Құрбандық шалуға онлайн өтініш беретіндер көбейіп келеді
Құрбандық шалуға онлайн өтініш беретіндер көбейіп келеді
Фото: Интернеттен алынды
238
оқылды
Адамдардың көп шоғырланбауы ескеріліп ниет еткендер құрбандыққа шалынған малдың етін алуда онлайн қызметке жүгіне алады. Алматыда 1300-ден астам адам «Qurban-2020» онлайн платформасы арқылы құрбандыққа шалынған малдың етін алуға өтініш білдіріп үлгерген. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында Алматы қаласы Бостандық ауданы «Бәйкен» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев айтты. Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында Құрбан Айт дәстүрлі мерекесіне құрбандық шалу онлайн форматта өтеді. Құрбан шалуға және сойылған құрбандық малының етін алуға өтініш беру үшін «Qurban-2020» онлайн платформасы құрылған. «Бүгінгі таңда 1305 адам құрбандыққа шалынған етті онлайн платформа арқылы алуға өтініш білдірген», - деді Данияр Жұмабаев. Сонымен бірге, ол қала тұрғындарынан құрбандыққа 49 қой, 18 ешкі және 8 басқа малды шалуға өтініш түскенін айтып, толықтырды. Барлық еттің қайырымдылық аясында мұқтаж жандарға таратылатынын атап өткен жөн. Құрбандық шалуға және мұқтаж, аз қамтылған қала тұрғындарының ет алуға қалдырған өтініштерін алу сайтта 24 шілдеден 30 шілде аралығында жүргізіледі.