Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының аумағында Жезбұға атты көл бар.
Экология, геология және табиғи ресустар министрі Мағзұм Мырзағалиевтың назарына!
Бұл көл Ақсоғым ауылдық округінің орталық елдімекенінің іргесінен басталып, Шағатай ауылдық округінің бірнеше елдімекенін жағалай барып, бүгіндері қайтадан Ақжайық ауданына қарайтын Көнеккеткен ауылдық округінің құрамындағы Қамыстыкөлге жетіп барып тұйықталады. Жезбұға – қазіргі географиялық сипаттамасы бойынша ағысы жоқ, ешқайда құймайтын тұйық табиғи су көзі, яғни көл болғанымен, ұлтымыздың ұлы Ақ Жайықтың есте жоқ ерте замандағы ескі арнасы көрінеді. Бізге бұл деректі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетов айтты. Енді көлдің Жезбұға аталу тарихына тоқтала кетейік.
Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының аумағында Жезбұға атты көл бар. Бұл көл Ақсоғым ауылдық округінің орталық елдімекенінің іргесінен басталып, Шағатай ауылдық округінің бірнеше елдімекенін жағалай барып, бүгіндері қайтадан Ақжайық ауданына қарайтын Көнеккеткен ауылдық округінің құрамындағы Қамыстыкөлге жетіп барып тұйықталады. Жезбұға – қазіргі географиялық сипаттамасы бойынша ағысы жоқ, ешқайда құймайтын тұйық табиғи су көзі, яғни көл болғанымен, ұлтымыздың ұлы Ақ Жайықтың есте жоқ ерте замандағы ескі арнасы көрінеді. Бізге бұл деректі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетов айтты. Енді көлдің Жезбұға аталу тарихына тоқтала кетейік.
Жезбұға көліне қатысты үшбу аңызды мен студент кезімде ұзақ жыл прокуратура саласында қызмет істеген, қазір зейнет демалысындағы Қасым Сүндетқалиев қарияның аузынан естіп едім.
...Әлқисса, осыдан әлденеше ғасыр бұрын бүгінгі Бөкей ордасы ауданының аумағы шұрайлы мекен болған көрінеді. Бүгінгідей емес, ол кезде Нарын құмы аумағының шөбі шүйгін, су көзі де мол болғандықтан, мал-жанға құтты қоныс болған екен. Осы өңірді мекендеген мыңғыртып мал айдаған бір дәулетті кісінің Шалқар атты жалғыз ұлы болыпты. Сол бала ер жетіп, күндердің күнінде ел аралап, өзіне қалыңдық іздеп, қыз көруге шыққан екен дейді. Аспандағы аққуға әнін қосардай өнерлі, оның үстіне, күресе қалса, жауырыны жерге тимес палуан әрі көкпар тартып, аударыспаққа қатысып, ат құлағында ойнайтын һәм құралайды көзге атқан мерген Шалқарға ауыл айналасының қыз-қырқынының бірде-бірі ұнай қоймайды. Сонан Шалқардың сал-сері құрдастарының бірі «Сен өзіңе нағыз лайық жар іздесең, Жайықтың жоғары жағын жайлаған Шыңғырлау деген байдың жеті ұлдан кейін көрген жан дегендегі жалғыз қызы Жезбұғаны көргін» деп ақыл айтқан-мыс. Мұны естігеннен кейін Шалқардан маза қашып, әлі өз көзімен көрмеген Жезбұға оның күндіз есінен, түнде түсінен шықпай қояды. Ақыры ол жанына ең жақын деген үш-төрт досын ертіп, қызды ауылға бет алады. Сөйтіп, олар біраз күн жол жүріп, жолай бастарынан біраз қызықты да, шыжықты да өткеріп, Шыңғырлау байдың ауылының шетіне ілігеді. Текті әулеттен шыққан көрегенді жігіт әдептен озбай, әуелі қызды ауылдың тыныс-тіршілігін екі-үш күн сырттай бақылап, ебін тауып, Жезбұғаның бір-екі жеңгесімен танысады. «Қыз көретін жігітті біз көрелік» дегендей, Жезбұғаның жеңешелері Шалқар бастаған жігіттерді және бірер күн сынап, біраз әуре-сарсаңға салады. Қыз жеңгелерінің