Егіздер, бірақ туған күндері екі түрлі...

Егіздер, бірақ туған күндері екі түрлі...

Оралда қос құрсақты жас ана егіз босанды. Бірақ үшбу егіздер бір-бірінен екі жарым ай айырмашылық­пен жарық дүниеге көрінді. Батыс Қазақстан облыстық перинаталды орталық директорының орынбасары Есет Ерәлиннің сөзіне қарағанда, мұндай анатомиялық ерекшелікпен босану фактісі 50 миллион әйелдің біреуінде ғана ұшырасатын көрінеді.

Ерлі-зайыпты Сергей мен Ли­лия Коноваловтардың енді үш перзенті бар. Жеті жасар тұңғыш қыздары Алинаның бауырла­ры­ның есімі – Лия және Максим. Үш перзенттің анасы Лилия бір емес, екі жатыры бар екенін 19 жа­сында профилактикалық тексеру кезінде кездейсоқ білген. Ол кезде дәрігерлер бала көтеруде мәселе туындауы мүмкін екенін ес­керт­кен көрінеді. Сөйте тұра Ли­лия­ның айтуынша, осыдан жеті жыл бұрынғы жүктілігі еш ауыт­қусыз өтіп, айы-күні жет­кенде тұңғыш перзентін өмірге әкелген. Ал енді егіздердің алғаш­қысы Лия биылғы 24 мамырда 850 грамм салмақ­пен, ал Максим 2 келі 800 грамм салмақпен то­ғы­зыншы тамызда мына жарық дү­ние, жарқын өмірдің есігін ашқан.

– Лилия Коновалова облыс­тық перинаталды орталыққа жүктіліктің 25-аптасында тол­ғақ­пен түсті. Мерзімінен бұрын қыз баланы өмірге әкелді. Жүктілік кезеңі ауытқусыз өткендіктен, ең бастысы, ана мен сәбидің жағдайы жақсы болғандықтан, екінші бө­пені сақтап қалуды жөн санадық. Бүгіндері ананың да, егіздердің де жағдайы жақсы. Қазақстан бо­йынша дәл осындай патологиялық жағдайда дені сау егіздердің жарық дүниеге келуі тұңғыш рет тіркеліп отыр, – дейді БҚО пе­ринаталды орталық директо­ры­ның орынбасары Есет Ерәлин. Ал қос сәбиін бауырына алған ба­қытты ана БАҚ өкілдері арқы­лы кәсіби біліктілік танытқан ақ же­леңді абзал жандарға алғысын білдірді.

 

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы