Әркімнің өз шекарасы бар. Оны қорғау, қадағалау тұрғындарға тиесілі. Адамзаттың аспан шекарасына өткеніне 100 жылға жуық уақыт болыпты. Ал құстар көк жүзінде мезозойдан бері тіршілік етеді. Өткен сейсенбіде Airbus A321 ұшағы құстармен соқтығысып, жүгері алқабына қонуға мәжбүр болды. Демек, құстар ұшақтың әуеге көтерілгеніне «қарсы». Мұның биологиялық, философиялық түйіні болуы тиіс. Тарқатып көрейік.
Жуковский – Симферополь бағытындағы ұшақ маторына құстар кіріп кеткен. Салдарынан матордың бірінен өрт шыққан. Airbus A321 ұшағында 226 жолаушы, 7 экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 23 адам ауруханаға жеткізілген. Оның ішінде 9-ы – кішкентай бала.
Bird strike
Құстардың ұшақпен соқтығысуын ғылыми түрде зерттеудің басталғанына – 50 жыл. Ағылшындар bird strike атауын берген. ИКАО-ның 2001-2007 жылғы дерегінде 42 508 оқиға тіркелген. Соқтығысудың 84 пайызы 100 метр биіктікте, әуеге жаңа көтерілгенде, аэродромның айналасында орын алады екен. Көбінесе құстар ұшаққа күндізгі уақытта шабуылдайды. Оқиға ерте көктемде және күзде жиі орын алады. Сондықтан аталған маусымда әуежай маңында алдын алу шаралары жүргізіледі.
Соңғы 25 жылда құстардың кесірінен 160 ұшақ бұзылып, 200-ден астам адам көз жұмған. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының мәліметінше, жыл сайын 5 400 соқтығысу орын алады. Зерттеу бойынша ұшаққа отырғызу кезінде 30%, ұшу жолағын жүріп өту кезінде 27%, ұшу кезінде 16%, құстармен қақтығыстың қалған 27 пайызы белгіленбеген ұшу аймағында болады. «Фобос» ауа райы орталығының маманы Евгений Тишковец 400 метр биіктікте ұшақ пен құстың түйісуін ең қауіпті деген санатқа жатқызады. Маманның айтуынша, құстың қозғалтқышқа немесе алдыңғы терезеге соқтығысуы апатқа әкеледі. Жолаушы тасымалдайтын ұшақта бірден төртке дейін қозғалтқыш болады. Бір қозғалтқышқа тисе болды, әуе кемесі қалбалақтап қалады екен. Бұл – торғайдың өзі алып ұшақты әуреге салады деген сөз.
Құстар неге қауіпті?
Ұшақ пен құстың соқтығысуы алғаш рет 1905 жылы болған. Оқиға жайында Орвилл Райта қалдырған дерек бар. 1960 жылы 72 жолаушысы бар Lockheed L-188 ұшағы апатқа ұшыраған. Бостон әуежайынан бағыт алған ұшақ құстармен «кездеседі». Салдарынан ұшақтың үш моторы істен шығып, 62 адам қаза табады.
Құс кішкентай әрі мамық, ұшақ қатты әрі мықты. Сондықтан адамдар соқтығысуды қауіпсіз деуі мүмкін. Бұл – қате пікір. Ұшақтың жылдамдығы орасан. Оған кезіккен кез келген нәрсе қауіпті. 270 км/сағ жылдамдықпен ұшатын ұшаққа 5 келі тартатын құс та ауыр келеді. Энергия 100 келі салмақпен 15 метр биіктіктен құлаған адамның күшіне тең болады. Құстар әуе кемесінің терезесіне, корпусына соғылады. Статистикалық мәліметте bird strike-тың 51 пайызы қозғалтқышқа кірумен аяқталады. Ұшу кезінде турбиналар үлкен шаңсорғыштың рөлін атқарады. Құс турбинаға соғылса да, жылдамдығы бәсеңдемейді. Егер осы сәтте құс моторға түссе, ұшақ зардап шегеді. Домино тасы секілді мотордың бірінен соң бірі толық істен шығады. Bird strike көкжиекте қилыспаса, төменгі қашықтықта ұшақты қауіпсіз жерге қондыруға болады. Ал жағдай биіктікте болса, соңы апатқа ұласады.
Заманауи ұшақтар 1,8 келілік құстарға төтеп бере алады. Қауіптісі – 3 келілік қаз. Бұдан да қауіптісі – құстар тізбегі. Соқтығысу кезінде құстар ұшақтың кез келген бөлігіне соғылуы мүмкін. Кейде екі қозғалтқышты да істен шығара алады.
Airbus A321-де екі қозғалтқыш болған. Жоғарыда жолаушы тасымалдайтын ұшақтың үш, төрт қозғалтқышы болатынын жаздық. Барлық ұшақ ұшу мен қонуды 1 қозғалтқышпен еңсере алады. Егер ұшақта 3 қозғалтқыш болып, оның біреуі істен шықса, әсер етпейді. Ал Airbus A321-дегідей барлық қозғалтқыш істен шықса, жағдай қиын. Мұндай ұшақты басқару әрі қонуды ұйымдастыру ептілікті талап етеді.
