» кітаптары құнды дүние.

Айта кетейік, көрме тамыз айының соңына дейін жалғасады.


Әбілмансұр ЖАСАН