Бидай ұны қашан да нарықтағы құндылығын жоғалтпайды. Өйткені әлем бойынша ұн өнімдеріне деген сұраныс азайған емес. Еліміз ұн экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымен, бидай өндірісінде отандық мамандарды алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселелер бар. Соның ішіндегі ең өзектісі – селекция мәселесі, яғни елімізде тұқым шаруашылығы бір жүйеге қойылмаған.
Халықаралық бидай жөніндегі кеңестің болжамына сәйкес, әлем бойынша биылғы бидай жиынының көрсеткіші 758 млн тоннаға жеткен. Ал өткен жылы әлемде 754 млн тонна бидай жиналған болатын. Халықаралық кеңес биыл Қазақстандағы бидай өндірісі 14 млн тонна болады деп болжап отыр.
Қазақстан осы жылдың алғашқы айында 691,8 мың тонна бидай мен бидай-қарабидай қоспасын экспорттап, өткен жылмен салыстырғанда 35,1 пайыз артық көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстандық бидай экспорты бойынша Өзбекстан (290,7 мың тонна), Тәжікстан (118,4 мың тонна) және Әзірбайжан елдері көш басында. Тізімді ары қарай Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдері толықтырады. Бидай мен бидай-қарабидай қоспасы бұдан басқа 13 елге экспортталып, оның жалпы көлемі 112,6 мың тоннаға жеткен. Сонымен қатар осы жылдың бірінші айының қорытындысы бойынша, бидайдың экспорттық бағасы 24,6%-ға көтерілген.
Еліміз әлем бойынша ұн экспорттауда алдыңғы қатарда тұр. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі Орта Азия елдеріне тасымалданады. Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Тәжікстан – негізгі импорттаушы мемлекеттер қатарында. Отандық өнімге Қытай тарапынан да сұраныс жоғары екенін айта кету керек. Сонымен бірге, Грузия да Қазақстаннан сатып алатын бидай көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр.
Жалпы, бидайдың 20-дан астам түрі бар. Соның ішінде ең көп тарағаны – жұмсақ бидай. Бидайдың бұл сорты жер шарының барлық аймағында өсіріледі. Өйткені өсу қабілеті жоғары әрі табиғаттың түрлі жағдайына төзімді болып келеді. Еліміздегі егіс көлемінің негізгі бөлігіне осы жұмсақ бидай егіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі қазір бидай егетін алқаптың көлемін азайтуды қолға алып жатыр. Егістік ауқымы азайғанымен, әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Әрине, ол үшін заманауи техника және ең бастысы, сапалы тұқым керек. Қазір еліміздің бидай өндірісіндегі ең күрделі мәселе де – осы.
– Бидай шаруашылығына тыңайтқыш енгізілмеген. Қолданыстағылар заманға сай емес. Кеңес өкіметінен кейін қолданған жоқ. Өйткені заманауи техника қымбат. Әсіресе, жеке шаруалар бидай өсіру технологиясын, шаруашылықты жүргізу тәртібін сақтамайды, зиянкестерге қарсы құралдарды дұрыс қолданбайды, – дейді С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті Егіншілік және өсімдік шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Бекзат Аманбаев.
Мол әрі сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым керек. «Қазір өзімізден шығатын сорттар түрлі зиянкестерге, құрғақшылыққа, басқа да факторларға төзімді емес. Сосын, өкінішке қарай, шетелдік өнім алға шығып кетіп отыр» дейді Бекзат Аманбаев.
Мамандар бұрынғы жүйенің жойылғанына наразы. Шетелдік өнімнің мақтауын асырып, бизнес жасағаннан гөрі отандық өндірісті жолға қойғанымыз абзал. Ол үшін тұқымның таза сортын бастапқы қалпында сақтап қана қоймай, шаруашылықтарға таратып, барынша көбейту қажет. Әрине, елімізде түпнұсқа тұқым өндіріп отырған мекемелер аз да болса бар. Бірақ сол сапалы тұқымды көбейту жағы кемшін болып тұр.
– Қазір тұқым шаруашылығы бір жүйеге қойылмаған. Бұрынғы жүйені тарқатып жіберді. Ең басты мәселе – осы. Қазір көбі қай жерде арзан баға бар, соған қарай жүгіреді. Сапасының төмендігіне қарап жатқан жоқ. Негізінен селекциялық мекемелер бар. Солардан сатып алу керек. Бұрын тұқым шаруашылығымен айналысатын арнайы мекемелер түпнұсқа тұқымды көбейтетін. Олардан шаруашылықтар алып, егетін. Қазір мұндай жүйе жоқ.
Кімнің қандай тұқым алып, егіп жатқаны белгісіз. Оның сапасын тексеріп, қағазына қарап жатқан ешкім жоқ. Өкінішке қарай, қазір кәсіпкерлер шетелдік тұқымдарды көп жарнамалайды. Ондай азаматтардың еліне жаны ашиды деп ойламаймын. Осы нәрсеге тосқауыл қойғанымыз дұрыс болар еді. Шетелдік тұқымның біздің жерге бейімделмегенін де ескергеніміз жөн.
Ең абзалы, отандық өндірісті дамытуымыз керек. Негізінен еліміздің барлық аймағына бейімделген сапалы бидай сорттары бар. Тек соны енгізіп, егу жағы қолға алынбай тұр. Мысалы, біз де тұқым өндірумен айналысып жатырмыз. Әрине, алатындар бар. Бірақ олар тұқымды көбейту жағын ойламайды, сатып жібере салады, – дейді Қазақ егіншілік және шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының Жемдік дәнді-дақылдар бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Қалдарбек Құрақбайұлы.
Былтыр елімізде бастапқы салмақ бойынша 22,8 млн тонна бидай жиналды. Сәйкесінше, оның шығымдылығы гектарынан 15,1 центнерден айналған. Отандық ғалымдар барлық алқапқа жоғары сапалы тұқым егіп, озық технологияны қолдану арқылы бұл көрсеткішті 25 центнерге дейін жеткізуге болатынын айтып отыр. Ол үшін тұқым шаруашылығы тасада қалмау керек.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