Алматыда өрт жиі болады. Бірде сауда үйлері өртке оранса, бірде тұрғын үйлерді қызыл жалын шарпитын. Осы жолы Көктөбеден өрт шықты. Тамыздың тамылжыған күнінде шаһардың Төтенше жағдайлар басқармасы аяғынан тік тұрған.
Тау бөктерінде бір күнде өрт үш мәрте жалын атып, соның алғашқысында-ақ 1000 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Түскі 14:30 шамасында тұтанып, жан-жағына әп-сәтте жайылып кеткен өртті сөндіруге шаһардағы Алматы гарнизонының жеке құрамы мен екі бірдей тікұшақ жұмылдырылған. Сол жердегі тұрғындардың айтуынша, өрт оқиғасы таудағы бәйшешек, қызғалдақ, эремурус сияқты гүлдердің жойылып кетуіне әкеліп соғады екен. Осыдан 8 жыл бұрын да Көктөбеде тура осындай өрт болып, өсімдіктер қорына елеулі зиян келген. Бірақ сол жайында келелі зерттеу жасап, төтенше жағдайдың артық-кемін таразылаған сарапшыны кезіктіру де қиын...
Таудағы үшінші өрт кешкі 8-дер шамасында басталған. Қас қарайып кеткен соң тікұшақтар көмегін пайдалану мүмкін болмаған. Сол себепті, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы үлкен қиындықпен тауға өрт сөндіру көліктерін жеткізіп, 37 арнайы техника мен су шашатын 28 көлік тоқтаусыз жұмыс істеген. Құтқару қызметінің айтуынша, өрт болған аумақ жеке тұрғын үй секторларына өте жақын орналасқандықтан, қауіп деңгейі жоғары болған. Мамандар тілсіз жаумен 4 сағат арпалысып, түнгі 12 кезінде қауіп-қатерді біржолата жояды. Ең қиыны – осы өрт оқиғасы кезінде белгісіз бір адамның мәйіті табылған. Қазір қалалық ішкі істер басқармасы аталған адам өлімі оқиғасына байланысты арнайы сараптама тағайындап, оның жеке басын және қалай көз жұмғанын анықтау үстінде. Жалпы, Көктөбедегі өрт салдарынан 20 гектар жер жанып кеткен. Оқиға орнына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та барып, тұрғындар мен табиғат үшін қауіп жоқ екенін мәлімдеген. Кейінірек қалалық төтенше жағдайлар басқармасы да оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
– Алматыда таудың әртүрлі бөктерінде болған екі күрделі өртті сөндірдік. Оның бірі – шығыс айналма жолы маңында болса, екіншісі Көктөбеде тұтанған. Өртті сөндіру үшін авиация күштері жұмылдырылды. Жалпы өртті өшіруге 115 адам мен 15 техника араласты. Тамыз айының орта шені шөптің қурайтын, сөйтіп тез өрт шығуға бейім болатын кезең, – дейді Алматы қалалық ТЖД басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.
– Көктөбеде шыққан өрт тау баурайындағы табиғи биоалуантүрлілікті жойып жібереді. Бұл табиғаттағы эко жүйенің бұзылуына әсер етеді. Екіншіден, өрт кесірінен ауа ластанып, бұл тұрғындардың тыныс жолына, жалпы денсаулығына зиянын тигізеді. Басшылық шөп қурайды, сосын өрт шығады деп ақталады. Ал, шын мәнінде, тиісті органдар шөптің қурау маусымын алдын ала бақылап, назарға алуы керек. Өрт шығуы мүмкін аймақтарды жиі-жиі тексеріп, оған жол бермеуі қажет еді, – дейді белгілі эколог Азаматхан Әміртай.
Сарапшылардың айтуынша, тауда болған кез келген өрт экологияға орасан зиян әрі ол жердегі флора мен фауна әлеміне зардабын аямай тигізбек. Олардың сөзінше, шөптің қурауы
да – өрттің тізгін алып кетуіне еш сылтау емес.
– Көктөбеде шыққан өрт тау баурайындағы табиғи биоалуантүрлілікті жойып жібереді. Бұл табиғаттағы эко жүйенің бұзылуына әсер етеді. Екіншіден, өрт кесірінен ауа ластанып, бұл тұрғындардың тыныс жолына, жалпы денсаулығына зиянын тигізеді. Басшылық шөп қурайды, сосын өрт шығады деп ақталады. Ал шын мәнінде тиісті органдар шөптің қурау маусымын алдын ала бақылап, назарға алуы керек. Өрт шығуы мүмкін аймақтарды жиі-жиі тексеріп, оған жол бермеуі қажет еді, – дейді белгілі эколог Азаматхан Әміртай.
Ал «Байтақ Болашақ» экологиялық одақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы филиалының жетекшісі Әділқасым Жарылқасынұлы келешекте өрт қаупі туындауы мүмкін таулы аймақтардың тізімін жасап, арнайы база құрып, бақылау жүргізу керек деген пікірде.
– Көктөбеде «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер бар. Өрт кезінде олар да жанып кетеді. Өртті қанша жерден табиғи апат деп қарастырғанымен, осындай өрт туындауы мүмкін аймақтардың тізімін жасап, әкімдік ол жерлерді ерекше бақылауға алуы керек деп ойлаймын. Бутаковка, Ақсай, Солдатсай шатқалдары, Медеу аймағы, басқа да осындай таулы өңірлерді жиі қадағалап, өрт туындатуы мүмкін факторлардың жолын кескен жөн. Бәлкім, ол үшін аталған орындарға арнайы экологиялық бекеттер де салу керек, – дейді маман.
Осы оқиғадан кейін «Қазгидромет» өртке жақын аумақтағы ауа құрамын тексеру жұмыстарын жүргізген. Оның нәтижесі бойынша азот диоксидінің рұқсат етілген концентрациясы 1,2 деңгейінен асып кеткен. «Соншалықты қатты ластану болмаған. Ең жоғарғы шегі – 20-деңгей. Ал біздің жағдайда 10-мен тоқтап тұр» деп мәлімдеді «Қазгидромет».
Оқиғаға мән бере отырып, екі негізгі фактор қалқып шығып, көзге ілінетінін байқаймыз. Бірі – біздің төтенше органдардың кеш қимылдауы. Сөз жоқ, олар өртті өшірді. Ешкімге залал тиген жоқ (қайтыс болған белгісіз адамнан басқа). Тұрғын үй секторы өрттен аман қалды. Тағы бір мысал, біздің тиісті органдар жер сілкінісін де жер сілкініп болған соң хабарлайды. Оқиғаның алдын алу, жолын кесуге келгенде шарасыз екенімізді мойындау керек-ақ. Екінші фактор – азаматтардың жауапкершілігі. Тауға шыққан тұрғындар қоршаған ортаға қалай болса солай қарайды. Аттап бассаңыз, босаған бөтелке мен темекі қалдығын кезіктіресіз. Үлкен өрттің басталуына осындай болмашы жағдайлар әсер етуі де бек мүмкін ғой. Сондықтан қос тараптың да түсінісуі, әркімнің өз жауапкершілігіне берік болуы – табиғат апаты мен ондағы шығын көлемін де азайта түсер ме еді.ф