Н.ӘЛІМЖАНОВ, Мәжіліс депутаты: Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады
Н.ӘЛІМЖАНОВ, Мәжіліс депутаты:  Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады
460
оқылды

– Нұрлан, мәжіліс депутаты болып сайландыңыз, құтты болсын! Қандай көңіл-күйдесіз?

– Рақмет! Шынымды айтсам, актер ретінде ойнаған рөлдерімде мұндай қобалжыған емеспін. Мүмкін өнер өзімнің ортам, үйім болғандықтан шығар. Әйтеуір, іштей бір қобалжу бар. Бір жағынан қуаныш та, қорқыныш та жетерлік. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын, бірақ ішім алай-дүлей сезімге толы. Бұл мен үшін үлкен белес. Ел алдындағы жауапкершілігі зор. Халықтың атынан барған соң, олардың сөзін сөйлеп, мәселесін көтеру керексің. Ол мәселені көтеріп қана коймай, оны шешуге міндеттісің. Сол сенімді ақтауға тырысамын.

– Алдағы жоспарыңыз қандай? Ол жаққа барғанда қандай мәселелерді көтересіз?

– Мәдениет өнер саласынан болған соң, сол жаққа барам деп ойлаймын. Себебі, бұл жаныма жақын дүние. Әрі мұнда ненің жақсы, ненің жаман екенін де жақсы білемін. Кемшілігі болса түзеп, жақсылығы болса, айтуға тырысамын. Бастысы, қордаланған дүниенің шешімін табу.   Дәл қазір «бүгін мынаны, ертең ананы істеймін» деп нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ білетін саламды қозғауға тырысамын. Өнер саласында жүргендіктен, шешілмей жатқан мәселесі де бар. Өзім қазақпын, жаным қазақ, қаным қазақ болған соң, қазаққа керек дүниелерден бастаймын. Мәселен, тіл мәселесі, ұлттық құндылықтар, кино саласы бар. Бұл мәселелер бұрыннан да айтылып келе жатыр. Дегенмен әлі де айтатын да, көтеретін де мәселе көп. Бастысы, халқыма, еліме пайдамды тигізсем деймін.

– Депутат болғаныңызды бірі құттықтап жатса, енді бірі сынға алып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Әрбір азамат, оның ішінде саяси тұлғаның да сынға түспеген кезі жоқ. Сөз қашан да болған, болады да. Бұл – өмір. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады. Үнемі қошемет, қолпаштау бола бермейді. Әр нәрсенің басталатын кезі болады. Бұл қадам – менің өмірімде үлкен бір өзгеріс, бір асу. «Ер қаруы – бес қару» демекші, әрбір ер азамат жан-жақты болуы тиіс. Әлі кабинетіме де кіргенім жоқ. Бірдеңе істеп, өзімді көрсетпек түгілі. Бірақ жерден алып, жерге салып жатқандар бар. Бәріне түсіністікпен қараймын. «Сын түзелмей, мін түзелмес» дегендей, сынның өзі, жұмысқа деген жігерлікті оятады. Сондықтан барымды салып, еңбек етемін. Бәрін уақыт көрсетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

–       Рақмет!