Түркиядағы тұтқындау: мэрлер қызметтен кетті

Түркиядағы тұтқындау: мэрлер қызметтен кетті

Түркия билігі ел аумағында тыйым салынған Күрдістанның Жұмысшы партиясымен байланысы бар деген айыппен үш қаланың мэрін қызметінен босатты.

Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан Диярбақыр, Ван және Мардин қалаларының мэрлері осыдан 5 ай бұрын сайланған еді. Олар ел парламентінің құрамына енетін күрдтер жанынан құрылған халық Демократиялық партиясының өкілдері саналады.

Түркия Ішкі істер министрлігі мәлімдемесіне сәйкес, мэрлер түрлі қылмысы, соның ішінде сепаратистік насихаты үшін айыпталуда. Тергеу барысында арнайы қызмет Күрдістанның Жұмысшы партиясымен байланысы бар деген күдікпен елдің 29 облысында шамамен 400-ге жуық адамды тұтқындаған. Диярбақыр қаласының мэрі болған, қазір аталған қызметтен алыстатылған Селжүк Мызраклы бұл оқиғаны 1999 жылдың 17 тамызындағы салдарынан бірнеше адам қаза тапқан жер сілкінісімен салыстырды.

«Бұл оқиға саяси және демократиялық құндылықтар әрі Түркияның заң үстемдігі үшін де 19 тамызда болған жер сілкінісі іспетті әсер етті», – деді С.Мырзаклы.

1984 жылдан бастап Күрдістанның Жұмысшы партиясы Түркия құрамындағы күрдтер автономиясы үшін соғысып келеді. Осы аралықта түрік әскері мен күрд жауынгерлері арасында болған текетірестер барысында 40 000-ға жуық адам жер құшқан.

Күрдтерге қарасты Жұмысшы партиясы бірқатар елдерде, соның ішінде Еуродақ мемлекеттерінде лаңкестік ұйым ретінде танылды.

Reuters ақпарына сәйкес, түрік түрмесінде жазасын өтеуші Күрдістанның Жұмысшы партиясының негізін қалаған әрі көшбасшысы Абдуллах Оджлан Түркиядағы күрдтер мәселесін шешуге дайын екенін хабарлады. Оджлан түрік билігі мен күрд бүлікшілері арасындағы кикілжіңді бір апта ішінде шеше алатынын алға тартқан. Оның айтуынша, күрдтерге өз алдына жеке мемлекет берудің қажеті жоқ.


Сафина АҚТАЙ