Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында жетекші партияның парламенттік фракциясына қатысты елді елең еткізген шешім қабылданды. Атап айтқанда, Nur Otan-ның партиялық тізімі бойынша Парламент Мәжілісі депутаттары мандаттарын Г.Әбдіқалықоваға, Н.Әлімжановқа, Н.Әшімбетовке және Ж.Омарбековаға беру туралы шешім құпталды.
Гүлшара Әбдіқалықованы ел жақсы біледі. Ол 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент кеңесшісі, Мемлекеттік хатшы лауазымдарын атқарды. 2019 жылғы ақпаннан бері Үкімет басшысының орынбасары.
Нұржан Әшімбетов 1969 жылғы 26 маусымда Павлодар облысында өмірге келген. Зооинженер және бухгалтер-экономист деген қос мамандығы бар. Еңбек жолын «Сауле» концернінің брокері болып бастаған ол біраз жыл бизнес секторда тәжірибе жинағаннан кейін 1999 жылы мемлекеттік қызметке құлаш ұрды: Павлодар облысының Лебяжі ауданының әкімі, Петропавл және Павлодар қалаларының әкімі болды. 2018 жылғы тамыздан бері Екібастұз қаласының әкімі.
Жұлдыз Омарбекова 1983 жылғы 24 қыркүйекте Алматы қаласында туған. Әлеуметтік ғылымдар кандидаты. Өмір жолын 2001 жылы НТК арнасының жүргізушісінен бастап, кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, қоғамдық ұйым жетекшісі, Алматы қаласы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген. 2018 жылғы қыркүйектен бері алдымен Қоғамдық даму, артынша Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі болды.
Театр және кино актеры, әнші, композитор Нұрлан Әлімжанов 1984 жылы 29 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. «Грех», «Бақсы», «Балалық шағымның аспаны» секілді бірқатар фильмдерге түскен.
Орталық сайлау комиссиясының түсіндіруінше, бұл азаматтар Мәжілістегі төрт депутаттың бұрын босаған орнына келіп отыр. Осылайша, Nur Otan фракциясы алдағы қыркүйек айында басталатын жаңа сессияны қатары толыққан күйде қарсы алмақ.
Nur Otan партиясының Мәжілістегі парламенттік фракциясы – шын мәнінде елдегі тұрақтылық ұстындарының бірі, заңнамада мемлекеттік мүдделердің қорғалуының кепілі, елдегі жаңғыру жұмыстарының пәрменді драйвері саналады. Нұротандық депутаттардың бастамасы және қолдауы арқасында қазақ елінің тәуелсіздігін тұғырлы, мемлекеттілігін мығым, жерін тұтас, экономикасын өркенді еткен өмірлік маңызды шешімдер өмірге жолдама алды.
Олардың барлығын санамалап жатудың қажеті шамалы. Тек парламенттік журналист ретінде өзім куә болған бір тарихи оқиғаға тоқтала кеткенім жөн. 2005 жылдың 16 қарашасында мемлекеттер арасындағы уағдаластық бойынша Қазақстан мен Ресей Парламенттері бір мезгілде, бір күнде «ҚР–РФ мемлекеттік шекарасы туралы шартты» құптауы керек болатын. Сол күні тарихи құжатты Мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады.
Ал солтүстік көршінің МемДумасында бұл шарт ресейлік көптеген депутаттардың қуатты қарсылығына ұшырады. Бұған дейін әр мәселеде әр жаққа тартып, «аққу, шортан һәм шаянның» кебін келтіріп жүрген оппозиция қазақпен арадағы шекара мәселесінде кенет бастары біріге қалып, қызылкеңірдек болып айтысты. РФ МемДумасындағы «Родина», ЛДПР, коммунистердің КПРФ партиясы және басқа да фракциялар мен тәуелсіз депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның тарихта тұңғыш рет бекітілуін «тарихи және саяси қателік», «Ресей мүдделерін аяқасты ету» деп атап, оны қолдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Айта кету керек, тең серіктес ретіндегі ынтымақтастықты емес, империялық кері көзқарасты басшылыққа алатын бірқатар ресейлік күштер қарсылығы кесірінен қазақстандық келіссөзшілердің ұзақ жылғы еңбегі еш болып, жетістіктеріне зая кету қаупі туды.
