Таразда он екі жастағы қызды зорлаған қаскөйге қатысты сот үкімі шықты. Кеше Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 38 жастағы педофилді бірнеше бап бойынша кінәлі деп тапты. Енді оған химиялық кастрация жасалады. Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігі, яғни «Кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері» және 120-бабының 4-бөлігі, яғни «Кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлау» баптары бойынша кінәлі деп танылған сотталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол химиялық кастрация рәсімінен өтеді. Сот жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу жазасын да тағайындады. Есте болса, өткен жылдың қараша айының ортасында 7-сынып оқушысы сұранып сыртқа шыққан. Осы кезде педофиль арам пиғылын мектеп дәретханасында жүзеге асырған. 45 минут бойы кабинетке келмеген қызды ешкім іздемеген көрінеді. Білім ордасында 20 камера болғанына қарамастан, қылмыскер дер кезінде ұсталмаған. Себебі аумақты бақылап отыруы тиіс вахтер-күзетші де, инспектор да жұмыс орнында болмаған. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғадан соң Президент қала әкімі Қайрат Досаевты орнынан босатқан еді. Сондай-ақ білім басқармасының бастығы, қалалық білім бөлімінің бастығы және мектеп директоры қызметінен кетті. Облыс басшысына ескерту берілген еді. Айдана БЕГІМ