Тәуелсіздік алған жылдардан бері посткеңестік мемлекеттер Ресейдің ақпараттық кеңістігінен бірінен соң бірі шыға бастады. Территориялық біртұтастық пен ақпараттық қауіпсіздікті сақтаймыз деген желеумен Латвия ресейлік телеарналардың ретрансляциялануына тыйым салған еді. Балтық жағалауы елдерінің саясаткерлері, тіптен ресейлік арналар «тілдік нормаларды орындамайды» деп айып тақты. 2014 жылы Украинаның Телевизия мен радиотарату жөніндегі ұлттық кеңесі бірқатар ресейлік арналардың ретрансляциялануын тоқтатып, бағдарламалық қызмет көрсететін провайдерлерден тиісті шешімнің жылдам орындалуын талап етті. Вести, Россия 24, ОРТ (Первый канал всемирная сеть), РТР Планета, НТВ арналары Украинаның ақпараттық кеңістігінен кетуге мәжбүр болды. Бұл ұлттық кеңестің «Украинаның егемендігі мен территориялық біртұтастығын, ұлттық қауіпсіздігін, ақпараттық қауіпсіздігін сақтау шешімімен тікелей байланысты. Ал биыл украин елінде тағы үш ресейлік арна, Еурокино, Топшоп, Зоопарк арналарына шектеу қойылды. Байқағанымыздай, егер Балтық жағалауы елдері мүлдем ресейлік арналардан бас тартса, Украина алдымен – Ресейдің Кремльмен тығыз байланысты саяси арналарына тыйым салып, бертін келе салалық, отбасылық арналарға шектеу қойып жатыр. 2008 жылы Михаил Саакашвили басқарған үкімет ресейлік арналардың ел аумағында таратылуын шектеген еді. Жаңа басшылық келгеннен кейін бұл талаптар босаңсыды. Десе де, 2016 жылы Грузияға қарсы саяси-ақпараттық соғыс ашып отыр деген айыппен бірқатар қоғамдық ұйымдар ресейлік арналардың таратылуын мүлдем тоқтатуды ұсынды. 2014 жылы Молдова Россия 24 арнасының ел аумағында таралуына тыйым салды. 2011 жылы Өзбекстан Ресейдің ДТВ мен ТНТ арналарының жұмысын тоқтатқан еді. Бұған себеп – «Дом 2» сияқты жобалардың ар-ұят шеңберінен шығып, жастарға теріс тәрбие беріп отыр деген уәжі. Жалпы, Өзбекстан аумағында ресейлік арналардың орталықтандырылған ретрансляциясы сонау 1990 жылдардың орта шенінде шектелген еді. Өзбекстан қандай да бір ресейлік арнаның шектелуін «спутниктің ыңғайсыз орналасқанымен» байланыстырып, оңай құтылып отырады. Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы:
– Ақпараттық қауіпсіздік дегеніміз – территориялық тұтастық, ұлттық қауіпсіздік пен кез келген мемлекеттің халықаралық абырой-беделі. Ақпараттық қауіпсіздік тек шетелдік БАҚ-тарға тыйым салумен шектелмейді, сонымен қатар ел азаматтарына шынайы ақпараттың жедел жеткізілуі маңызды. Мәселен, өткенде Қытай елшісі «Қазақстанда пневмониядан да қауіпті ауру шығып жатыр» деп әлемге жар салды. Мұның не мақсатпен айтылғанын білмейміз. Ақпараттың бұрмалануының кесірінен халықаралық БАҚ-та Қазақстанның халықаралық абырой-беделіне, ақпараттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін деректер тарады. Бірақ Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жедел мәлімдеме жасап, еліміздегі белгісіз аурудың КВИ-дің асқынған түрі екенін жеткізгенде бізге тілеулес Түркия, Америка, Жапония сияқты елдердің БАҚ-тары СІМ-нің мәлімдемесін қолдап, іліп әкетті, – дейді.Мамандардың пікірінше, ресейлік арналардан арылу үшін отандық БАҚ-тың сапасын арттыру қажет. Шыны керек, соңғы жылдары Қазақстанда ресейлік саяси-ақпараттық арналардан көрі отандық арналарға деген оң бетбұрыс байқалады. Тіпті, MediaHills компаниясының мәліметінше, пандемия салдарынан енгізілген карантин кезінде Хабар 24, Balapan мен Жетінші арнаның рейтингі артып, көрермендер тарапынан сұраныс жоғары болған. Ресейлік арналардан Мужское кино, Кинопремьера, Киносвидание және Кинохит, балаларға арналған Nick jr мен Tiji арналарының көрсеткіші жоғары болған. Қазақстанда Ресейдің Первый канал арнасы кабельдік, спутниктік желілер арқылы тараумен қатар, «Еуразия» Бірінші арнасы арқылы да өз бағдарламаларын таратып келеді. Ақылы телевизияның ірі операторы «Алмател Қазақстан» компаниясы Alma TV бренді арқылы танымал. Наурыз айында бұл компания Первый каналдың сандық тележүйесінен оны алып тастауға тура келетінін мәлімдеген еді. Ресей территориясында тегін таратылатын арнаны Қазақстан аумағына қымбат бағаға ретрансляциялайтын көрінеді. Соңғы жылдары Первый каналдың аудиториясы да азайып барады. Егер қажет болса, интернет, ноутбук, смартфон арқылы тегін көрсетілетін арнаны неге отандық ірі оператордың қыруар қаржыға ретрансляциялап келгені белгісіз. Посткеңестік елдердің басым бөлігінде көрсетілмейтін мұндай ресейлік арналар өз аудиториясын, «тым ресейшіл, асыра ұлтшыл» үгіт-насихаттың кесірінен жоғалтты.