Bird strike-қа
қарсы күрес
Әуежай айналасында, ұшақта құстарды үркіту үшін дыбыс жазбасы қолданылады. Кей әуежайда акустикалық оқ пен пиротехника бар. Ұшу аймағында құс ұясы болмауын қадағалайтын арнайы топ жұмыс істейді. Еуропа мен Америкада әуежай маңында құстардың жеңсік асы болмауын тексереді. Байқасаңыз, ұшақ алаңқайлары қаланың шетінде, жазықта орналасады. Онда не көп, ағаш көп. Ағаш тек талғажау ғана емес, құстарға «тұрғын жай» бола алады. Әуежайда бірді-екілі жерде газон болады. Газон болған жерде шыбын-шіркей жүреді. Шыбын-шіркейге құстың құмарлығы айтпаса да белгілі. Мысалы, құстармен соқтығысқан Airbus A321 жақын жердегі жүгері алқабына қонды. Жүгері алқабы дегеніміз құс «қарнын тойдыратын» жер емес пе?
Солт-Лейк-Сити әуежайында 28 гектар жерді түгелдей асфальттаған. Бұл bird strike болмайды дегенге кепілдік бермейді. Орнитологтар көктем мен күзде жағдайдан қашып құтыла алмайтынын ескертеді. Сондықтан 130 дицебелдік дыбыстан гөрі, құсқа құсты қарсы қойғанды жөн көреді. Сұңқар, қыран секілділер жемтігін мүлт жібермейді. АҚШ пен Канада әуежайында ит пен шошқаны құс «аулау» үшін қолданады екен. Түрлі әдісті байқап көргенмен, bird strike-пен күрестің нақты формуласы жоқ. Мұны мамандар растап отыр.
Философия не дейді?
Бәріміз Жер ғаламшарында өмір сүреміз. Жер шамамен 4,5 млрд жаста болса, құстардың ғаламды мекендегеніне 160 млн жылға жуықтады. Адамзат дәуір сайын дамып отырды. Ғасыр бұрын адам әуеге көтеріледі деп ешкім ойлаған жоқ. Құстар да. Әуе кеңістігіндегі айқас осылай басталды. Ұшақтың өзі алып құсқа ұқсайды. Ғалымдар ұшақты құстарға қарап ойлап тапқан. Екеуінде де қос қанат бар. Бірін техника ұстап тұр, екіншісі – табиғи жаратылыс. Өзіне ұқсас жаратылысты көрген кімге ұнасын? Құстардың кеңістікте көтеріліске шығуына осы фактор әсер еткен сияқты. Олар өзінен үстем ұшақты ұната қоймады. Осылайша, көкте ұшақ пен құстың қақтығысы басталды. Дегенмен табиғи әсерді ұмытпаған жөн.
Қазақстанда...
2018 жылы Эйр Астана әуекомпаниясында 37 жағдай тіркеліпті. Соның 8-і Алматы әуежайында болған. 2017 жылы 72 оқиғаның 10-ы әуе кемесінің бұзылуымен, 19-ы ұшу уақытының кешігуімен аяқталған. Әуе кемесінің жөндеу жұмыстарына 850 мың доллар қаржы жұмсалған.
Алматы әуежайы маңында астық алқабының, жасыл-желектің болуына байланысты құспен кезігу жиі орын алады екен. Орнитологтар түрлі шара қолданғанмен, құстар тізбегіне қарсы тұра алмайды. Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының маңында Майбалық көлі бар. Көл мен әуежай арасы алшақ болғанымен, құстарға кедергі емес. Сондықтан қызметкерлер жоғарыдағы үркіту түрлерін қолданады. Мамандардың айтуынша, 700 ұшудың тек төртеуінде құспен қақтығыс орын алады екен. Төртеуі дегенімізбен бұл – ұшақ үшін айтарлықтай қауіпті әрі шығын. Құстардың кесірінен әлемдік әуекомпаниялар 1,2 млрд доллар шығынға ұшырайды. Қазақстандағы мекемелер 4 миллион долларға зардап шегеді.
1970-2010 жылдар аралығында ұшақпен жолаушы тасымалдау 9 есе өскен. 2018 жылы әлем бойынша 21 мың ұшақ жолаушы тасымалдаған. 2037 жылға қарай авиаиндустрия жолаушы тасымалдайтын ұшақ санын 37 мыңға жеткізуді қалайды. Ұшудың қауіпсіз болуы үшін жағдай жасау – міндет. Бірақ табиғат заңдылығына қарсы шыға алмайсың. Балық көлінде, бақа шөлінде қожайын болғаны секілді, әуе иелігі құстарға тиесілі. Десе де, адамзат шешпеген жұмбақ жоқ. Демек, алдағы уақытта ұшақ пен құс аспанды еркін «бөлісе» алатын күн келеді.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