Қазіргі жағдайға бейімделуіміз керек - Ералы Тоғжанов
Қазіргі жағдайға бейімделуіміз керек - Ералы Тоғжанов
фото: ашық дереккөз
242
оқылды
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов халықты тағы да карантин шараларын қатаң сақтауға шақырды. «Коронавирус жаңа шындықты көрсетті десем артық айтқаным емес. Бұл біздің ұлтымызға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіріп отырған үлкен қауіп. Ғасырлар бойы біздің халқымыз ел басын қосатын көптеген дәстүрді ұстанып келді. Той-жиынды, құдалық секілді салттар бізде бұрыннан бар. Бірақ бүгінгі жаңа сын-қатерлерге бейімделуіміз керек. Ашығын айтқанда қазір кейбір ұстанып жүрген дәстүрлеріміз бүгінгі қауіпке қарама-қайшы. Уақытша бас тарта тұрсақ – халыққа бұл игі болары сөзсіз», - деді Үкімет басшысының орынбасары. Ералы Тоғжанов халық әлі де сақтық нормаларын елемей отырғанын айтты. «Біз барынша түсіндіріп те айтып жатырмыз. Тыйым да салдық. Соған қарамастан әлі де қарапайым сақтық нормаларын елемей отырмыз. Облыстарды аралап шығып, ол мәселелерді айтқан едім. Қазір ашығын айтқанда тоқтау керек. ІІМ-нің ресми деректерін келтіре кетсем, 4,5 мыңнан астам түрлі заңбұзушылықтар анықталып отыр. Оның ішінде тойлар да, құдалықтар да, туған күндер де бар. Тойға да барамыз, қонаққа да барамыз. Бірақ оның бәрін тоқтату керек», - деді ол.