Саяси аренада өзін көрсетуге мүмкіндік берейік
Саяси аренада өзін көрсетуге мүмкіндік берейік
512
оқылды

Nur Otan партиясы атынан яғни Гүлшара Әбдіқалықова, Нұржан Әшімбетов, Жұлдыз Омарбекова, Нұрлан Әлімжанов Мәжіліс депутаттары атанды. Гүлшара Әбдіқалықова бұған дейін де түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды. Нұржан Әшімбетовтің есімі де белгілі. Жұлдыз Омарбекова партияда, түрлі министрлікте лауазымды қызметтер атқарды. Әлімжановтың да есімі өнерсүйер қауым үшін жақсы таныс. Саясат сахнасына жаңадан шыққан төрт депутаттың ішінде Нұрлан Әлімжанов туралы халықтың пікірі әр алуан. Мақтайтындар да, даттайтындар да көп. Сонымен, көпшілік жаңа тағайындалған депутаттарға қалай қарайды? Әлеуметтік сауалнама жүргізген едік.

– Кешелі-бері әлеуметтік желілерде Nur Otan партиясы атынан тағайындалған депутаттарға қатысты қызу пікірлер айтылып жатыр. Көпшілігі депутаттар тағайындала ма, сайлана ма деген тақырыпқа дал болып жатқан секілді. Біз бір нәрсені ұмытқан сияқтымыз: қазіргі сайлау қағидасына сай, әрбір қазақстандық жекелеген азаматтарға емес, партияға дауыс береді. Сол арқылы партия өз азаматтарын тізім бойынша Мәжіліске өткізеді. Сондықтан, партия атынан төрт бірдей депутаттың тағайындалуы – қалыпты жағдай. Бұл – бір. Екіншіден, Гүлшара Әбдіхалықова да, Нұржан Әшімбетов та, Нұрлан Әлімжанов пен Жұлдыз Омарбекованың кандидатурасының бекуі – партия таңдауы. Гүлшара Әбдіхалықованың есімі елге белгілі. Түрлі саяси қызметтерді атқарды. Нұрлан Әлімжанов – өнердің өз өкілі. Қарапайым халықтың ортасынан шыққан азамат. Өз кәсібін терең меңгерген актердің саяси аренада бақ сынауы – оған өзін көрсетуге берілген мүмкіндік. Ендеше, біз оның осы мінбеде өзін сынап көруіне неге мүмкіндік бермейміз? Керісінше, қарапайым халықтың арасынан шыққан, қарапайым адамдардың Парламентке келуі орынды дер едік.

 Айна ҚҰЛЫМБЕТ, ұстаз

 


– Nur Otan партиясы атынан біраз депутаттар тағайындалды. Соның ішінде әріптесім, бауырым Нұрлан Әлімжановтың да тағайындалуы қуантты. Ол өте ақкөңіл, жаны таза, иманды, қарапайым адам. Өнер адамының саясатқа баруы дұрыс деп есептеймін. Ол жағынан әлемдік тарих та соны дәлелдеп отыр. Өйткені, халыққа белгісіз біреудің келгенінен гөрі, ел арасынан шыққан, жұрттың тұрмыс-тіршілігін жақсы білетін жанашыр адамның болғаны дұрыс. Оның үстіне, өнер адамының жүрегі жұмсақ келеді. Нұрлан – сондай жұмсақ адам. Оның барғаны дұрыс болды. Себебі, халық бюрократтардан шаршады. Қазір саясаткер де рейтинг жинап кеткен заман болды. Осы нәрсе адамды қынжылтады. Бұрын барлық министрді, сенаторды, депутатты танитын едік. Қазір оның көбін ел біле бермейді. Оған қоса, олар араға уақыт салмай, жиі ауысып отырады. Сондықтан елдің ішіндегі, халықтың ортасында жүрген жанның Парламент мінберіне келуі – оңды шешім. Жақсылықты жасайтындар да өз ішімізде жүрген қарапайым адамдар. Осыны ескергеніміз жөн.

Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, актриса

 

 

         – Актер, шоумен, әнші ретінде Нұржан Әлдімжановты жақсы танимын. Жақында ғана Instagram парақшасынан оның Мәжіліс депутаты болып тағайындалғанын білдім. Шыны керек, қуанышымда шек жоқ. Көпшілігі оны «Көшбасшы жолы» фильмі арқылы таниды. Бірақ өз басым, оның «Тығырықтан жол тапқан», «Ағайындылар» секілді тағы басқа фильмдерде ойнағанын көрдім. Оның өнерін құрметтеймін. Сондықтан оның депутат болғанын дұрыс деп санаймын. Халықтың қамын ойлайтын жанның бірі. Өнер саласын дамытуға өз септігін тигізетін жан. Саясат алаңына осындай адуынды жастардың келгені жақсы. Оңтайлы өзгерістер болуы мүмкін.

Арайлым АБАЙБЕКОВА, менеджер

 

 

– Жұлдыз Омарбекованың депутат болып тағайындалғаны жақсы болған. Бүгінде елімізде әлеуметтік зорлық-зомбылықты, тұрмыстық әлімжеттікке қатысты қылмыстар көп болады. Соған қатысты жазаны қарсы қатаңдатып, жан-жақты қарастырғаны жөн. Шынымен, бүгінде балаларын өзі тәрбиелеп отырған жалғысбасты әке көп. Соларды қолдау қажет. Әрине, мұндай жағдайға түсуі әртүрлі нәрсе себеп болуы мүмкін. Оның ара-жігін ашып қарау керек. Тым болмағанда әр адам бақытты болмаса да, бақытқа бір табан жақын болар еді. Жұлдыз Омарбекованың бұл ұсынысын қолдаймын.

Сандуғаш ЖҰМАДІЛОВА, бастауыш сынып мұғалімі


 

– Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Nur Otan партиясы атынан тағайындалған депутаттарға қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Мәселен, Гүлшара Әбдіқалықова бұған дейін вице-премьер қызметін атқарған. Нұржан Әшімбетов Екібастұздың әкімі болған. Жұлдыз Омарбекова Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметтін атқарып, саяси ортада жүрген адамдар. Соның ішінде жас депутат болып, елге белгілі актер Нұрлан Әлімжанов тағайындалды. Кім білген: өмір алма кезек, жақсы саясаткер болар. Оған саяси аренада өзін көрсетуге жақсы мүмкіндік берілді. Сәттілік тілеймін!

Ринат ГИЛАЖАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы


 

– Шыны керек, депутаттардың тағайындалатынын білмедім, халық сайлайды деп ойладым. Сөйтсем, бұл депутаттар Nur Otan партиясы тағайындаған екен. Дегенмен сол бір тұсты түсіндіріп, халықтың пікірімен санасқаны дұрыс. Осы ескерген жөн. Мәжіліс депутаты болған азаматтар халықтың мәселесін шешеді деп үміттенеміз. Жуырда мәжілісмен атанған Нұрлан Әлімжановты бұған дейін халықтың мәселесін талқылап, қоғамдағы орын алған елеулі оқиғалардың ортасында жүрді дегенді естімедім. Әйткенмен, алдағы уақытта мәдениет саласының дамуына үлес қосатын болар. Руханиятты, мәдениетті өз саласы бойынша өркендетер деп ойлаймын. Спорт, өнер саласының өкілдерінің заң шығарушы орындарда жауапты қызмет атқарғаны да дұрыс. Бірақ олар елдегі бар мәселелерді жан-жақты білуі қажет. Сонда ғана елдің әлеуметтік жағдайын түсінеді. Қоғамда бар кемшіліктерді түзеуге атсалысады деп оларға үміт артамын.

Ләйлім ҚАБАЕВА, Әділет колледжінің мұғалімі 

P.S. Сондай-ақ жаңадан тағайындалған депутаттарды әріптестері де қызу қолдап жатыр. Мәселен, белгілі актриса Құралай Анарбекова өзінің инстаграм желісіндегі парақшасында: "Депутат Нұрланға көп сын пікірлер айтылары анық. Бірақ оның танымалдығы бұл сыннан өтуге көмектеседі деп ойлаймын. Халықпен тығыз жұмыс жасап, елдің көкейіндегіні мәселені шешуге ықпал етеді", - деп жазды. Сонымен қатар оны "Болашақ" қорының ұжымы да құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тілеген.