Еңбегі – ауыр, жалақысы – аз тәрбиеші деген маман бар
Еңбегі – ауыр, жалақысы – аз тәрбиеші деген маман бар
540
оқылды

Биылғы Тамыз конференциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерін қуантатын бірқатар жаңалықпен бөлісті. Солардың бірі – алдағы төрт жылда мұғалімдер жалақысын екі есе көтеру бастамасы. Көптің көңіліне ұялаған ұсыныстан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасына білім қызметкерлеріне қатысты тағы бір хабарлама жазды. Президент келер жылы науқас балаларға арналған мектеп-интернаттар мен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы Үкіметте қаралатынын айтты.

«Менің атыма науқас бала­ларға арналған балабақшалар мен мектептердің тәрбиешілерінен олардың құқықтарын мұғалім­дермен теңестіріп, жалақыларын көбейту жөнінде өтініштер келіп түсті. Үндеріңіз маған жетті. Келесі жылы Үкімет осы мәселені қарастырады» делінген жазбада. Біз сала қызметкерлерімен сөйле­сіп, олардан тәрбиешінің жала­қы­сы мен мәртебесі туралы пікірін сұрадық.

Түркістан облысындағы «Үміт» көзі нашар көретін бала­лар­ға арналған мектеп-интер­наты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақтолқын Жүсіпқызы «Тәрбиешінің еңбе
гі – ауыр, жалақысы – аз» деп есеп­тейді.

– «Үміт» мектеп-интер­на­тын­да 22 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде мұға­лім­дер жалақысы бірнеше рет өскенімен, тәрбиешінің ең­бек­­ақысына үстеме ақша аз қосылды. Биыл маусым айында педа­гогика саласы қызметкер­лері­нің жалақысы көтерілгенге дейін, біздің мектеп-интернатқа жаңадан жұмысқа тұрған тәрбие­шінің айлығы 51 мың теңге бола­тын. Мүмкіндігі шектеулі бала­лар­мен жұмыс істейтін мекеме тәрбиешілері басқа тәрбие­ші­лерден 30 пайызға жоғары жалақы алады. Бұл – заң бойынша олардың жұмысының ерекшелігін ескеріп, белгіленген үстеме ақша. Сол 30 пайызды қосқанның өзінде жас маманның жалақысы 51 мың теңге болды. Енді соңғы өзгерістерден соң, олардың ең­бека­қысы шамамен 60 мың теңге болса керек. Бірақ қазіргі заманда мұндай ақша жақсы өмір сүруге жетпейді. Одан бөлек, тәрбие­ші­нің еңбегі қандай ауыр екенін түсінген адамға, алатын жалақы­сы­ның мардымсыз екенін аңғару қиын емес. Қарапайым тілге салғанда, тәрбиеші – баланың екінші анасы. Біздің мектеп-интернат – Түркістан облысын­дағы көзі нашар көретін балаларға арналған жалғыз мекеме. Тәрбие­ші­леріміз аудандар мен ауылдар­дан келген балаларға таңнан қара кешке дейін қамқор болады. Күн­де жұмысқа шығатын тәрбие­шілер екі ауысымда, таңнан түске дейін және түстен кешке дейін балалардың киімін қарап, таза­лы­ғын қадағалап, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Сабақтан соң, кешкі сегізге дейін балаларды қалаға қыдыруға, әртүрлі экскур­сия­ларға апарып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тырысады. Әйтеуір, үнемі тынымсыз тірлік­тің соңында жүреді, – дейді ол.

Президент Twitter-дегі жазба­сында науқас балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілердің мәрте­бе­сін мұғалімдермен теңестіру кере­гі жөнінде ұсыныс алғанын да жазған. Ақтолқын Жүсіпқызы бұл ұсынысқа қосылатынын білдірді.

– Біздің мекеме арнаулы мек­теп-интернат болғандықтан, тәрбие­шіні жұмысқа аларда оның педагогикалық бағыттағы жоғар­ғы білімі мен дефектология ма­ман­дығын бітіргені туралы дип­ло­мы болуын талап етеміз. Яғни, тәрбиешінің білімі мұғалімнен кем емес. Сондықтан олардың мәртебесін мұғалімдермен теңес­тіріп, жалақысын мектеп ұстаз­дары­мен бірдей көтеріп отырған дұрыс деп есептеймін.


Сала маманы келер жылы Үкімет талқысына шығарылатын тақырып аясында тәрбиешілерге жоғары жалақы беру ғана емес, оларға өзге де мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселесі де көтерілуі керегіне назар аударды.

– Жаз мезгіліне тәрбиешілер қатты шаршап шығады. Қазір кәсіп­одақ мұғалімдердің демалы­сына өте аз жолдама бөледі. Сон­дықтан алдағы уақытта тәрбие­ші­лер­ге демалыс орындарына жол­да­ма берілсе деген тілек бар. Тәр­биешілерге балаларын жазғы лагерлерге жіберуге жеңілдік жа­сал­­са, бұл да сала қызметкер­лері­не үлкен қолдау болар еді, – дейді ол.

Алматы қаласындағы №13 тү­зеу үлгісіндегі көру мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөбек­жай балабақшасының әдіс­кері Қарлығаш Әнуарбекқызы тәр­биеші жұмысының қиын­ды­ғын күрделі диагнозы бар балалардың көбеюімен түсіндірді.

– Балалардың ауруы жылдан жылға күрделеніп келеді. Бұрын балалар көздің қылилығы сияқты жеңіл диагноздармен келетін. Қазір әр топта мүлде көзі көрмей­тін екі-үш бала кездеседі. Одан бөлек, балаларда психикалық даму­дың кешеуілдеуі, мінез-құ­лық бұзылыстары сияқты қосал­қы диагноздар болады. Ондай балалармен жұмыс жасау өте қиын. Бізде ең жоғары санаттағы тәрбиешілердің өзі шамамен 110-115 мың теңге көлемінде жалақы алады. Маусымдағы өзгерістерден соң, бұл ақша сәл өскен шығар. Бірақ үлкен қала тұрғынына атал­ған жалақы бәрібір аздық етеді. Күнде жұмысқа келетін тәрбие­ші­нің шығыны көп. Жұмысы да жүйкені жұқартады. Ата-анамен бір жұмыс істейді, балаға бөлек көңіл бөледі, – дейді ол.

Қарлығаш Әнуарбекқызының пікірінше, тәрбиеші жұмысын жеңілдету үшін балалардың ден­сау­лығында пайда болатын қо­сал­­қы бұзылыстармен жұмыс істейтін мамандар қатарын көбейту керек.

– Көзі көрмейтін балалардың 95 пайызы дұрыс сөйлей алмайды. Өйткені көзі көрмейтін баланың ден­саулығында қосалқы бұзы­лыс­тар кездеседі. Бірақ көзі на­шар көретін немесе мүлде көр­мей­тін мекемелердің штаттық кес­тесінде дефектолог маман қарас­тырыл­маған. Қазір бізде тифлопедагог қана бар. Ол көзі нашар көретін немесе мүлде көрмейтін балалармен ғана жұ­мыс істейді. Ал психикалық да­муын­да бұзылысы бар балалар­мен жұмыс істеуге қиналамыз. Шама­мыз келгенше, қосымша әде­биеттер қарап, ізденуге тыры­са­мыз. Сондықтан мәселе шеші­мін тауып, дефектолог мамандар жұмысқа тартылса дейміз, – дейді ол.