Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Bek Air-ге тиесілі ұшақ апатынан зардап шеккендерден хаттар түсіп жатқанын, олардың әлі ақшалай өтемақы ала алмай жүргенін айтты.
«Жұмысқа жарамсыз жағдайда қалғандары, ауруханада жатқандары бар. Осыған байланысты қандай шаралар атқарылып жатыр?» деген Президент Қ.Тоқаев бұл сауалын Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға қарата айтты. Роман Скляр көз жұмғандардың отбасыларына 4 миллион теңгеден көмек көрсетілгенін, енді ұшақта болғандардың бәріне сақтандыру компаниясы арқылы тиісті көмек берілетінін жеткізді. Оның айтуынша, жуық арада төлемдер жүргізіледі. Қажетті құжаттың бәрі рәсімделген.
Президент аман қалған, бірақ зардап шегіп, жұмысқа жарамсыз болып қалған адамдардың жайы не болып жатқанын сұрады.
«Жалпы 52 адам зардап шеккен. Оларға жергілікті атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмек көрсетеді», – деді Роман Скляр. Президент бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген Роман Скляр Bek Air компаниясы жолаушыларға тиісті қаржыны қайтаруға міндетті екенін айтады:
«Компания қаржыны қайтаруға міндетті, бұл – азаматтық-құқықтық қатынас. Сондықтан олар мұны жақын арада жүзеге асыруы керек. Компания бұл мәселені қандай да бір мүлкін сатып немесе басқа әдістермен болса да шешуі тиіс. Кредит алса да, авиабилетке жұмсалған шығынды қайтаруы қажет», – деді.
Бірер күн бұрын ұшақ апатынан аман қалған жолаушылар өтемақы алуда мәселе туындағанын айтқан болатын. «Юстус» заңгерлік кеңес палатасының төрағасы Жанетта Бегахметованың айтуынша, жолаушылардың заттары жоғалған. Полиция табылған заттарды иелеріне қайтарып жатыр, алайда кей заттар жарамсыз болып қалған: ноутбук, ұялы телефондар пайдалануға келмейді. Сондықтан заңгерлік кеңес палатасы материалдық шығынның орнын толтыру бойынша азаматтық шағым дайындап жатыр. Ұшақ апатынан зардап шеккендердің мәселесі күрделене түскен. Мысалы, былтыр үш бөлмелі пәтер алу үшін Еуразиялық банктен кредит алған адам ұшақ апатынан көз жұмды, соңында әйелі мен үш баласы және пәтер үшін алынған несиесі қалды. Үлкен баласы – 13 жаста, кенжесі – 3-те. Адвокат әйелмен бірге Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігіне хат жазып, баспана үшін берілген кредитті кешіруді сұраған. Себебі әйелдің табысы кредит төлеу тұрмақ, балаларын асырауға әрең жетеді екен. Осыған ұқсас мәселе өте көп дейді заңгер.
Тұмар МЫРЗА