Еңбек ердің атын шығарады. Ертеңгі күніне сенім сыйлайды. Жаңа белеске көтереді. Кеңес Одағы кезінде ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілетін. Атаққа иелер күн-түн демей егіс даласында жүргендер, мыңғыртып мал айдағандар. Қарасаңыз, дені атақты ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп саласында алған. Осыған қарап қазақтың икемді тұсын байқайсың. Сол жылдары ғылым мен техника да ауыл шаруашылығы арқылы дамыған деседі.
Социалистік Еңбек Ері атағы 1938 жылы 27 желтоқсанда КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының жарлығымен бекітілді. 1986 жылға дейін ҚазКСР-де 1 792 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алыпты. Соның ішінде бұл атақты Н.Алдабергенов, Н.Головацкий, Ы.Жақаев, Н.Кузнецов, Ж.Қуанышбаев екі рет иемденген. Дінмұхамед Ахметұлы Социалистік Еңбек Ері атағын үш мәрте алған.
Жақаев агротехникасы
«Жақаевшылар қозғалысы», «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестаты», «Жақаевшылар мектебі» оқырманға жақсы таныс. Даңқты күріш өсіруші «еңбектің наны тәтті» екенін дәлелдегендердің бірі. Күріш өсіру технологиясын зерттеу арқылы «Жақаев агротехникасын» жасап шығарған тұлға. Тұқым себу алдында егісті күнге қыздыру, көң мен суперфосфат ерітіндісіне бөктіру, қамыс пен күрмек арамшөптерімен күрес жүргізу сынды шараларды өндіріске әкелді. Технологиялық әдіс жемісін беріп 1944 жылы күріштің әр гектарынан 110 ц, 1945 жылы 156 ц күріш алды. 1947 жылы бекітілген тәжірибе учаскесінің әр гектарынан 172 ц өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. 1948-1957 жылдары 20 га жердің әр гектарынан тұрақты түрде 150-170 ц өнім алды.
Тылдағы ерен еңбек соғыстағы жауынгерлерге деген үлкен көмек болды. Ыбырай Жақаев бастаған еңбеккерлер Отан қорғау қорына арнап танк колоннасын жасауға 150 мың сом қаржы берді. Маңдай термен келген еңбек ақталды. Атақ үшін емес, Отан үшін әрекет етті. Жастар арасына үндеу тастап «Жастар, сендерді ақ күрішті алқап күтеді» деді. Осыдан кейін республикада «Жақаевшылар қозғалысы» басталды. Мыңдаған жас күріш технологиясын меңгеріп, кеудесінде Қызыл жұлдыз жарқырауы үшін аянбай еңбек етті. Жастарды жігерлендіру мақсатында Қызылордада «Ыбырай Жақаевтың еңбек аттестаты» пайда болды. Республикалық «Жақаевшылар мектебі» жұмысын бастады.
Байлық – малда
Бір ғана Ақтөбе облысын алсақ, 1948-1949 жылдары 67 Еңбек Ері шыққан екен. Қызығы, түгелдей мал шаруашылығы саласының үздіктері. Соның ішінде 12 малшы Ленин орденімен марапатталыпты. Ырғыз ауданы «Басқұдық» колхозының аға шопаны Құтмәмбет Ақбанов 1948 жылы әр 100 саулық қойдан 123 қозы алыпты. Темір ауданы «Кеңесту» колхозының аға шопаны Керей Артықбаев 100 саулықтан 120 қозы алған екен. Байғанин ауданы «Ноғайты» колхозының аға шопаны Ораз Түркин болса 100 саулықтан 148 қозы өсірген. «Социалистік жол» газеті деректеріне сүйенсек, 1948 жылғы мал саны 1947 жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болыпты. Мүйізді ірі қара 29,6 пайызға, қой-ешкі 58,8 пайызға, жылқы саны 48,5 пайызға өсіпті.
Жайылым жайлы болып, мал көбейген шақта техника мен ғылымға көңіл бөлу басталыпты. Колхоздарда шағын электр стансаларын салуға ірі кәсіпорындар көмек қолын созыпты. Партия талабы бойынша әр кәсіпорынға бірді-екілі ауылдан бөліп беріпті. Ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе көмір тресі, Шұбарқұдық паровоз депосы қамқорлыққа алған колхоздарға құрылыс материалдарын, электр жабдықтарын жеткізіпті. Нәтижесінде, 1948 жылы облыста 31 шағын электр стансасы бой көтеріпті.
Кеңес өкіметі кезінде бесжылдыққа арналған жоспардың орындалуы үшін қаржы қажет болатын. Сондайда үкімет қаржыны заем ретінде кәсіпорындардан қарызға алыпты. Мұны «халықтан қарыз алу» деп атапты. Сонда шаруашылық өкілдері үкіметке 32 миллион 669 мың сом қарыз берген екен.
Құлшыныс
Кеңес жылдары халық қолынан келгенін істеді. «Білмеймін емес, үйренемін» деп жауап берді. Түркістан – Сібір теміржолын салып, қант қызылшасын өсірді. Тұрғын үй, орталық мәдениет үйі, кеңсе, балабақша, орта мектеп, аурухана құрылысы қызды. Еңбек мәдениетін қалыптастырғанда ғана елде даму болатынын ескерді. Осындайда ұжым бригадирлеріне сенім айрықша болатын. Ісін артығымен атқарғандардың бірі Нұрмолда Алдабергенов еді. Ұжымшар экономикасын көтеріп, асылтұқымды мал фермасын құрды. Ауылда қала үлгісінде құрылыс салу жұмыстарын жүргізді.
Қазақстанның еңбек айдынынан малшы-селекционер шықты. Жазылбек Қуанышбаев «Кеңес» серіктестігіне малшы болып кіріп, аға шопан дәрежесіне жетеді. Алматыда өткен ауыл шаруашылығы көрмесінде будандастырған мал тұқымдарын көріп, қызығып қайтады. Келісімен қылшық жүнді қойды қаракөл қойымен будандастыру ісін жүргізеді. Ұлы Отан соғысынан кейін тоқтап қалған селекция жұмысын жандандырып, құнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді.
Жанкештілік
Жетістіктің астарында жанкештілік бар. Ол Социалистік Еңбек Ері атанғандармен дәлелденген. Егін даласында, қар астында, құзда жүріп өзіне берілген тапсырманы орындауға деген жігер көмектескен. Осыған қатысты қаншама мысал бар. Егін үсіп қалмасын, мал жоғалып кетпесін, саны сұралады деп ісін абыроймен атқарған. «Социалистік жолдағы» мына мысалға таңдай қақпауға болмас. «Ақшат» колхозының 115 жылқысын 67 жастағы Шәріп Жаппаров қарт бағыпты. Қаңтардың аяқ кезіндегі суық пен боран жылқыны ықтырады. Шәріп қарт
4 күн бойы жылқылардың жанынан кетпей, бірге болады. Бытыратпай қайырып, адырдың ығына иіріп, аман сақтап қалады.
5 күн дегенде жылқышыны іздеуге келгендер тауып алады.
Сол кезеңде жауапкершілік жаннан тәтті болған сыңайлы. Адырда қалған мал саны, белгіленген егін центнері, зауыттағы өнім мөлшері еңбек адамының өміріне айналды. Қазақ даласында еңбек менталитеті қалыптасты. Жастар жаппай еңбекке араласты. Өйткені олардың алдында стимулға айналған тұлғалар болды. Жақсы нәтиже көрсеткендерді демеп, әлеуметтік көмек көрсетілді. Өз кезегінде олар ауылдың дамуына үлес қосты. Электр стансаларынан бастап, радио байланысын орнатуға жәрдемдесті.
Халық өзінің пойыз вагоны екенін ұғынды. Рельстен шығып кетпей, тоқтап қалмай жүру бір-біріне байланысты екенін түсінді. Бір бағытты дамыту үшін екіншісі аянбай еңбек ету керегін білді. Нәтижесінде, агроөнеркәсіп дамыды, ауылға жарық келді, қала салу басталды, ел тұрмысы жақсарды. Мектеп салу, мәдениет үйін тұрғызу жұмыстары жүрді. Жағдай дұрысталғасын, ғылым мен білімге, мәдениетке назар аударылды. Еңбек адамының күшімен театр, ғалымдар үйі, өнер мектебі бой көтерді. Қуанышбаевтың көрмеден көргенін жүзеге асырғаны сияқты, олар да шетелге шығып, жан-жақты көріп, білім жинады. Толысқасын жеке мемлекет болу қамына кірісті. Тәуелсіз Қазақстан өрісін кеңейтіп, жаңа ғасырға дайындық жасады.
Қазіргі еңбек мектебінің күйі мәз емес. Менталитет өзгерген. Білім мен ғылымға көңіл бөлінгенмен, еңбек майданы иесіз. Қазақстанның Еңбек Ері атағы әлі де бар. Соңғы он жылда атақ алғандарға үңілсеңіз, ауылшаруашылық өкілдерін бірді-екілі жерде кезіктіресіз. Неліктен? Қазақтың артықшылығы жерінің құнарында, малдың етінде екенін алыс-жақын шетел жақсы біледі. «Айқында» сан мәрте елдегі ауыл мен мал шаруашылығына қатысты мақала жарық көрді. Ірі қара өсіру, қой будандастыру ісі, астық егу шаралары жайы жазылды. Қой өсіруден көш бастаған Моңғолияда жайылым жер көп екені белгілі. Түркия болса қорада қой бағып, үштікке кіріп отыр. Жер көлемі жағынан 9-орындағы мемлекет ауыл мен орман шаруашылығынан ақсап тұр. Жастар санасында қазаққа қызмет ету «креслода отырумен» өлшенетінге ұқсайды. Үкімет агроөнеркәсіпті қолға алу үшін жыл сайын грант бөледі. Ауыл шаруашылығын оқуға талпынатыны аз. Биікке шығу үшін баспалдақ керек емес пе?
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