Дегенмен, бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің берік келісімі, сонымен қатар сол кездегі «Отан» республикалық саяси партиясы (қазіргі Nur Otan) мен «Единая Россия» партиясы депутаттарының өзара іс-қимылы арқасында «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарт» екі елде де қатар мақұлданды. Нәтижесінде, Ресей Мемлекеттік Думасының 312 депутаты жақтап дауыс берді. Ал тарихи құжаттың қабылдануына тойтарыс беруге ниеттенгендер ақырында азшылықта қалып, қатары елуден аспады.
Еліміздің көшбасшы партиясының парламенттік фракциясы тәуелсіздік пен елдік мүдделерді қорғауда табандылық танытып келеді.
Бүгінде Мәжілістегі Nur Otan фракциясы 80 депутаттан тұрады. Оның 21-і – әйел азаматтар. Бұлардың қатарына тағы 4 адам қосылып отыр.
Көшбасшы партия атынан сайланған депутаттардың барлығы – жоғары білімді, білікті мамандар. Ал Гүлмира Исимбаева, Нұртай Сабильянов, Бақытбек Смағұл, Мұхтар Ерман, Арман Қожахметов, Жексенбай Дүйсебаев және басқа да депутаттар екі-үш мамандыққа ие, бірнеше университет бітірген.
Фракция өз қызметін Ата заңның, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңының, Парламент пен Мәжіліс регламенттерінің, сондай-ақ партияның Жарғысы мен Фракция туралы ереженің негізінде атқарады.
Бұл депутаттық бірлестікті партия Төрағасының ұсынуы бойынша нұротандық депутаттар өздері сайлайтын фракция жетекшісі басқарады. Қазіргі кезде аталған лауазымды Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева атқарып келеді.
Фракцияның жиналысы – оның жоғары органы, ал фракция жетекшісінің жанынан құрылған Төралқа – үйлестіруші органы.
Фракция қызметі «ынтымақты дауыс беруге» құрылған, яғни фракция жиындарында мақұлданған шешімдер бойынша нұротандық депутаттар Мәжілістің жалпы отырысында және Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында бірауызды дауыс береді. Бұл қалаулылар құзыретіне кіретін мәселелер бойынша фракцияның бірыңғай ұстанымын білдірудің партиялық принципі болып есептеледі.
Ынтымақты дауыс беру қажет болатын мәселені фракция Төралқасына фракция жетекшісі, ол болмаған жағдайда оның орынбасарлары немесе Төралқаның мүшелері енгізеді.
Жалпы, биліктің заң шығарушы тармағында абыройы жоғары, беделі биік, сөзі өтімді, ісі ұтымды, пікірі пайымды ірі фракцияның құрылуы шешімдердің бірауыздан қабылдануына, заң шығару ісінің тиімді ұйымдастырылуына, Парламент пен Үкіметтің үйлесімді әрекет етуіне жол ашты. Бұл Қазақстанды жаңғыртатын реформалардың жедел заңнамамен қамтылып, уақытылы өмірге жолдама алуына мүмкіндік берді.
Тиісінше, фракция депутаттары өз өкілеттіктері шеңберінде партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылайды.
Ол бақылау қорытындылары Nur Otan фракциясы жанынан құрылған кеңестер мен комиссиялар жиындарында жария етіліп, талқыға салынып отырады.
Фракция жанынан құрылған кеңестер – фракция жанындағы консультативтік-кеңесші органдар саналады.
Әр кеңес құрамы төрағадан, оның орынбасарынан, жауапты хатшы мен мүшелерінен тұрады. Кеңес отырыстары қажет болған жағдайда, бірақ әр тоқсанда кемінде 1 рет өткізілуі шарт.
Бүгінде Nur Otan фракциясы жанында Экономикалық саясат жөніндегі кеңес, Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес және Әлеуметтік кеңес жұмыс істейді.
Nur Otan партиясының Мәжілістегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялары жанынан құрылған комиссиялар «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізеді.
Бұл ретте келесі бағыттарда – «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту», «ТКШ инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру», «Индустриялық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау», «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту», «Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттігін арттыру» бағыттарында комиссиялар ұтымды жұмыс атқарып келеді.