бұлардың дұрыс жігіт екеніне көздері жеткеннен кейін ақыры екі жасты ретін тауып, таныстырса керек. Не керек, күміс маңдай, қасы-көзі қиылған, қыр мұрынды, гүл ерінді, қыпша белді, тал бойында бір міні жоқ сымбатты сұлу біздің жігітке бір көргеннен-ақ ұнайды. Сыртқы сұлулығына қоса, Жезбұға иманжүзді, ибалы мінезді, жүріс-тұрысы инабатты, бір сөзбен айтқанда, әрі ару, әрі сұлудың тура өзі екен. Нар тұлғасына көркі сай, оның үстіне бек өнерлі жігіт те қыздың көңілінен шығады. Екі жастың бір-біріне тең екеніне түбегейлі көзі жеткен қыздың қос жеңгесі тілеулес пейілдерінен айнымайды. Осылайша, Шалқар келер жылы жаз шыға құда жіберіп, қалыңдығын алып кететін болып уағдаласып, ауылына аттанады. Алайда әлі ешкіммен атастырылмаған Жезбұғаны «Бұл қыз маған ғана лайық!» деп, сырттай иемденіп жүрген, ауыл арасында ұрлық-қарлық, қиянат-қорлық, зорлық-зомбылығымен, барымташылығымен жаман аты шыққандықтан, «Елбұзар» атанып кеткен өзін негізсіз батыр санайтын әлдебір әумесер бар екен. Ол бір ел ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс шонжардың ешкім бетіне жел боп тимеген еркетотай, шолжың кенже ұлы болса керек. Абырой болғанда, Шалқар дос-жаранымен Жезбұғаның ауылын айналшықтаған күндері әлгі әумесер өзінің жуанбілек нөкерлерімен кезекті барымташылық жорығына аттанып кетіп, төңіректе болмағанға ұқсайды…
Уағдалы мезгіл жеткенде күйеу жігіттің елінен Ақеділ, Қарабас деген қос құда бастаған салтанатты топ Жезбұғаның ауылына бағыт ұстап, алдарында қыз өтеуі – айдаған қалың малы бар ұзақ жолға шығады. Олар діттеген жеріне жеткесін, қыздың әкесіне қоса, Жезбұғаның жеті ағасы жұмылып, керемет той өткізеді. «Теңін тапса, тегін бер» дегендей, қыздың ата-анасына қоса, аға-жеңгелері мен бүкіл ағайын-туысының күйеу жігітке көңілдері толып, әрі бүкіл жөн-жоралғыны орнымен жасаған құдаларға да дән риза болып, екі арада көңілге кірбің түсіретіндей артық-ауыс ешқандай сөз де айтылмайды, орынсыз қарекет те болмайды. Дегенмен манағы Елбұзар деген бар емес пе? Сол өктемсіген кеудемсоқ неме қарау ниет қарақшыларын күн ілгері жинап, қыз ұзатқан ауылдан біраз ұзаған күйеу жігіттің көш-керуеніне тұтқиылдан тарпа бас салады. Әуелкіде асып-сасып қалғанымен, күйеу жағы барынша тездетіп ес жиып, тасқанға тосқан болмаққа бел буып, жол торыған қарақшыларға қарсы майдан ашады. Алайда әп дегенде айтулы қарсылық танытқан күйеу жағының қатары бірте-бірте сиреп, бұл шайқасқа алдын ала сақадай сай кірген, оның үстіне адам саны басым қарақшылар күш ала бастайды. Ақыры күйеу жігіт қоршауда қалып, жендеттердің қолынан ажал құшады. Біз естіген аңызда Шалқардың денесі Сасай тауының баурайында қалған деседі. Шамасы, сол таудың етегіндегі үлкен көл сол себепті Шалқар атанса керек. Екі жасты, қос жақсыны қосып келе жатқан бас құда, яғни Шалқардың немере ағасы Ақеділ бұл күндері Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қоғалытүбек ауылының маңында, ал енді оның інісі Қарабас қазіргі Қарабас ауылының төңірегінде қара ниет қараулардың қолынан мерт болады (Қарабас елдімекені де Шағатай ауылдық округіне қарайды). Осылайша, қарау ой, харам ниеттері орындалып, Ай мен Күндей Жезбұға сұлуды қолға түсірген Елбұзар бастаған қарақшылар Орал тауларын бетке алып, масайрап бара жатады.
Аяқ астынан бақытының күні батқан Жезбұға не істерін білмей, дал болады. Содан бір жерлерге келгенде, айламен іс қылмаққа бекінген ол Елбұзарға:
– Менің маңдайыма жазылған ер-азамат сен болдың. Өз басым саған әуелден де «кет әрі» емес едім. Тіпті, өзіңнен бүгінгідей төтен ерлікті күткем-ді. Болары болып, бояуы сіңген іске еш өкінішім жоқ, – деп жүзіқараның бетін бері қаратқандай болып, енді оның ұйықтар сәтін күтеді. Хор қызындай хас сұлудың жылы сөзі суыт жүріс пен ұйқыдан діңкелеген жендетке шараптай әсер етіп, көп ұзамай ол ұйқыға бас қояды. Қыз болып ұзатылмай жатып, келін боп түспей жатып, қара жамылған Жезбұға қатып ұйықтап жатқан қандықол қарақшының жүрегіне өз қанжарын бойлата сұғады. Өзінің арам пиғыл, қара ниетіндей қап-қара түнде тіл тартпай кеткен бас қарақшының ат айдаушысы да қалғып-мүлгіп келе жатса керек, күймеден ілби түскен қыздан бейхабар қалады. Көзге түртсе көргісіз түннің қою қараңғылығына лезде сіңген Жезбұға бет ауған жаққа қарай жүгіре береді. Жаздың қамшының сабындай қысқа түні түріліп, таң сыз бере оның алдынан әлдебір айдын көл шығады. «Енді кім көрінгенге жем болғанша, осы суға батып өлейін де, о дүниеде болса да, Шалқарыммен қауышайын» деген ойға бекінген қайран Жезбұға сұлу шашын жайып жіберіп, су астына кеткен көрінеді. Бірер күннен кейін әлгі көлге Жайықтан нөпір су құйылып, толқын қыз мүрдесін жағаға шығарып тастағанға ұқсайды. Он екіде бір гүлі ашылмай, о дүниелік болған қызды жергілікті жұрт сол маңға арулап жерлейді. Кейін ол жерді халық «Қыз моласы» деп атап кетеді…
Арнайы энциклопедия керек-ау...
...Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар бір-бір тәуелсіз мемлекетке айналғанша, Жезбұға сөздің тура мағынасында бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған, әрі арғы-бергі жағалауы бірдей табиғи жасыл желекпен жомарт көмкерілген керемет көл еді. Жезбұғаны жаға-лай өскен тал-теректің түр-түрін айтпағанда, мойыл мен бүлдіргеннің дәмі қандай, шіркін! Енді, міне, осындай миуалы көлдің жыл өткен сайын арнасының аңқасы кеуіп, айналасының ажары қашып барады. Өйткені бастауын Ресей аумағындағы Орал тауларынан алатын Жайық өзені бұрынғыдай өрекпи тасып, өзінің «туған әпкесі» Жезбұғаны сумен жарылқамайды. Құдайдың қара суын да орман-орыстың ақшаға сатып, пұлдауды әдетке айналдырғалы бері ондай ақжарылқап күндер көзден біржола бұлбұл ұшқан түрі бар. Соның айғағындай, Жезбұғаның Құтсиық, Байхана ауылдарының тұсындағы және Жантөре хан жерленген қабақтың астындағы арнасы сусыз қаңсып, бүгіндері шіріген қоғаның қопасы басып кеткен. Мұны азсынсаңыз, тап қазіргі кезде Жезбұға көл болып басталатын тұсында-ақ үзік-үзік көлшікке, дәлірек айтқанда, ойдым-ойдым шалшыққа айналған. Егер ең таяу жылдары тиісті шаралар шұғыл қолға алынбаса, айналасының ауасы жұпар, кезінде ұшқан құсына қоса, жүгірген аңы да жетіп артылған, бір сөзбен айтқанда, жан-жануарға бірдей жерұйық болған керемет көлден біржола көз жазарымыз шүбәсіз.
«Судың да сұрауы бар» деген тәмсілді қай қазақ қай заманда һәм қандай жағдайда айтса да, сұңғыла екен. Бірақ тап осы даналықты біз әлі күнге дейін санамызға сіңіріп үлгермеген сыңайлымыз. Олай дейтін бір себе-бім, осы мақаланы жазбаққа дайындық барысында Жезбұғаның географиялық сипаттамасын іздеп, Батыс Қазақстан облысының 2002 жылы және 2010 жылы шыққан энциклопедияларына, оны азсынсаңыз, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық қоршаған ортаны қорғау басқармасының ұйытқы болуымен 2001 жылы шыққан «Жайық өңірі» атты ғылыми-көпшілік жинаққа үңілдім. Тым-тырыс, ләм-мим! Яки ұзындығы екі ауданның үш бірдей ауылдық округінің аумағын қамтитын үшбу көлдің, ең болмаса, ұзындығы мен ені, терең-тайыздығы, суының химиялық құрамы туралы бір түйір дерек жоқ! Сонда да «Үмітсіз шайтан ғана» дегенге сайып, Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте география пәнінен дәріс оқитын, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығындағы география саласына қатысты ғалымдардан іздеген жоғымды сұрап көрдім. Ешкімнен ешқандай дерек шықпады. Жезбұға көліне қатысты геодезиялық мәліметтерді сұрап, тікелей миссия-функциясы табиғат қорғау болып табылатын тағы екі-үш мекемеге бар-мақшы болғанмын. Алайда бүкіл саналы өмірін облыстың су шаруашылығына қатысты салада өткізіп келе жатқан, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыға жүріп, шашы ағарып, көзі қарайған білікті мамандардың бірі «Босқа әуре боласыз, өзіңіз іздеген мәліметті біздің өңірден таппайсыз» деп кесіп айтты. Ал керек болса! Табиғи су қоймасы ретінде қалыптасқанына нешеме жыл, яки бірнеше ғасыр өткен Жезбұғаның ені мен ұзындығы, тайыз-тереңдігі, оның суының құрамы мен ихтиологиялық әлемі, аталған көлдің айналасындағы флора-фауна әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан зерттеліп, қағазға түсіріліп, хатталмаған! Осының өзі-ақ біздің су қорына, яғни табиғи су ресурсына әлі күнге дейін салдыр-салақ қарайтынымыздың бір айғағы емес пе екен?..
Меніңше, бұдан шығатын қорытынды – атыңнан айналайын Ақ Жайық атырабындағы өзен-көлдер мен Батыс Қазақстан облысының аумағындағы ир-ригациялық жүйелерге қатысты арнайы энциклопедия керек. Мұндай жинаққа әр өзен-көл мен ирригациялық нысан жөнінде толыққанды геодезиялық мәлімет және осындай географиялық нысандарға тікелей қатысты флора-фауна, сонымен қатар әрбір өзенкөлдің сумен қоректену көзі секілді өте маңызды мағлұматтар міндетті түрде енуі тиіс. Міне, қолымызда осындай факті-факторлар жиынтығы болғанда ғана біз Ақ Жайық атырабындағы табиғи су көздерін қорғау-құтқаруға білек сыбанып кірісіп, тиянақты жұмыс тындыра аламыз.
Экологиялық мәдениет тым төмен
Осыдан үш-төрт апта бұрын біз арнайы іссапармен Ақсоғым ауылдық округі аумағындағы Жезбұғаның бастау алар тұсынан бастап, жағалай Қамыстыкөлге дейін барып қайттық. Сол сапар барысында «Жезбұғаның Жайықтан су шығар үш көзі бар. Мына қазір келіп тұрғанымыз – өзеннің көлге су түсер негізгі тұсы», – деп еді өзі Ақсоғым аумағында туып-өскен, бүгіндері пайғамбар жасына келіп қалған аталған ауылдық округтің бас маманы Аманкелді Ахметов ағамыз. Сөйте тұра, бірнеше жылдан бері үш көзден де Жезбұғаға бір тамшы су тамбапты. Оның ең басты себебі Жайық суының деңгейі КСРО кезіндегідей көтерілмейді. Жайықтан су құйылмай, онсыз да соры қайнаған Жезбұғаның жағалауын кейбір елдімекендердің тұрғындары күл-қоқысқа қоса, қыс бойы малдың астын шығаратын орынға айналдырып, «жығылған үстіне жұдырық» болуда... Демек, бұл мәселе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің назарына шұғыл ілінуі шарт!
