Іргелі істердің ұйытқысы
Іргелі істердің ұйытқысы
376
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында жетекші партияның парламенттік фракциясына қатысты елді елең еткізген шешім қабылданды. Атап айтқанда, Nur Otan-ның партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісі депутаттары мандаттарын Г.Әбдіқалықоваға, Н.Әлімжановқа, Н.Әшімбетовке және Ж.Омарбековаға беру туралы шешім құпталды.

Гүлшара Әбдіқалықованы ел жақ­сы біледі. Ол 1965 жылы 15 ма­­­мырда Қызылорда об­лы­сында дү­ниеге келген. Экономика ғы­лым­дарының кандидаты. Әр жыл­­дары Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрі, Пре­зи­дент кеңесшісі, Мемлекеттік хат­шы лауазымдарын атқарды. 2019 жылғы ақпаннан бері Үкімет бас­шысының орынбасары.

Нұржан Әшімбетов 1969 жыл­ғы 26 маусымда Павлодар об­лы­сын­да өмірге келген. Зооинженер жә­не бухгалтер-экономист деген қос мамандығы бар. Еңбек жолын «Сауле» концернінің брокері бо­лып бастаған ол біраз жыл бизнес сек­торда тәжірибе жинағаннан кейін 1999 жылы мемлекеттік қыз­метке құлаш ұрды: Павлодар об­лысының Лебяжі ауданының әкі­мі, Петропавл және Павлодар қа­лаларының әкімі болды. 2018 жыл­ғы тамыздан бері Екібастұз қа­ласының әкімі.

Жұлдыз Омарбекова 1983 жылғы 24 қыр­күйекте Алматы қаласында туған. Әлеу­меттік ғылымдар кандидаты. Өмір жолын 2001 жылы НТК арнасының жүргізушісінен бастап, кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, қоғамдық ұйым жетекшісі, Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. 2018 жылғы қыркүйектен бері алдымен Қоғамдық даму, артынша Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болды.

Театр және кино актеры, әнші, ком­по­зитор Нұрлан Әлімжанов 1984 жылы 29 сә­уірде Алматы облысында дүниеге келген. «Грех», «Бақсы», «Балалық шағымның ас­па­ны» се­кілді бірқатар фильмдерге түскен.

Орталық сайлау комиссиясының түсін­діруінше, бұл азаматтар Мәжілістегі төрт депутаттың бұрын босаған орнына келіп отыр. Осылайша, Nur Otan фракциясы алда­ғы қыркүйек айында басталатын жаңа сес­сияны қатары толыққан күйде қарсы алмақ.

Nur Otan партиясының Мәжілістегі парламенттік фракциясы – шын мәнінде елдегі тұрақтылық ұстындарының бірі, заңнамада мемлекеттік мүдделердің қорға­луының кепілі, елдегі жаңғыру жұмыс­та­рының пәрменді драйвері саналады. Нұротандық депутаттардың бастамасы және қолдауы арқасында қазақ елінің тәуелсіздігін тұғырлы, мемлекеттілігін мығым, жерін тұтас, экономикасын өр­кен­ді еткен өмірлік маңызды шешімдер өмірге жолдама алды.

Олардың барлығын санамалап жатудың қажеті шамалы. Тек парламенттік журна­лист ретінде өзім куә болған бір тарихи оқиғаға тоқтала кеткенім жөн. 2005 жылдың 16 қарашасында мемлекеттер арасындағы уағдаластық бойынша Қазақстан мен Ресей Парламенттері бір мезгілде, бір күнде «ҚР–РФ мемлекеттік шекарасы туралы шартты» құптауы керек болатын. Сол күні тарихи құжатты Мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады.

Ал солтүстік көршінің МемДумасында бұл шарт ресейлік көптеген депутаттардың қуатты қарсылығына ұшырады. Бұған дейін әр мәселеде әр жаққа тартып, «аққу, шортан һәм шаянның» кебін келтіріп жүрген оппозиция қазақпен арадағы шекара мә­селесінде кенет бастары біріге қалып, қы­зылкеңірдек болып айтысты. РФ МемДу­масындағы «Родина», ЛДПР, коммунис­тердің КПРФ партиясы және басқа да фрак­циялар мен тәуелсіз депутаттар Қа­зақстан мен Ресей арасындағы шекараның тарихта тұңғыш рет бекітілуін «тарихи және саяси қателік», «Ресей мүдделерін аяқасты ету» деп атап, оны қолдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Айта кету керек, тең серіктес ретіндегі ынтымақтастықты емес, импе­риялық кері көзқарасты басшылыққа алатын бірқатар ресейлік күштер қарсылығы кесірінен қазақстандық келіссөзшілердің ұзақ жылғы еңбегі еш болып, жетістіктеріне зая кету қаупі туды.

