«Кетемін мен Сегізінші Аспанға...». Осылай деп жырлаған Әмірхан ақын да арамызда жоқ.
Екі-үш жыр... Ақын тағдыры – Екұшты тағдыр екен де...
1,140
оқылды

«Кетемін мен Сегізінші Аспанға...». Осылай деп жырлаған Әмірхан ақын да арамызда жоқ. Одан бері бірнеше көктем, бірнеше күз өтті. Жайдарлы жазды да көрген жоқ. Қаһарлы қыстың салқынын да сезінбеді. Әмірхан-мұң. Әмірхан ерекше тылсым секілді көрінеді де тұрады бізге.

 

– Аспанда Ай жалғыз әлі күн,

Жалғыздық шаршатты мені де.

Сол жұмбақ Айымның жарығын,

Жыр қылып тарттым мен еліме.

Иттері тасадан ұрған көп,

Ақын деп таныды аймағым.

Мен бірақ ол кезде білгем жоқ,

Жерде де қол жетпес Ай барын.

 

Әмірхан Балқыбектің өлмейтін, өш­пейтін өлеңі бар. Әмірхан ақынды ізде­гендер өлеңнен жұбаныш табатыны анық. Одан бөлек, «Ақын апологиясын» парақ­тап шығады. «Қасқыр Құдай болған кезі» де көңілді демейді. «Өлең туралы ешкім өлеңнен артық айта алмайды». Әмірхан туралы да ақынның өзінен артық ешкім айта алмас. Сол себепті де, ақынның мұ­рағатына, артында қалған қымбат мұра­сына үңілгіміз келген. Қымбат қазынаны көзінің қарашығындай сақтап отырған аяулы жары Мархабат Шойбекова Әмір­хан ағаның ешқайда, еш жерде жария­ланбаған сезімге толы сырларын қолы­мызға ұстатты. «Ғашық­тың тілі – тілсіз тіл». Жүрек қылын шер­тетін бұл хаттар өз иесіне жетпеген де сияқты.

 

 

 

*   *   *

Маржан, (есімі өзгертіліп алынды. – Г.Б.) бұл хат ауыштың сандырағы сияқты болып көрінер. Ақырына шейін оқыр­сың, оқымассың, ол жағы да мені қатты ойландырмайды. Сезіммен жазылған хатқа түсініктеме беріп жатудың қажеті жоқ деседі ғой. Әйтеуір, бір байқағаным, мен таңдаған жол мені түбі бір орға жығатын сияқты. Менің мақсатым – қайткен күнде де айналып өту болып отыр. Өзім үшін, түсінесің бе, өзім үшін. Бұл дүниеде махаббат бар ма, жоқ па, мен оны білмеймін. Бірақ тек ақылдың ғана емес, сезіміңнің де қайғысы бар екені анық. Гете Вертерді өлтірмегенде, «өзі өлетін еді» деседі біреулер. Менікі де сол іспеттес жағдай болып отыр. Қалайда құтылу керек, түсінесің бе, қалайда құтылу керек.

 

Сен ойлайтын шығарсың. Әмір мен туралы ойдан шығарды деп. Жоқ, бұл ешқандай да ойдан шығарылған оқиға емес. Болған оқиға. Ол кезде біздің үй ауылдың шетінде тұратын. Мен төрт-бестердемін. Көршіміздің қызы болды. Есімі – Рахима. Керемет көрікті қыз болатын. Ауылдың адамдары ол туралы қазір де еске алып отырады. Сол қыз менің анама келіп көмектесіп тұратын. Бізді жуындырып, киіндіруші еді. Кейде анам болмағанда, бізге қарап та қалатын. Ертегілер айтып беретін. Жүзі жылы еді, жымиысы керемет-тін. Өзі менен он жастай үлкен болатын.

 

Сен кеше сұрадың ғой, «мені емес, сол қызды жақсы көретін шығарсың» деп. Иә, мен ол қызды жақсы көрдім. Бірақ сәби сезіммен жақсы көрдім. Қазір де жақсы көремін. Бірақ қанша жақсы көргенмен, ол енді маған қалыңдық бола алмайды ғой. Оның мойнында қалы болатын, оң жақ мойнында. Мең деген ноқат іспетті болады ғой, бетте болады. Ал қал одан үлкен, көзге көрініп тұрады.

 

Рахима ерте қайтыс болды. Қайтыс болуына себеп, әкесінің маскүнемдігі шығар. Күніге ішіп келіп, үй-ішінің бе­рекесін алатын. Бала-шағасын әйелімен қоса көшеге қуып шығушы еді. Ауыл әйелдерінің қаншалықты көнбіс екенін біл­мейсің ғой, ал олар шыдайтын. Жы­лап жүріп төзетін еді.