Жезбұғаны құтқару
не үшін маңызды?
Жезбұғаны құтқару арқылы біз экологиялық һәм әлеуметтік-экономикалық біраз шаруаның басын қайырамыз.
БІРІНШІДЕН, аталған көлдің жағасындағы бірнеше елдімекеннің әсем табиғатына нұқсан келтірмей, тұмса күйінде сақтап қаламыз. Яғни экологиялық тепе-теңдік бұзылмайды. Соның нәтижесінде, Жезбұға көліне тыныс-тіршілігі тікелей байланысты флора-фаунаның сан алуандығын жоғалтпаймыз. Түсінген кісіге осының өзі – орасан олжа! Бұған қоса, табиғи су қоймасын тиісті деңгейде сақтай алсақ, сөздің тура мағынасында су құстары мен Жезбұғаның балықтар әлемінің де «құдайы береді».
ЕКІНШІДЕН, Жезбұға көлі – балық шаруашылығын, дәлірек айтқан-да, тоған шаруашылығын дамытуға өте қолайлы табиғи су айдыны. Осы мақсатқа, әсіресе, сай-саласы мол Қызылжар ауылының тұсы керім келеді. Тап осы шаруаны қолға алған адамның «екі жеп, биге шығары» кәміл. Яғни, тоған шаруашылығына ден қойған кісі алдымен өңірдегі өзен-көлдерде балық қорын молайтуға әрі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей үлес қосады. Бұған қоса, тың кәсіптің көсегесін көгерту, көкжиегін кеңейту арқылы жаңадан тұрақты және уақытша жұмыс орындарының ашылуына ұйытқы болады. Бұл енді жергілікті жұрт, яки ауыл тұрғындары үшін үлкен әлеуметтік игілік.
«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі» демекші, Жезбұғаны жағалай қонған ауылдардың қай-қайсысы да – берісі облыстың, әрісі кең байтақ Қазақстанның ет экспортына лайықты үлес қосуға қабілетті елдімекендер. Осы бағыттағы жұмысты өрістету үшін ауадай қажет жайылым мен шабындық факторының тағдыры тағы барып Жезбұға көліне тіреледі...
Орайы келіп тұрғанда Жезбұғаның айналасы бау-бақша шар-уашылығына өте қолайлы екенін атап өткен орынды. Кезінде Шағатай ауылдық округінің аумағында болған алма бағының даңқы алысқа кетіп еді-ау. Жергілікті бағбан Иссак Гильдің өсірген алмаларының дәмі тіл үйіріп, талай жанды тамсантып еді. Бүгінде соның өзі «бәлду-бәлду бәрі өтіріктің» кері. Дегенмен алмаға қоса, көлдің суы мол болған жылдары жергілікті бағбандардың қауын-қарбыз, қияр-қызанақ, картоп, сәбіз, тәтті бұрыш, баклажан секілді бақша дақылдарынан мол өнім алғанын өз көзімізбен талай көргенбіз.
