Елбасыны тапсырмасымен 2017-2031 жылдар аралығын қамтитын «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бекітіліп, 15 жылда 1,5 млн қазақстандық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады деп жоспарланған болатын. Нәтижелі жұмыстардың арқасында бүгінгі күні сүйіншілетіп, қоныстойын тойлап жатқан қазақстандықтардың саны да артып келеді. Бұл қуаныштың еселенуіне бағдарлама аясында пайдалануға берілген үй санының күннен-күнге артуы септігін тигізуде
Премьер-министр Асқар Мамин: «2019 жылы шамамен 13 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың шаршы метрге артық. Сонымен қатар тұрғын үй бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі әлеуметтік бағытқа негізделген. Жыл сайын 6 мың аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету міндеттемесін алдық. Мамырдан бастап оны іске асыруға кірістік. Барлық заңнамалық нормалар қабылданып, қажетті қаражат бөлінді», – деді жақында өткен Үкімет отырысында. Сол жиында ол 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданатынын мәлім етті. «Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламасын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 миллионнан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», – деді Асқар Мамин. Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтты. Бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Биылдың соңына дейін 118 мың баспана (13 млн шаршы метр) салу жоспарланған. Жартыжылдық қорытындысы бойынша 48 925 баспана (5,7 млн шаршы метр) пайдалануға берілді.
Бұл бағдарламаның нәтижесін еліміздің әр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарына қарай білуге болады. Мысалы, Қостанайда «7–20–25» тұрғын үй бағдарламасына өтінім берушілер саны едәуір өскен. Бұл да осы өңірдегі «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы белсенді іске асырылуына байланысты. Жұмыс қарқынды жүрген жерде сенім де бар. Халықтың осы жобаға деген оң көзқарасы сұраныстың көбеюіне септігін тигізуде. Осының арқасында Қостанай облысы мақұлданған кредиттер саны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін алғашқы үштікке кірді.
Ал бағдарлама бойынша Тараз қаласындағы жаңа 15-шағынауданда биыл 80 және 60 пәтерлі 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 10 300 отбасына арналған 280 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек. Қазіргі күні 25 үй салынуда. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға берілген.
Қоныстойды әскери қызметтегілер де тойлап жатыр. Петропавл қаласындағы гарнизонда 20 әскери қызметші мемлекеттік бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізді. Былтыр Қорғаныс істері министрлігінің қолдауымен әскери қызметшілердің баспана мәселесін шешу мақсатында «Әскери баспана» бағдарламасы іске қосылған болатын. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2012 жылдан бастап жалдамалы пәтерде жүрген әскерилерге өтемақы төленіп келсе, енді ол тұрғын үй төлемдеріне ауыстырылған. Енді қаражат бұрынғыдай қызметшілердің қолына берілмей, екінші деңгейлі банктерде ашылған арнайы жеке шоттарға аударылады. Осы аударымдарды әр әскери қызметші «Әскери баспана», «7–20–25» және «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы баспана алуға жұмсай алады. «Бұдан басқа «7–20–25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік бар. Несиенің мөлшерлемесі жылына 7%-дан аспайды және төлеу мерзімі де тиімді. Мұның бәрі әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Дәулет Толыбай.
Бағдарламаға сәйкес, баспанасы жоқ әскери қызметшілердің барлық санаттағы мамандары үшін бірыңғай тұрғын үй төлемі жасалады. Сонымен қатар әскери салада 20 және одан көп жыл еңбек еткен әскерилерге қызметтік үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы қайтарылған. Ал қызметтік тұрғын үйлермен қамтамасыз етілген әскери қызметкерлерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шоттарына тұрғын үй төлемдерінің 50%-ы аударылады. Тұрғын үйлермен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шоттарына тұрғын үй төлемдерінің 100%-ы салынады.
«Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 миллионнан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», – деді Асқар Мамин.
Жақында Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналған «Көкшетау – бақытты отбасы мекені» тақырыбымен өткен шараға қатысқан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға жаңа 195 пәтердің кілтін салтанатты түрде тапсырды. Бүгінгі күні Көкшетау қаласында 2 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, оның 400-ге жуығы пәтер кезегінде тұр. Сондықтан биыл барлығы 470 пәтер кілтін тапсыру жоспарланған. Оның біразы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы шешімін таппақшы.
Елорда әкімдігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген міндеттерді орындау бойынша өткен жиында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалықтарды баспанамен қалай қамтитынын айтты. «Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, ең негізгі әлеуметтік мәселе – тұрғын үй. Баспана кезегінде 46 829 адам тұр. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың саны – 3 501», – деді қала басшысы. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылған. Бұл жұмыстар әлі де жалғаспақ. «Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1 634 пәтер бөлеміз. Оның 731-і арендалық негізде беріледі. Оның 233-іне көпбалалы отбасы иелік ететін болады. Биыл барлығы 1 500 тұрғын үй сертификатын беру жоспарлануда. Оның 1 мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға беріледі, 500 сертификат білім, денсаулық сақтау және полиция департаментінің қызметкерлеріне үлестіріледі», – деді Алтай Көлгінов. Баспанамен қамту шаралары «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да жалғасын таппақ.
Нұр-Сұлтанның 1 000-нан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасы «Бақытты отбасы» қолжетімді тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш берген. Елордалық тұрғын үй қоры Қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын барлығы 3 бағыт «Бақытты Отбасы», «Нұрлы Ертіс» және «Еңбек» бойынша жүзеге асыруда.
Қарағанды өңірінде де халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында іске асырылатын «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында бірқатар шаралар атқарылуда.
«2018 жылдың қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көзі арқылы 416,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 4 135 пәтер пайдаланылуға берілді. Жоспар артығымен орындалды. Өткен жылы 11 жалдамалы үй салу бойынша 11 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1 млрд 475 млн теңге бөлінді. «Нұрлы жер» бағларламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша кезекте тұрған 684 жанұя жалдамалы пәтермен, 549 отбасы несиелік баспанамен қамтылды. Сонымен қатар 343 мың шаршы метр аумақ жекеменшік үйлер мен коммерциялық нысандар салуға бөлінді», – дейді Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайxан Қалмаxанов.
Бағдарламаны іске асыру биыл да жалғасын табуда. Облыста барлық қаржыландыру көзі арқылы 420 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл дегеніңіз 4 300-ден астам отбасы баспаналы болады деген сөз. Бірінші кезекте үй дәрігер, педагог, полиция және басқа да мемлекеттік қызметкерлерге, сондай-ақ аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілетін болады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