Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Жазушылар одағында қаламгер қауыммен кездесіп, қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі жайында әңгіме өрбітіп, одаққа алдағы уақытта қолдау білдіретінін жеткізді.
– «Қазақ әдебиеті» газетін әркез қарап, оқып отырамын. Ойың бөлініп, көңілің ауып жақсы бір күйге түсесің. Қаламгерлердің материалдық жағдайы туралы бұған дейін де жиі сөз болған. Соны ескере отырып, Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында қаржылай қолдау көрсететін боламыз, – деді әкім.
Шаһар басшысы Жазушылар одағы ғимаратын жалға алу формасынан жекеменшікке көшіруге қатысты да ойын білдіріп, бұл шаруаның алдағы уақытта іске асатынын айтты. Сонымен қатар тікелей әкім тапсырмасымен әдебиет саласында елеулі еңбек етіп, өміршең шығармаларды дүниеге әкелген сөз зергерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы әлеуметтік-танымдық бейнероликтер циклін шығаруды «Алматы» телеарнасы қолға алмақ. Қала басшылығы 2020 жылы мегаполисте өтетін халықаралық деңгейдегі «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби байқауға да қолдау білдірмек.
– Басты проблема – қаламақы мәселесі. Ат-атағымыз бар. Бірақ соған сай қаржылық жағдай қалыптасқан деуге келмейді. Соған байланысты өздеріңізді материалдық тұрғыдан қолдау біздің күн тәртібіміздегі басты мәселеге айналып отыр. Осыған орай, тамыз айынан бастап 30-дай ақын-жазушыға грант тағайындауды қолға алмақпыз. Бұл қолдау алдағы жылдары да жалғаса бермек. Әкімдіктің де, өзімнің де ұстанып отырған басты саясатым – шығармашылық үшін барлық жағдайды жасау, – деді шаһар басшысы.
Жазушылар тарапынан Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ортаға шығып, пікір білдірді. Әйгілі қаламгер әдебиетте, қаламызда қордаланған бірқатар проблемаларды жасырмай, ортаға салды.
– Менің ойымша, Абайды, Мұқағалиді, Пушкинді, Қасымды, Лермонтовты сүйіп оқыған адам ешқашан қылмыс жасамайды. Қазір әдебиетті оқу, зерделеу артта қалды. Бұл – бір. Мен өз кітабымды өзім шығарамын. Үкімет көк тиын бөлмейді. Далиған халық жазушысы деген атағы ғана. Содан соң шығарушылар кітаптарды үйіме әкеліп тастайды. Үйіме барсаңыз үй ма, әлде кітап қоймасы ма айыра алмайсыз. Сол кітаптарымды өзім сатамын. Үкімет қол ұшын созбайды, бірақ салық салуды ұмытпайды. 1 000 теңгенің кітабы дүкенге барған соң 3 000 теңгеге көтеріліп кетеді. Халықтың қалтасы жұқа болған соң көп жағдайда кітаптар өтпей қалады. Осыны да қаперге алсаңыз. Одан кейін, Алматының өзінде кітап таратудың механизмі жоқ, – деді Қабдеш Жұмаділов.
Өз кезегінде, Бақытжан Әбдірұлы жазушылар тарапынан кез келген ұсынысқа ашық екенін, әдеби ортадағы процесті дамытуға, сапа мен қаламақыны көтеруге аянбай атсалысатынын айтты. Алдағы уақытта әкімдік пен Жазушылар одағы руханият түйткілдерінің шешімін табуы үшін бірлесе отырып әрекет етпек.