 

Бірде әкесі ішіп келіп, әйелін бөлмеге қамап алып сабайды. Қолында мылтығы бар, атам деп қорқытатын болса керек. Рахима осының бәрін сыртта, есік ал­дында естіп тұрған. Шешесіне көмек­тескісі келіп, есікті ары соққан, бері соққан, аша алмай, ақыры кіреберіске келіп, талып құлаған. Көрген жұрт бүкіл денесін қара дақ басып кеткен деседі. Бір аптадан соң, емханада қайтыс болды. Сүйегін ауыл шетіндегі қорымға қойды. Інілері жылап жүрді. Рахима қайтыс болды ғой, енді ол жоқ қой. Ал мен оларға қосылып, жылай алғаным жоқ. Жұбатуды да айта алмадым. Тек кеуде тұсымда әлдене сыздап жатты. Әлде өкініш, әлде сағыныш. Бәлкім, екеуі де шығар?! Мен оны өлді дегенге сенгенім жоқ. Қазір де сенбеймін. Көршілердің иті болатын. Аты бәлкім, Құттөбет, бәлкім, Құтжол. Денесі ірі ит еді. Әне, сол ит, ит емес, төбет қой, күніге түс ауа қорым жаққа, қыздың қабіріне кетіп бара жататын. Төбеттің кетіп бара жатқанын көріп, қыздың шешесі жылаушы еді. Мен де жылайтынмын, бірақ іштей жы­лай­тынмын. Уақыт өте келе бәрі көмескі­ленеді ғой, оны ұмытқандай да болған­мын. Ал сенің мойныңдағы қалды көр­генде бәрі қайта басталды. Ғажап ұқ­састық. Қал дегенің, мең емес қой, бас­қадайын көрініп тұрады. Менің қате­лесуім мүмкін емес. Қазірде нан ұстап, ант іше аламын. Одан бері де бір жарым жыл уақыт өтті. Бірақ сол сурет дәл қазір де көз алдымда, дәл сондағыдай. Келесі кіргенімде қалың жоқ екен, біртүрлі таң қалдым. Есіме төбеттің тағдыры қайта түсті. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дейді, ол ақыры қыз қабірінің басында жатып, жан тапсырды. Өзің сенген, өзің мұрат тұтқан нәрсеге адал болуды менің санама сол төбеттің іс-әрекеті сіңірген шығар. Қазір сенімен әңгімелесуге барғанда, мен өзімді адамнан гөрі сол төбетке көбірек ұқсатамын. Қалай дегенмен де, иттің адалдығы деген ұғым киелі ұғым ғой. Жаны ауырып жатқан иттің иесінен көмек сұрап жылағанын да көргенмін. Ауыр сурет. Қиял қуып кетті деп сөге көрме, итпен мені байланыс­тыратын тағы бір оқиға бар. Тілім кеш шыққан ғой. Атам мені тілсіз қалмасын деп итаяқтан су ішкізген екен. Қазақта сондай ырым бар деседі. Ол туралы менің өлеңім де бар. Қиял қуып кетті деп сөге көрме, мазмұны мынадай:

 

– Жұтаңдаумын, демек бірақ

жарлымын,

Баба ырым, әлегі емес жарғының.

Қызыл тілді сөзге иілту үшін де,

Итаяқпен суды да ішкен бар күнім.

Итаяқтан суды да ішкем, сөкпегін,

Айыптарға өзге күнәм көп менің.

Ырзығымды табам қазір еңбекпен,

Тілді бірақ иемдендім теп-тегін.

Итаяқтан суды да ішкен бар шағым,

Кез еместі ол көңіл күпті, адал мұң.

Сен шаршадың сәнді қуып, мен байғұс,

Баба ырымға баға таппай шаршадым.

Итаяқтан суды да ішкем. Бабаның

Ырымына мінезі жат қаланың.

Көшесінде көп-көрікті қызбен де,

Қызып кетсем, ырылдасып қаламын.

Осы болды-ау, замананың өлеңі,

Көп болған соң көр сезімі көп еді,

Исі тілге илікпеген тілдерге,

Итаяқтан тамақ бергім келеді.

Құдай сақтасын!

Қандай төбет екенімді түйсіндің бе, түйсінбедің бе, ол жағын білмеймін.

