Елорда әкімі Алтай Көлгінов жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп директорларымен кездесті. Қала басшысы халықтың өсуіне байланысты әлеуметтік нысандарға жүктеме артып келе жатқанын атап өтті.
Егер 10 жыл бұрын 73 мектеп пен 75 мың оқушы болса, қазіргі таңда 108 мектеп пен 162 мың оқушы бар. Қыркүйек айында бірінші сыныпқа 24 мың бала бармақшы. Сонымен қатар 17 мың педагог еңбек етуде. Оқу орындарын бюджет есебінен ғана емес, жеке инвестицияларды тарту арқылы да салу керек. Инвесторлар елордада 11 жеке меншік мектеп салуға ниет білдіріп отыр. Инвестиция көлемі 27,6 млрд теңгені құрайды. 5 жылдың ішінде 37 жаңа мектеп салу жоспарланған. Биыл 3 жаңа мектеп салынады. Кездесу барысында оқу орындарының директорлары мектептерде орын тапшылығы бар екенін, кейбір мектептерде бейнебақылау камераларының жоқтығын, жолдардың нашар екенін, материалдық-техникалық қамту дәрежесінің төмен деңгейде болуы сияқты мәселелерді айтып жеткізді.
Қала әкімі А.Көлгінов орташа жөндеу жұмыстары 32 мектепте, ал күрделі жөндеу жұмыстары 8 мектепте жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Елімізде білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді.Педагогтардың біліктілігі – өте маңызды мәселелердің бірі. Балалардың мектеп бағдарламасын қаншалықты жақсы меңгеруі және мектептен қандай білім алып шығатындығы тек сіздерге байланысты. Білім беру процесінің сапасына көңіл бөлу керек. Уақыттың басым бөлігін балалар мектепте өткізеді, олардың жеке тұлға болып қалыптасуы да мектептен бастау алады. Оқушылардың көзқарасы, өмірлік құндылықтары және ұстанымы айналасындағы адамдарға байланысты. Балалардың рухани дамуына да көңіл бөлу керек, – деді А.Көлгінов. Қала әкімі аталған мәселелер жүйелі түрде жұмыс істеуді талап ететінін атап өтті.