Дегенмен, бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің берік келісімі, сонымен қатар сол кездегі «Отан» республикалық саяси партиясы (қазіргі Nur Otan) мен «Единая Россия» партиясы депутаттарының өзара іс-қимылы арқасында «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарт» екі елде де қатар мақұлданды. Нәтижесінде, Ресей Мемлекеттік Думасының 312 де­пу­таты жақтап дауыс берді. Ал тарихи құжат­тың қабылдануына тойтарыс беруге ниет­тенгендер ақырында азшылықта қалып, қатары елуден аспады.

Еліміздің көшбасшы партиясының парламенттік фракциясы тәуелсіздік пен елдік мүдделерді қорғауда табандылық танытып келеді.

Бүгінде Мәжілістегі Nur Otan фракциясы 80 депутаттан тұрады. Оның 21-і – әйел азаматтар. Бұлардың қатарына тағы 4 адам қосылып отыр.

Көшбасшы партия атынан сайланған де­­путаттардың барлығы – жоғары білімді, білікті мамандар. Ал Гүлмира Исимбаева, Нұр­тай Сабильянов, Бақытбек Смағұл, Мұх­тар Ерман, Арман Қожахметов, ­Жек­сенбай Дүйсебаев және басқа да де­путаттар екі-үш мамандыққа ие, бірнеше университет бітірген.

Фракция өз қызметін Ата заңның, «Пар­ламент және оның депутаттарының мәр­тебесі туралы» конституциялық за­ңы­ның, Парламент пен Мәжіліс регламент­терінің, сондай-ақ партияның Жарғысы мен Фрак­ция туралы ереженің негізінде атқарады.

Бұл депутаттық бірлестікті партия Төра­ғасының ұсынуы бойынша нұротандық депутаттар өздері сайлайтын фракция же­текшісі басқарады. Қазіргі кезде аталған ла­уазымды Мәжіліс төрағасының орын­ба­сары Гүлмира Исимбаева атқарып келеді.

Фракцияның жиналысы – оның жоғары органы, ал фракция жетекшісінің жанынан құрылған Төралқа – үйлестіруші органы.

Фракция қызметі «ынтымақты дауыс беруге» құрылған, яғни фракция жиын­дарында мақұлданған шешімдер бойынша нұротандық депутаттар Мәжілістің жалпы отырысында және Парламент палатала­рының бірлескен отырыстарында бірауызды дауыс береді. Бұл қалаулылар құзыретіне кіретін мәселелер бойынша фракцияның бірыңғай ұстанымын білдірудің партиялық принципі болып есептеледі.

Ынтымақты дауыс беру қажет болатын мәселені фракция Төралқасына фракция жетекшісі, ол болмаған жағдайда оның орынбасарлары немесе Төралқаның мүшелері енгізеді.

Жалпы, биліктің заң шығарушы тар­мағында абыройы жоғары, беделі биік, сөзі өтімді, ісі ұтымды, пікірі пайымды ірі фрак­цияның құрылуы шешімдердің бірауыздан қабылдануына, заң шығару ісінің тиімді ұйым­дастырылуына, Парламент пен Үкі­мет­тің үйлесімді әрекет етуіне жол ашты. Бұл Қазақстанды жаңғыртатын рефор­ма­лар­дың жедел заңнамамен қамтылып, уақы­ты­лы өмірге жолдама алуына мүмкіндік берді.

Тиісінше, фракция депутаттары өз өкі­лет­тіктері шеңберінде партияның Сай­лауалды бағдарламасының орындалуын бақылайды.

Ол бақылау қорытындылары Nur Otan фракциясы жанынан құрылған кеңестер мен комиссиялар жиындарында жария етіліп, талқыға салынып отырады.

Фракция жанынан құрылған кеңес­тер – фракция жанындағы консультативтік-кеңесші органдар саналады.

Әр кеңес құрамы төрағадан, оның орынбасарынан, жауапты хатшы мен мүше­лерінен тұрады. Кеңес отырыстары қажет болған жағдайда, бірақ әр тоқсанда кемінде 1 рет өткізілуі шарт.

Бүгінде Nur Otan фракциясы жанында Экономикалық саясат жөніндегі кеңес, Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес және Әлеуметтік кеңес жұмыс істейді.

Nur Otan партиясының Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялары жанынан құрылған комис­сиялар «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізеді.

Бұл ретте келесі бағыттарда – «Әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту», «ТКШ инфрақұрылымын, сумен және жылумен жаб­дықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру», «Ин­дустриялық, энергетикалық инфра­құ­ры­лым­ды дамыту, шағын және орта бизнес пен іс­кер­лік белсенділікті қолдау», «Көлік-ло­гис­тика инфрақұрылымын дамыту», «Агроө­нер­кәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қа­білеттігін арттыру» бағыттарында комис­сиялар ұтымды жұмыс атқарып келеді.