 

Әйтеуір, мен ырылдасатындардың ішінде сен жоқсың. Бірақ пікірлес те бола алмайтының анық. Өйткені мені ойландыратын нәрселер мен сені ойландыратын дүниелер тым алшақ. Бәлкім, бір-біріне кереғар дүниелер шығар. Менің сол баяғы төбеттей тіліме адал болғым келгені, әзірге тілім алдында күнәға бата қоймағандығым анық. Ал сенің алдыңда күнәлімін бе, жоқ па, ол жағын айта алмаймын. Әйтеуір, есіміңді ежіктеткенім ақиқат. Сенің есімің туралы өлең де жазғанмын:

 

– Ғайыптан ғажайып боп кезіккенім,

Мен сені қиялда да құшқаным жоқ,

Тек ессіз есіміңді ежіктедім,

Қиын-ау табыспаған, қарыштаған.

Қиялдан қажып кетіп көзім жұмсам,

Жұмақта елестейді таныс қалам.

Басымнан қыс көшірдім, жаз кешірдім,

Жұмбағын шешсем дедім пешенеммен.

Осынау есімді алған сазды есімнің,

Білдім мен жыр етерін кім екенін.

Бабылдан қалған кітап айтып берді,

Құдайдың жүз атының бірі екенін,

Бұны біліп, көңілім жатыр түлеп,

Құдайдың жүз атының бірін білген.

Тағы айтқан сол кітапта бақытты деп,

Бақыттан бас айналды, мас та болдым.

Ерінім кезергенде ерніңді аңсап,

Жанардан тамып кеткен жас та болдым.

Құп-құйттай жүрегімен халыққа алаң,

Сенің сол аспан түстес есіміңді,

Әлдекім қатты айтса да, талып қалам.

Айыра алмайтұғын бақтан нұрын.

Әумесер әпербақан қайдан білсін,

Құдайдың атын атап жатқандығын.

 

Әне, содан бері сенің есімің маған киелі есімге айналды. Шамасы мен шы­нында да, сен айтпақшы, қияли шығар­мын. Бір ақын ағамыздың мен туралы «не уақытын өткізіп алған, я уақыттан озып кеткен» дегені бар. Қалай дегенмен де, бір өмір үшін екеуі де қиын нәрсе ғой. Ең бастысы, өзімнің не үшін жүргенімді, не жасауым керек екенін іштей түйсі­немін. Әнеукүні Лермонтовтың «Біздің заманның қаһарманын» оқып отыр­ғанмын. Онда да мең туралы дерек бар екен. Кейін «ЖЗЛ»-дан өмірін оқып, сол меңнің Лермонтов үшін қаншалықты қымбат болғанын жазған жерін кезік­тірдім. Есіме сен түстің. Қал туралы әңгі­ме түсті. Бір жерден Лермонтов басқа ғаламнан келген адам дегенді оқығаным бар. Алайда біреулер күндердің күні солай деп жүретін шығар. Әйтеуір, сенің қалың (сен менде қал болған жоқ дейсің ғой бәрібір) мені қайта шатастырғаны анық. Бірақ мен сені қалыңмен бол, қалсыз бол, бәрібір жақсы көремін. Мен сені екі рет өлімнен алып қалғаның үшін де сыйлап өтуге бармын. Сен бұл жайлы енді ештеңе білмейсің. Өйткені бұл менің өмірім ғой. Қолыма қалам алып, қағаз түртпектегеніммен, менің қиялым Джойс­тан да, Үндістаннан да асып тү­сетін секілді. Кейде достарым Көкте Тәңір, жерде Әмір деп мазақтайды. Шын пейілдерінен айтатын шығар. Әйтеуір, менің ақын үшін таптырмайтын қиял қаласына кіріп кеткендігім анық. Ақын деген сөз баяғы бір кездерде көріпкел, болжағыш, пайғамбар деген мағыналарды білдірген ғой. Менің қиялым сол биікке әлі көтере алмай жатқан шығар.

 

Анадағы хатты мен жазғанмен, қағазға түсірген Бекжан болатын. Темекі іздеп жүріп, курткамның қалтасынан тауып алыпты. Маған тілеулес болғаны ғой, қайта көшіріп саған апарып беріп жүргені. Ал менің жазу мәнерімді түсіну саған тіпті қиын болатын шығар. Ендігі лақтырып тастамасаң, сен қалай қа­былдасаң да, өз еркің, әйтеуір сенің сезі­мің сынақтан өткен сезім екендігі анық. Бір көмейде сөздің екі рет бүктетілуі қиын нәрсе, мүмкін емес нәрсе.

 

*   *   *

 

Сәлеметсің бе, Маржан!

 

(Екінші хат орысша жазылған).

 

Жазуымда азды-көпті қателер болса, алдын-ала кешірім сұраймын. Өйткені менде орыс тілінде жалғау-жұрнақ, қо­сымшадан кемшіліктер туындап жатады.

