Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұма күні Панфилов ауданына барды. Осы аудандағы Талды ауылдық аумағында он күн бойы жалындап, айналасын жалмаған өртті өшіру кезінде үш адамның қаза тауып, жеті адамның түрлі күйік жарақаттарымен ауруханаға түскенін жұртшылық жақсы біледі. Ел білгенді мемлекет басшылығы мен облыс жетекшілігі де тұрақты назарда ұстаған. Қоршаған ортаны қорғау мен әріптестерін құтқару барысында жанқиярлық көрсеткендердің ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Облыс басшысы шалғай ауданға бұл жолы арнайы сапарында қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, ауруханада жатқандардың жағдайын сұрап, ерлік көрсеткендердің мемлекеттік наградалары мен марапаттарын тапсырып қайтты.
Төтенше оқиға кезінде қаза тапқан Еркінбек Оспановтың қайғыдан қара жамылған шаңырағына кірген Амандық Ғаббасұлы марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, әкесі Әбілхан Оспановқа батыр ұлына тиесілі «Ерлігі үшін» медалін табыс етті. Қаза тапқан орманшының соңында келіншегі мен бес баласы қалды. Әкім отбасының қалған мүшелеріне амандық тілеп, тиісті қолдау мен көмектің барлығы жасалатынын жеткізді.
Өртпен күрес кезінде алған аса күрделі күйік жарақаттарымен ауруханада жатқан орманшы Ғабит Мақсұтовқа да барлық қажетті жағдай жасалуда. Қазіргі кезде емделушіге керекті ем-дом көрсетіліп жатыр. Сәл сауыққан соң толықтай оңалтудан өткізіледі. Ғабит та облыс әкімінің қолынан марапатын алды.
Аудан активімен өткен жиында А.Баталов өзінің ауданға арнайы сапармен келгендегі мақсатын айта келе, өртті оқшаулап, сөндіруге қатысқанның барлығына алғысын білдірді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, қызметтік міндетін атқару кезінде батырлық пен табандылық көрсеткені үшін Панфилов ауданы, Талды ауылдық аумағы әкімдігінің өртке қарсы ерікті құрамының мүшелері Айтқазы Немелтаев, Қанат Үсенбеков, Жаркент орман шаруашылығының қызметкері Еркінбек Оспанов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Өкінішке қарай, міндеттерін орындау барысында қаза тапқан марқұмдардың наградалары олардың өздеріне емес, отбасыларына тапсырылды.
Сонымен бірге, Ішкі істер министрінің бұйрығымен өрт сөндіру кезінде қайсарлық пен жанқиярлық көрсеткен Жаркент орман шаруашылығы басшысының орынбасары Бауыржан Түйебаев, орманшылар Бақтыбай Рахымжанов, Ғабит Мақсұтов, осы кәсіпорынның жұмысшылары Ленур Иманбаев, Руслан Мейірманов, аудан тұрғыны Сәкен Қайратов «Өртке көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Амандық Ғаббасұлы актив соңында өртке қарсы күресте қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсететінін тағы да қайталады. Бес баласы бар Қанат Үсенбековтің отбасына Жерұйық ауылынан үй беріледі. Айтқазы Немелтаевтың жанұясына баспана тұрғызуға жәрдем жасалады. Еркінбек Оспановтың отбасына қатысты тұрғын үй мәселесі де шешіледі.
Болат АБАҒАН
Алматы облысы