Шығыс Қазақстан облысы Абай атындағы әмбебап кітапханада «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен ақын Сәбит Дөнентаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ақын және журналист» атауымен кітап көрмесі өтті.
Шараның мақсаты – оқырманды белгілі ақын шығармашылығымен таныстыру, ақын шығармашылығын насихаттау.
Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Мирас Құсайынов Сәбит Дөнентаевтың Семей қаласында «Қазақ тілі» газетінде жасаған қызметі, ақынның латын қарпіне көшу мәселесін қолдағаны, қазақ әдебиетіндегі фельетон, әзіл-сықақ, мысал жанрының дамуына қосқан үлесі жайында баяндады.
«Егемен Қазақстан» және «Дидар» газеттерінің тілшісі, журналист Раушан Нұғманбекова ақын өлеңдерінің өзектілігін талқыласа, кітапхана қызметкері Анар Оспанова ақынның «Менің жайым» өлеңін нақышына келтіре орындады.
Көрмеге қойылған сирек басылымдар қорында сақталған 6-7 сыныптарға арналған 1939 жылы латын қарпімен басылған «Әдебиеттік оқу кітабы» көпшілік үшін тосын сый болды. Бұл басылымдарда Сәбит Дөнентаевтың «Заман кімдікі», «Ерікті Айша», «Бозторғай», «Бай мен комсомол», «Қайтіп карғыс алмайсың», «У жеген қасқыр» өлеңдері енген. Оқырман назарына ақын шығармашылығы туралы 1960-1970 жылдары «Жұлдыз», «Простор» журналдары мен 2000 жылдары «Қазақ әдебиетіндегі» еңбектері ұсынылды.
Іс-шарада ақынның «Бозторғай» атты жинағына енген сатиралық өлеңдері мен реалистік шығармаларын, 1957 жылы жарық көрген, 1912-1918 жылдары жазылған поэтикалық еңбектері енген раритетті кітабын парақтап, терең таныса алады. Ақын шығармашылығы туралы жазылған Б.Ысқақовтың «С.Дөнентаевтың ақындық жолы», Ш.Оңғаровтың «Ғасырдың құрдас сырласы», Д.Әбіловтің «Ой толғауы» кітаптары құнды дүние.
Айта кетейік, көрме тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Әбілмансұр ЖАСАН