Адам өмірі саяхат тәрізді. Түрлі әсер сыйлайды. Кейбірін мәңгі есте сақтағың келеді. Сонымен байланысты дүниеге қайта үңілесің. Ол музыка, фильм, тіпті жай ғана зат болуы мүмкін. Психология мұны арнайы қарастырады. Есіңде қалғанды қайта жаңғырту – денсаулыққа пайдалы.
Ғалымдар бұрынғы сәтке қайта оралу жанға да, тәнге де пайдалы дейді. Тіпті күнделікті іс-әрекетті ретімен қайталау да жақсы әсер қалдырады. Серен Кьеркегордың айтуынша, қайталау мен еске алудың арасында азғантай айырма бар. Еске алу адамға ескідегіні айнақатесіз қайталауға көмектеседі. Күнделікті қайталау істі бұрынғысынан да нәтижелі істеуге үйретеді.
Бұдан бөлек адамдар кво статусына кіргенді ұнатады. Мысалы, емтиханның алдында сәтілік білезігін тағу немесе түрлі ырым-тиымды орындау. Кво статусы – көпмағыналы. Тақырыпқа байланыстысы «белгілі бір сәтке қайта оралу» дегені. Көпшілігі кво статусын «бірқалыпты тіршілік» деп қабылдайды. Себебі, аталған статустағылар өзгерісті мойындағысы келмейді. Жаңа жолмен емес, ескі сүрлеумен аяңдағанды жөн көреді.
Кристел Антония мен Сидни Леви арнайы зерттеу жұмысын жүргізген. Олар бұрын оқыған кітапты, көрген фильмді, интернет парақшаны қайта ақтаратындардан сауалнама алған. Нәтижесінде, адамның эмоцияға мұқтаждығы анықталған. Яғни, біз қайта қарау арқылы жадымызда қалған жылы естелікке ораламыз. Бойымызды ерекше сезім билеп, еріксіз жымиямыз. Жүрегіміз жиірек соғып, тынысымыз ашылғандай күй кешеміз.
Тағы бір себеп – жеңілдік. Миымыз жаңа ақпаратты емес, ескіні қайта өңдейді. Бұл санаға күш түсірмейді. Мұның ғылыми атауы – реконструктивті тұтыну. Бір нәрсені қайта-қайта қарау ерте ме, кеш пе, жалықтырады. Психологтардың пайымдауынша, қайталау бауыр басуға әкеледі. Біз кейбір заттарды жиі еске алатынымыз үшін жақсы көреміз. Жаңа шыққан әнді сөзі мен әуені үшін емес, бір күнде радиодан сан рет естігеннен ұнатуымыз мүмкін. Бәрі әсер ету факторына тәуелді.
Солтүстік Дакота универсиетінің психологы Клэй Рутледж ностальгияны зерттеумен айналысады. Айтуынша, ностальгияның екі түрі бар. Тарихи және автобиографиялық. Тарихи түрі өткенге деген сағыныш күйінде суреттеледі. Автобиографиялық ностальгия – өзіне қатыстыны еске алу. Рутледж сауалнамасында уақыт мәшинесіне қатысты сұрақ бар. Көпшілігі уақыт мәшинесінің бағытын болашаққа емес, өткен шаққа бұрады екен.
Өткен шаққа саяхат – терапия. Рецепсіз әрі пайдалы дәрі. Рассель мен Леви Нельсон есімді азаматты зерттеу нысаны етіп алған. Нельсон әйелі мен екі баласын алып Флоренция мен Сиенаны аралаған. Отбасылық демалыс ерекше әсер еткен. Ғалымдар Нельсонға араға 40 жыл салып қайта саяхат жасауды ұсынған. Бұл жолы жалғыз. Себебі, әйелі мен балалары қайтыс болыпты.
Нельсон Италияға сапарын тыңғылықты жоспарлаған. Бұрын қайда барғанын еске түсірген. 40 жыл бұрын тоқтаған қонақүйіне түсіп, дәл сол дәмханадан тамақтанған. Саяхаттан келгенсін Рассель мен Левиге баяндама жасаған. Саяхат жүйке жүйесін тыныштандырып, өмірді өзінше қабылдауға үйреткенін айтқан. Әр нүкте өткен шақтың тәтті естелігін еске түсіріп, жақындарымен қауышқандай әсер сыйлағанын жеткізген.
Зерттеудің мұндай түрін қолдану рухани терапия деп аталады. Рухани терапия қабылдау адамды сергітіп қана қоймай, жігерлендіреді. Қалыпты атмосфера құруға көмектеседі. Ностальгия жайлылық пен жылу сыйлайды. Қазір бұл терапияны арнайы тренингтерде қолданады. Тренингте сәл өзгешелікті байқайсыз. Мысалы, бәрін сана деңгейінде орындайсыз. Яғни, еске түсіру арқылы жүзеге асады. Аудиторияға өткен шаққа ораламыз деп белгі береді. Туған үйін, өскен ауласын, достарын еске түсіруін сұрайды. Сосын бөлмеге кіріңдер, жоғалтқан адаммен қауышыңдар дейді. Ішкі өкпе-ренішті кешіріп, сағынғандарын айтуын өтінеді. Көбінесе бұл терапияны өткенді жіберуге қорқатын, ішкі әлемі күйреген адамдарға қолданады. Аталған терапиядан кейін адам өзін жеңіл сезініп, өмірге деген құштарлығы артады екен.
Өткен шақ, осы шақ пен келешектің арасында динамикалық байланыс бар. Әсіресе, ностальгия кезінде экзистенционалды сезіну жүзеге асады. Адам өзін аралықта тұрғандай сезінеді. Мысалы, ескі әнді тыңдағандағы сезім сияқты. Ой мен сана өткенге оралып, рухани тыныштық орнайды.
Айналып келгенде барлығы эмоцияға тәуелді. Ностальгия дегеніміздің өзі – эмоция. Өткен шақта ерекше әсер қалдырған нәрсені сағыну, аңсау. Еске түсіргенде, көргенде ерекше сезімге бөлену. Психологтар жиі эмоцияға берілу адамға кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Адамға ностальгия белгілі бір категория бойынша пайдалы. Бірақ өткенді жіберіп, болашаққа бағдар жасаған тіптен дұрыс.
Психологтар ой еңбегінен, тіршіліктен қажығанда ностальгияға енуге кеңес береді. Өзіңізге ерекше атмосфера қалыптастырыңыз. Бүгінен бастап қорапшаға естелік жинаңыз. Жазған жазба, киноға кірген билет, тіпті қиынды болса да жарайды. Бастысы, сіз қайта ашқанда рухани саяхаттап қайтуыңыз керек. Бұл – ақысыз демалыстың ең тиімді түрі.