Дезинфекция пневмония тудырады деген ақпарат – жалған
Дезинфекция пневмония тудырады деген ақпарат – жалған
Фото: Интернеттен алынды
358
оқылды
Алматының кейбір тұрғындары коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында қала аумағын залалсыздандыратын дезинфекциялаушы қоспалар денсаулық үшін зиянды деп қауіптенуде. Осыған байланысты Алматы инфекционистері қалада жүргізілетін дезинфекция пневмония тудырады деп тарап жатқан ақпаратты жоққа шығарып, түсініктеме берді. Дәрігер-инфекционист, вирусолог, биоқауіпсіздік бойынша маман, Phd докторы, Қарлығаш Әбдиева барлық препараттың тиісті тексеруден өткенін атап өтті. «Дезинфекцияның пневмония тудыруы мүмкін емес, себебі дезинфекцияға арналған барлық препараттар қаншалықты улы болатыны тексеріліп, тест жасалады. COVID-19 вирусы беткі қабатта ұзақ сақталады. Канадалық  Pathogen Safety Data Sheets (PSDSs) зерттеулеріне сәйкес, коронавирус белгілі бір ылғалдылық пен температурада 7-9 тәулік сақталуы мүмкін. Сол себепті үстіңгі қабатты тиісті препараттармен дезинфекциялау вирус таралуының алдын алуда қажет», – деді ол. Қарлығаш Әбдиеваның айтуынша, COVID-19 вирусы күрделі, сөйлесу кезінде науқас адамның сілекейінен вирусы бар микротамшылар бөлінеді және олар беткі қабатта шамамен 30 минут бойы сақталады. Сондықтан, әсіресе, елде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары көбейген кезде дезинфекция қажет. «Біз бәріміз бет арқылы қалай жұғатынын білеміз, науқас адам келіп, таянышты ұстауы мүмкін, одан кейін оны басқа адам келіп ұстайды, сосын ол қолын бетіне апаруы мүмкін. Тиісті дезинфекцияның болмауынан  инфекцияның байланыс механизі арқылы таралу мүмкіндігі артады, - деп хабарлады Қарлығаш Әбдиева. – Көшелерді, тұрғын үй кіреберістерін дезинфекциялау коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда  маска тағу және қолды жиі жуу сияқты қажетті шаралардың бірі». Инфекциялық бөлім меңгерушісі, фтизиохирург, Фтизиопульмонология орталығының пульмонологы Абзал Малбасқанов та өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында дезинфекция пневмония тудырады деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті. Ол тұрғындарға арандатушылыққа берілмей, ақпаратты ресми, ғылыми дерек көздерінен тексеруге кеңес берді. «Қазір ресми дерек көздері бар. ДДСҰ ресми жарияланған дерек көздері, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, 100%  зерттеу жүргізетін ғылыми танымал журналдар бар», – деген Абзал Малбасқанов атауы жоқ арналарға сенудің қажеті жоқ екенін айтты. Бүгінде Алматыда көпшілік пайдаланатын орындарға дезинфекция жүргізудің 28 кезеңі жүргізілуде, медициналық мекемелердің аумақтары, сауда нысандары, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері және аулалары және азаматтар көп жиналатын басқа да орындар. Кіреберістер мен аулаларға дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін глюзамин және акма-хлор сынды екі түрлі дезинфекциялық құрал қолданылады. Бұлар отандық өндірістегі тексеруден өткен, ҚР Кедендік Одағының санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін препараттар. Олар өндірілуіне, жүзеге асырылуы мен пайдаланылуына рұқсат етілген препараттар реестріне тіркелген. Аталған құралдар бактериялар, вирустар, қышымаларға қарсы тиімді, қауіптілігі төмен 3-топқа және қауіптілігі аз заттардың 4-тобына жатады. Тітіркендіру әрекеті жоқ және адамдар, жануарлар мен құстар үшін зияны жоқ. Осы жұмыстарға қолданылатын қоспаларды аталған ұйымдардың арнайы дайындықтан өткен және куәлігі бар жауапты дезинфекторлары дайындайды. Тұрғын үйлердің кіреберістерін, ойын алаңдарын, көпшілік пайдаланатын басқа орындарды дезинфекциялау адамдар жоқ кезде, дезинфекциялау уақытын ескертумен және қауіпсіздік шараларын сақтау туралы түсіндіру арқылы жүргізіледі. Қала тұрғындарына өңдеу жасалғаннан кейінгі 5 сағат көлемінде аталған орындарға бармау керектігі ескертіледі. Акма-хлордың өзіне тән иісі бар екенін, ал глюзаминнің иісі жоқ екенін атап өткен жөн. Сол себепті акма-хлор ерітіндісін пайдаланып нысандарға өңдеу жүргізілген кезде адамдар препараттың  иісін сезуі мүмкін, ал глюзамин дезинфекциялық ерітіндісін пайдалану кезінде иісін сезбейді. Алматыда қолданылып жатқан дезинфекциялық препараттарға жүйелі зертханалық бақылау жүргізіледі, бақылау қала басшылығының ерекше назарында. Лабораториялық зерттеулердің санитарлық-гигиеналық нормаларға сәйкестігін тексеру үшін тұрғын үй саясаты басқармасы дайын дезинфекциялық ерітінділерден сынама алып, оны «Алматы қаласының ұлттық сараптама орталығының» филиалына жеткізеді.