Әр адам дарын иесі
Әр адам дарын иесі
547
оқылды

Биыл – Жастар жылы! Әркім өз бойындағы қабілетін көрсетіп, мерейін үстемдететін жыл. Әртүрлі жобалар ұйымдастырылып, әр өңірде үлкен шаралар өтуде. Бірақ бір әтеген-айы бар. Соны айтып өтсем деп едім.

«Нұр-Сұлтан қаласында елімізде ішкі туризмді дамы­туға арналған жоба танысты­рылды. Қазақстан — табиғаты ерекше көркем, әсем жерлерге бай ел. Бірақ көрікті орындар­дың көбін көпшілік біле бер­мейді. 7 бағыт бойынша ел аума­ғының рухани-мәдени мұра­сымен танысу үшін Жас­тар керуені жолға шықты. Жаңа жоба аясында бұрын жиі айтылып, көрсетіле бермейтін жаңа бағыттарға жол түспек. Әр аймақтағы іс-шара 4 күнге жос­парланған. Жобаға еліміз­дің әр өңірінен 16 мен 29 жас ара­лы­ғындағы белсенді, білім­ді жастар қатысады» деп ас­пан­ға бөркімізді аттық. Жақ­сы жоба, жастардың бойы­на туған жерге деген сүйіс­пен­шілігін оятатын, әрі ту­ризм­ді дамыту үшін жасалған. Иә, дегенмен осы жерде «неге бел­сен­ді және білімді жастар ғана қатысады?» деген ой келді.

Осы бізге білімді, белсенді, дарынды деген атау неге керек? Әр адам өзінше талантты. Бізде да­рынды деп мектепті беске оқы­­ғандарды, әншілерді, спорт­­шыларды, суретшілер мен жазу­шыларды ғана айта­мыз. Сонда басқалар дарынсыз ба?

Әр адам өзінше бір тұлға. Әр адамның бойында тұнған талант бар. «Жастар еліміздің болашағы» деп ұрандатамыз. Бірақ сол жас­тар­ды сортқа бөліп тастаған­даймыз.

«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген қазақ. Әр саланың өз үздігі бар. Мейлі ол құрылыс­шы, ауыл­да жүрген жұмысшы болсын. Солардың арасынан үздіктерді іздеп, үлкен жоба­ларды осы жас­тардың арасында неге жүргіз­беске?

Мектептерде де қазір өске­лең ұрпақты екі топқа бөлу бай­қалады. Мысалы, биылғы жылы тоғызыншы сыныпты бітірген Әлия атты қызым емти­хан тапсырды, үш сабақ­тан да бес алды. Бірақ күзде оныншы сыныпқа өту үшін тамыз айында тағы да сынақтан өту керек. Бұл мектеп қағидасы екен. Өйткені ол мектеп физи­ка-математика бағытында са­бақ өткізеді-мыс. Осының кесірінен тоғыз жыл бойы бі­лім алғандардың көбі тәуекелге бармай мектепті тастап кетсе, кейбірі он бір бітіріп жоғары оқу орнына түсем деген арма­нын тәрк етіп, колледж­дерге кетуге мәжбүр.

Жастар дейміз, бірақ сол жас­тардың болашағына балта­ны мектептен шабудамыз. Әр мұғалімнің мектепте белсенді, жақсы оқитын балаларға ынта­сы ауып, көмек қолын ұсын­ғы­сы келіп тұрады. Ал нашар оқи­тын оқушы олар үшін дарынсыз. Олардың бойын­дағы қабілетті ашу немесе ынталандыру жұ­мыстары көбіне жүргізіле қоймайды.

Ойланып қарайықшы, бір сыныпта отыз оқушы бар. Оның біреуі әнші, екі-үшеуі сабақ­ты беске оқиды. Бір-екеуі олимпиа­даларда орын алып жүр. Қалғаны сонда дарынсыз ба?

Тағы да бір айтарым, жастар шығармашылығын көрсету, жас ақын-жазушыларды та­ныс­тыру мақсатында да жақсы жобалар қолға алынып, қомақ­ты қаржы берілуде. Бұл да жақсы үрдіс. Шабыт береді, құлшынысты арттырады.

Дегенмен осындай үлкен жобаларды қолға алғанда бас­қа­­ларды неге ұмытады. Мыса­лы, тас қалаушы, дәнекерлеуші, малшы, сауыншы, дәрігер бас­қа да мамандық иелері ара­сында да осындай жарыс өт­кі­зіп, тиісті баға бермеске?! Және де қар­жылай қолдау көр­­сетсек болар еді ғой.

Жыл сайын «Шабыт» ха­лық­аралық шығармашыл жас­тар фестивалі өтеді. Бес номи­нация бойынша дарынды жас­тар бәсекеге түседі. Атап айт­қанда, «Классикалық музы­ка», «Халық музыкасы», «Эстрада­лық вокал», «Хорео­гра­фия» және «Журна­листика».

Шабыт деген тек әнші мен қолға қалам ұстағанда ғана бола­ды әрі олар дарынды екен-мыс.

Қазіргі таңда жастар деп 18 бен 35 жас аралығын айтамыз. Енді бірде 16 мен 45 дейміз. 16 мен 29 жас аралығы деген тағы бар. Мейлі 18-45 жас болсын. Бірақ солардың арасынан да­рындыны іздегенде, тек шы­ғар­машылықпен айналыса­тын­дарды ғана емес, қара жұ­мыс істеп жүргендерді де қос­сақ та болар еді. Өйткені олар­дың да өз жұмысына деген ма­хаб­баты бар, өз жұмысы ашып берген таланты бар. Оларда да шабыт бар. Осыны ұмытпасақ екен!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