Президент Әкімшілігінің бастамасымен және «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүзеге асыру шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру ұсыныстарын зерттеу және жинау мәселелері бойынша көшпелі сараптамалық тобының отырысы өтті.
Жиынға ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Nur Otan партиясы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков және бірқатар басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты кіріспе сөзімен ашқан ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова обылыста «Бақытты отбасы» партиялық жобасының жүзеге асырылуымен балалардың құқықтарын қорғау және аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
14 өңірдің әкімдері қол қойып, жүзеге асыруды бастаған, «Бақытты отбасы» жобасында отбасының қаржылық жағдайын жақсарту, балалар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру, жұмыспен қамту және қосымша білім беруді қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау сияқты 70-тен астам іс-шара жүзеге асырылатын болады.
– Шығыс Қазақстан облысында өңір басшылығы жол картасында отбасы және жастар істері жөніндегі басқарманың ашылуын бекітті. Ол ведомствоаралық үйлестіруді құруға және балалар мен отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында жүйелі тәсілді орталықтандырып құруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің мүшесі Рысты Жұмабекова.
Айта кетейік, Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысында 19-21 тамыз аралығында жұмыс істейді.