 

Сен үнемі біз бір-бірімізге ұқса­маймыз және екі түрліміз деп айта­тын­сың. Өкінішке қарай, сенікі дұрыс. Бірақ мен өзім туралы не айта аламын? Мен, тіпті, өзімді де жетік таңып үлгермедім.

 

Мен сені сүйдім бе? Әрине, сүйдім. Қазір сүйемін бе, білмеймін. Бәріне кү­мән­дануға болады. Мен сенімен үнемі ашық бола алмадым.

  хат 11.JPG

 

Бірақ мен бірінші кезекте сөздің пайда болғанын білемін. Інжілде солай делінген. Сөзбен Күннің қозғалысын тоқтатып, алып қалаларды құртуға бо­лады деп жатады. Бұл, әрине, сезім. Осы­ның бәрін не үшін жазып отыр­ғанымды білесің бе? Өйткені мен саған көптен бері хат жазбадым. Сенің есімің – мен үшін әуезді әуен. Мен сенің әлемінді көп зерттедім.

 

Әлем – жерасты байлығы. Ол әлем – тек қана құмарлық бейнесі ғана емес, мәңгіліктің бейнесі. Ол әлем – жарық. Ол – қасиетті бұғы. Ол – Иуданың кө­гершін құсы.

 

Мен сені осыдан үш жыл бұрын алғаш кездестіргенде, қазіргідегідей күйге бөленемін деп ойламадым. Сен ол кезде сондай сұлу, ажарлы, көркіне ақылы сай ару едің. Қазір де солай. Мен ол кезде осының барлығын жүрегіме жақын қа­был­дағым келмеді. Бірақ сенің мой­ныңнан сол меңді көрген сәтте ерекше күйге бөлендім. Мен шытырман әлемге тап болдым. Сен мені бір емес, екі рет құтқарып алдың. Мен реинкарнация дегенге сенбеймін. Бірақ сол рас болса, демек мен сенің алдында айыптымын. Мен одан тез арада құтылуым керек.

 

Сенен бұрынырақ Ремарктың «Триум­фальная аркасын» сұрадым. Сол Эрих Ремаркты ешқашан оқыған емеспін. Бірақ сол аркада бейшара Баль­зактың не айтқанын білемін. Сол себепті де, қазір «Махаббат – байлардың ермегі» дегенді түсіндім. Ромео мен Джульет­та – байлар қатарынан. Біздің Жібек пен Төлеген де – сол. Демек, мен «Таңғы иллюзия» кітабының кейіпкерімін. Жәә, Роскольников болмағанына да шүкір. Бізде Соняның болмағаны өкінішті. Маған өзіммен тең Полинаны тауып алуым керек немесе Марти сияқты мұхитқа батып өлуім керек. Бірақ оған батылымның жетпейтіні анық.

 

Қаншама сөз жаздым. Бірақ не жазғанымды өзім де түсінбедім. Шіркін, мен Высоцкий болғанда ғой. Терезеңнің алдында күнде ән шырқап, түрлі өлеңдерді бір өзіңе арнар едім.

 

Сенен тағы да грамматикалық, фонетикалық, техникалық қателіктер үшін кешірім сұраймын.

 

Бақытты бол!

Сәлеммен Әмір!

 

 

*   *   *

 

Тамсантқан түс емес, өңімде,

Еріксіз айырып еркімнен.

Бір ғажап құбылыс көрдім де,

Құдайдың барына сендім мен.

 

Таңдайын қақса да сан ғұмыр,

Көрмеген еш ақын әлемі.

Әсер боп түйілді жанға асыл,

Бір бейне пейіштей әдемі.

 

Жаны мен тәні тең жарасым,

Айқабақ тұратын мұндалап.

Гүлімнің қиыла қарасын,

Жындымын, берер ем жырлап-ақ.

 

Санасын сезімге жеңдірген,

Мәжнүн өзім боп бұл маңда

Сол қызға бағымдай сендім мен,

Софыдай сенетін құранға.

 

Шарапқа мас болған кезімде,

Жырменен нәштеген құранын.

Есімде бой ұрып сезімге,

Құдай да ақын деп тұрғанын.

 

Пейішті былғаған пендедей,

Белшеден баттым да күнәға.

Кеттім мен өңді де өңдемей,

Ол бар деп мен көрер жұмада.

 

Тартатын тауқымет көп мейлі,

Тым қатал және ең ізгі.

Ол жайлы ой басымнан кетпейді,

Кесірсіз көлеңкем тәрізді.

 

Дайындаған
Гүлзина БЕКТАС