ҮШІНШІДЕН, Жезбұға көлін жер бетінен біржола жойылып кетуден құтқару арқылы біз жабайы урбанизацияны тежейміз. Әрине, ұлтымыздың өркениеттің игілігін көріп, барынша қалалық этносқа айналуына біз қарсы емеспіз. Алайда аудан-ауылдардан облыс орталығы Оралға үдере көшіп жатқан қарайған қазақты тұрақты жұмыспен қамтитындай бұрынғыдай бір өзінде бірнеше мың адам жұмыс істейтін ірі өндіріс ошақтары қазір жоқ. Мәселен, еліміздің кеме шығаратын жалғыз кәсіпорын «Зенит» зауытында бүгіндері бар болғаны 800-ден астам адам ғана жұмыс істейді. Ал «Зениттің» бас директорының орынбасары Павел Букиннің мәліметіне қарағанда, кезінде бұл кәсіпорында 7,5 мың адам жұмыс істеген екен. Тап осындай жағдай Оралдағы бұрынғы айтулы кәсіпорындардың бәріне тән. Тіпті кезіндегі іргелі кәсіпорындардың қатарынан саналатын «Промстрой» құрылыс тресі, Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы секілді бірқатар өндіріс ошағы бертін келе біржола «марқұм» болып кетті. Отандық өнеркәсіп саласының жаңа тауарлар сериясын шығаруға баяу бейімделуі, соның салдарынан тұтыну нарығының күрт кеңімеуі қалалық жерлерде жұмыссыздықты туындататын негізгі факторлардың бірі болып отыр. Оның үстіне, өндірістік үдерістердің озық технология мен жасанды интеллект атаулыға иек артуы барған сайын адами жұмыс күшін қысқарта түсетінін бүгіндері мемлекет басшылығы ашық айта бастады. Бұдан шығатын қорытынды – нарықта тұрақты сұранысқа ие кемі бірді-екілі мамандықты игеріп алмай, ауылдағы ағайынның жылы орнын суытпай тұра тұрғаны жөн-ау осы. Ол үшін үлкенді-кішілі билік буындарының ауыл тұрғындарының мал, бау-бақша және тоған шаруашылығы секілді қолдан келер іспен айналысуына ұдайы мүдделілік танытудан жаңылмаса дейсің...
Қалай құтқарамыз?
– Ақсоғымның тұсындағы Жезбұғаның арнасына Жайықтан су құйылуы үшін өзеннің деңгейі көктемде ең кемі 6 метр көтерілуі керек, – дейді кіндік қаны Ақсоғым ауылдық округінде тамған Аманкелді ағамыз.
– Ал Жезбұға Шағатай ауылдық округінің аумағында суға қарық болуы үшін Жайықтың деңгейі жазғытұрым жоқ дегенде 8 метрге көтерілуі шарт. Алайда Жайықтың деңгейі 8,5 метр көтерілген жағдайда қаланың төңірегіндегі саяжайларды су басу қаупі төнеді. Өзіңіз білесіз, өзен қойнауындағы саяжайларда бұрынғыдай тек жаз мезгілінде ғана емес, ел-жұрт бүгіндері жыл-он екі ай бойы тұрады, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурс-тары комитетіне қарасты шаруашылық жүргізуге құқылы «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас гидротехнигі Ш. Ермағамбетов.
8 метр түгілі, биыл Жайықтың деңгейінің 3 метр көтерілуінің өзі арман болып қалды. Енді қандай амал бар?..
– Алдымен, әрине, барынша ыждағаттап, Жезбұғаның арнасын және Жайықтан Жезбұғаға су құйылар сай-саланы тазартуға қазынадан қаржы бөліп, әрі осы жұмысты сапалы атқарып, сосын ең таяу жылдары Ақсоғым, Шағатай және Қызылжар ауылдарының тұсына қалқымалы насос қойып, Жа-йықтың деңгейі көтерілгенде Жезбұғаға су толтырып алу қажет. Ол үшін бар болғаны 1,5-2,0 млн текше метр су керек. Бұл – біздің облыс үшін анау айтқандай көп су емес. Ал қалқымалы насостарды өзіміздің Оралдағы кеме жөндеу зауыты жасай алады. Орайы келіп, сәті түсіп тұрғанда айта кетейін, Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылдық округіне қарайтын Қамыстыкөл ауылының маңындағы жобалық су сыйымдылығы 26,0 млн текше метр Ақжайық су қоймасын қалпына келтіру де – Жайықтың Бұқар бетін сумен жарылқаудың төте жолы, – дейді тәжірибелі маман, облыстың бас гидротехнигі Шынболат Ермағамбетов.
Мамандар тарапынан айтылған тағы бір мәлімет – көктем айларында Жайық арқылы біздің өңірге келетін судың 90 пайызы еріген қардың суы көрінеді. Осы фактордың өзі-ақ Елбасының өзі тікелей талап етіп отырған ирригациялық жүйелерді жаңғыртып-жаңалаудың стратегиялық мән-маңызы зор екенін айқындай түседі...
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы