Түркістан – кино әлемінде

Түркістан – кино әлемінде

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен осыдан тура бір жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы – Түркістан облысы болып өзгеріп, орталығы Түркістан қаласына көшті. Сол кездерде қазақ рухы ту көтергендей ел іші ыстық лебіз, отты үмітке толды. Ақсарбас қой сойылды, ақсақалдан бата алды. Жуырда ғана осы облыстың бастамасымен «Төле би» сериалы жарыққа шыққан еді. Өткен жылы «Көне жетігеннің сыры» таныстырылды. Бұған елге белгілі кино және театр саласында жүрген мамандар не дейді?

Ұлан БОЛАТБЕК,
Ғ.Мүсірепов атындағы театр актері:

– Түркістан – түркі әлемінің ор­тақ қазынасы екені сөзсіз. Сон­дық­тан Елбасының бұл шеші­мін то­лық құптадық, үкім шыққанда бөркімізді көкке аттық.

Ең қызығы, Түркістанның об­лыс орталығы болып, оңтүстік­те­гі асыл атырап, осы киелі атау­ды еншілегені тек сол жақтың адам­дарына ғана емес, бауырлас бар түркінің қуанышына айналып кеткендей.

Мамандар өз тілінде сөйлер. Оның экономикасы, туризм сала­сы, өндіріс саласы көп кенжелеп кел­ді. Енді бұған баса назар аудару керек деп есептеймін.

Түркістан өңірінде күні бүгін­ге дейін толық зерттелмеген орын­­дар бар. Түркістан топыра­ғы­­нан түлеп ұшқан ұлттық дең­гей­дегі, әлемдік масштабтағы тұл­ғалар туралы әңгіме тіптен басқа ғой.

Бұл орайда Түркістан өңірінің тарихи кеңістігіне терең бойлай алуымыз керек. Бойлап қана қой­май, оны сан тарапқа танытқа­ны­мыз абзал деп ойлаймын.

Осы орайда тарихи кино, се­риал, деректі фильмдердің ала­тын орны ерекше. Бұл өлкедегі әрбір ұлы тұлғаның ізінен-ақ үлкен дүниелер жасауға болады.

Қазір Қазақстанның медиа күші бұған жетіп тұр. Республика түгілі әлемді бағындырып үлгер­ген режиссер, продюсер, сце­на­ри­­ші­лердің басы шоғырланып, қа­сиетті мекеннің құдіретті тари­хын экранизациялау – парызы­мыз деп ойлаймын.

Түркістан бір жыл ішінде өте көп жетістікке қол жеткізіп отыр. Жалпы, Оңтүстік өңір қазақ мульт­фильмдерінің орталығы деп білеміз.

 

Олжас ЖАҚЫПБЕК,
актер, «Серпер» сыйлығының иегері:

– Уақыттың жылдамдығын осын­дайда аңғарасың. Күні кеше ғана Елбасының тарихи шешімі үшін қуанып жатқан сияқты едік. Енді, міне, оның да ең алғашқы мерейтойына келіп жетіппіз. Жер күн­ді айналамын дегенше жалпы елі­міз елең етер көп өзгерістен өтті.

Соның ішінде Түркістанның әр қадамы жіті қадағаланды деп ойлаймын. Бұл жергілікті медиа қызметкерлердің арқасы да болу керек. Себебі, БАҚ беттерінен жаңа­лық оқысаң Түркістанда күнара бір ғимарат ашылып, сағат ара жаңа жобалар іске қосылып жатқанын байқаймыз.

Түркістан – отанымыздың рухани ордасы. Уақыт өте келе, Алматымен иық тіресетін тірек болады ғой деп сенемін. Режисер­лік көзқараспен қарасақ, Түркі­стан­ның туризмді дамыту жолын­да­ғы потенциалын бірден аңғару­ға болады.

Мақталы алқап, бақшалы ал­қап, күн райының қолайлы­лығы – осы фактордың алғы­шар­ты деп білеміз.

Түркістан алдағы уақытта БАҚ-тың ғана емес, медиаин­дус­трия­ның да орталығына айналса екен деген тілек бар. Тарихи кино­лардан бөлек бейнеклип, деректі фильмдер молынан түсі­рі­луі керек. Елбасы бастаған, Президентіміз қостаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әлі жалға­суда. Демек, инициатива танытқан адам үшін мемлекет тарапынан да қолдау мол болады деп ойлаймын. Тек идея мәселесін қарастыру керек.

Ізденем, еңбектенемін деген адамға Түркістанның әр тасы, әр желі тұтас материал. Таңды таңға ұза­тып, түсірілім жасауға мүмкін­дік бар.

Түркістан облысының әр ауданы, әр ауылы туралы, оның тарихы хақында деректі фильмдер түсірілуі шарт. Бұл тәуелсіздігіміз­дің бір кепілі болады.

Кино – идеология. Демек, Түр­кістанның идеологиялық құді­ре­тін қазір дұрыс пайдалана алуымыз керек.

Сөз соңында қасиетті атырап­тың дара облыс болып, өз алдына жаңа даму бағытын қолға алуы құп­тарлық іс екенін айтқым келе­ді. Бұл әр қазақтың көкейінде жүрген мәселе еді.

 

Түркістан халқына ол – үлкен сер­піліс. Ақын-композиторлар жыр­лаған киелі өлке жаңғырып жатыр. Болашаққа деген нық сеніммен, көк аспанның астында тәуелсіз елдің тұмары болған Түркі­с­танның топырағы бабалар­дың қанымен сіңген қасиет-қадір­ді жоғалтпайды. Ғасырдан ғасырға мұра болып келе жат­қан ғибратты ғұмыр­дың, парасатты ойдың, кіршіксіз сенімнің орта­лы­ғы болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақ­стан­дағы туристік өлкелердің алдыңғы қатарына шығуы бек мүмкін.


Әсет ҮМБЕТБАЙ,
Ғ.Мүсірепов атындағы театр актері:

– Түркістан – Азия құрлығын­дағы елдер үшін екінші Мекке аталған қасиетті мекен. Осы бағытта жұмыс істейтін болсақ, сөзсіз Орталық Азиядағы барлық мұсылман тартылатын еді. Келген әр турист – ол туризмнің дамуы­на жасалатын қадам ғой.

Түркістан дегенде келетін ал­ғаш­қы ой – осы. Меніңше, әр қа­­зақстандықтың өзіндік Түркі­станы бар. Әркім іздегенін табады осы атаудан. Бірі Қожа Ахмет Ясауиді елестеді, бірі Отырар кітап­ханасын іздейді. Бұл сол ме­кен­нің қаншалық құпияға толы екенін көрсетеді емес пе?

Ал құпия атаулының барлығы – ки­ноиндустрия үшін таптыр­май­тын байлық. Сондықтан бұл мүмкіндікті жоғалтып алмау – біздің басты бағдарымыз.

Әлбетте, жаңа облыстың жаға­­сынан алып, міне идея, міне жоспар деп ұсына беру де дұрыс емес шығар. Алайда осы идеялар­дың басын қосса, нобай пайда болады емес пе? Кезіндегі «Алмас қылыш» фильмін еске түсіріңізші. Бір ғана сериал қазақтың рухын қалай оятты? Әр көрермен фильм соңында орнынан тұрып, шапа­лақ ұрды. Сол кезде киноның қан­дай идеология екенін толық аңғардық.

Бұл – бір ғана кино. Ал сіз тұ­тас мемлекеттік бағыттың осы ар­наға бұрылғанын елестетіп көріңізші.

Заман ағымына сәйкес, біздің де түтініміз түзу, керегеміз кең, шаңырағымыз биік болуы керек. Себебі, әлем қаншама дағдарыс­ты бастан кешіп жатқан уа­қыт­­та, соған қарамастан, еліміз өр­кен­­д­еуін тоқтатпайды. Демек, ең­­б­екке баулыған ұрпақтың дас­тар­­қаны әрдайым ырысқа толып тұрады.

Түркістанның бөлек облыс атануы – болашаққа деген үлкен үміт пен бүгінге нық сенім. Қазір­гі таңда әлеуеті зор, мүмкіндігі бар мемлекет қана бәсекеге қабі­лет­ті елге айналуы мүмкін. Сон­дық­тан соқпақ жолмен өткен, шыңдалған өлкенің даму мақсаты айқын болуы шарт.

 

Әлімбек КЕЛДІБАЙ:

– Негізі, бұл жаңалықты дұ­рыс қабылдай алғанымызға қуа­нуы­мыз керек. Елдің өте жақсы қабылдағанын көріп қуанып қалдым. Тегі, қазақ руханияты ізде­нушілерін танып алды. Ел рухын іздеп тапты. Енді осы жол­дан адаспау керек.

Түркістан – жалпы қазақия үшін ғана емес, алыс жақын Азия мен Еуропаны біріктірген бауыр­лас түркі елдері үшін ортақ мұра.

Жерді меншіктеу мүмкін шы­ғар, бірақ тарих пен тамырды мен­шіктеуге болмайды. Сондық­тан осы бағытта көптеген жұмыс атқаруымыз керек деп ойлаймын.

Өз басым, Отырар кітапхана­сы туралы кино түсіргім келеді. Оның жиналуы, оның кітап қоры, ондағы институттар баста­масы. Осының барлығын экра­ни­за­цияласа, шіркін!

Қазақта киесіз жер жоқ, десе де Түркістанның алатын орны ерекше деп білемін.

Түркістан халқына ол – үлкен сер­піліс. Ақын-композиторлар жыр­лаған киелі өлке жаңғырып жатыр. Болашаққа деген нық сеніммен, көк аспанның астында тәуелсіз елдің тұмары болған Түркі­с­танның топырағы бабалар­дың қанымен сіңген қасиет-қадірді жоғалтпайды. Ғасырдан ғасырға мұра болып келе жатқан ғибратты ғұмырдың, парасатты ойдың, кіршіксіз сенімнің орта­лы­ғы болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы туристік өлкелердің алдыңғы қатарына шығуы бек мүмкін. Түркі әлеміне таныс киелі Түркістан қаласы – біздің мақтанышымыз. Түркістан қаласының дамуы – елдің дамуы деп нық сеніммен айта аламын.

Осы сәтті пайдаланып, рухты ояту жолында әлі талай жұмыс­тар­ды атқарған абзал.

Елбасы бастаған бұл бастама­ның басында үлкен еңбек, соңын­да рухани төңкеріс жатыр. Қазақ – қазақтығын танып, қазақ­тығы­мен мақтана алады деп ойлаймын.

Десе де, осы бағыттағы сапар­дың алғашқы жылы құтты бол­сын. Көптеген іс атқарылды. Бұл – қуанарлық жағдай. Тамы­рын іздеген қазақ Түркі­станға соқпай қоймайды.

 

Аян МЕЙРАШ