Өзінің заңда белгіленген міндеттерін толық әрі дұрыс атқаратын партия – кез келген елдегі саяси өмірдің маңызды бөлшегі саналады. Сондықтан да елдің дамуына ықпал етіп, қоғамның алға ілгерілеуіне қозғаушы күш болатын саяси институттардың жұмысына мемлекеттік деңгейде қолдау білдіру тәжірибесі кең тараған. Көп мемлекет заңында партияны қаржыландырудың бір тетігі «мемлекеттік бюджет» деп көрсетілген. Бұл ұйым қызметін жүргізуге партияға мүше азаматтардың жарнасы мен демеушілер қаржысынан бөлек, мемлекет те қатысатынын білдіреді.
Nur Otan партиясының саяси кеңесінде партия мүшелерінен жарна жинауды тоқтату, қаржыландырудың мемлекеттік тетігіне көшу туралы ұсыныс айтылды. Бұл мәселеге қатысты жан-жақты ақпарат алып, партиялық қаржыландыру саласындағы әлемдік тенденциямен танысу үшін Nur Otan партиясы саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы Юлия Кучинскаяның пікірін сұрадық. Сарапшы әңгімесін саяси партияларды қаржыландырудағы әлемдік тәжірибеден бастады.
– Саяси партияларды қаржыландырудың халықаралық тәжірибесінен партия бюджетін құру тәртібі сайлау жүйесіне, мемлекеттік билікті жүзеге асыру жолдарына, партиялық жүйеге байланысты өзгеріп отыратынын көреміз. Саяси партиялардың табыс көзінің басым бөлігін жарналар, демеушілер көмегі пен мемлекеттік қаржы құрайды. Соңғы жылдары саяси партиялар қаржыландырудың қосалқы көздерін де белсенді дамыта бастады. Мұндай балама жолдарға коммерциялық қызмет пен партияның табысты мүшелерінен қорға депозит жинау сияқты әдістер жатады. Халықаралық демократия және сайлауға ықпалдастық институтының дерегінше, саяси партияларды қаржыландыруда мемлекеттік және жекелеген тұлғалар мен ұйымдардың қолдауы өсіп келеді. Бұл тенденцияны саяси партиялар бюджетінің негізгі бөлігін мемлекеттік қаржы құрайтын Германия (30%), Австрия (25%), Португалия (90%), Швеция (84%) мысалынан көруге болады, – дейді ол.
Юлия Кучинская партия қызметін қаржыландыратын басқа көздерді шектеп, ақшаны бір орталықтан бөлудің артықшылықтарын да атады.
– Мемлекеттік қаржыландыру мен оны реттейтін құқықтық нормалар (бұл нормалар шығындарды шектеп, есеп беру ережесін бекітеді және қаржының әділ бөлінуіне кепілдік береді) партиялардың қоғамдағы рөлін сақтауға, жемқорлықтың алдын алуға, партияны жеке демеушілерге тәуелді болудан сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бюджет қаржысы саяси плюрализмге жол ашып, демократиялық институттардың тиісті деңгейде жұмыс істеуіне оң әсер етеді, – дейді ол.
Саяси партияларға мемлекеттік қолдау көрсету тәртібі мен шарттары әр елде әртүрлі. Қаржыландыру мақсаты да бір-біріне ұқсамайды. Бір мемлекеттерде партияның сайлауалды шығындары (АҚШ, Германия), басқаларында партия жұмысына қажет қаржы (Швеция, Финляндия, Дания) мемлекет есебінен өтеледі. Бір атап өтетін жайт, соңғы жылдары саяси партияларды жарна есебінен қаржыландыру төмендеп келеді. АҚШ-та партияға кірерде және одан кейін тұрақты төленетін жарна жоқ. Өйткені партияда әдетте тұрақты тіркелген мүшелер де болмайды. Канадада Консервативті партияның жарна көлемін арттыруға талпынысы сәтсіз аяқталды. Канаданың либералды партиясы 2016 жылы өткен съезде жарнадан бас тартуға дауыс берген. Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Еуропа елдерінде партия табысындағы жарна үлесі төмендеп келеді. Швецияда партия табысының 3 пайызын, Бельгия мен Францияда 5 пайызын ғана саяси ұйымға мүше азаматтардан жиналған жарна құрайды.
Саяси кеңесте көтерілген ұсынысқа қатысты пікір білдірген сарапшы әлем тәжірибесін Қазақстанға енгізудің маңызына да тоқталды.
Nur Otan партиясында жарнадан бас тарту мәселесін қарастыру өте маңызды деп ойлаймын. Партия жаңа мүшелерді қабылдау кезіндегі барлық процесті (жеке немесе онлайн өтініш беру, партияның екі мүшесінен ұсыныс хат алу), саяси ұйым мүшелерін тұрақты тіркеп отыруды өзгеріссіз қалдырса болады. Жыл сайын партиядағы мүшелігін растап отыруды жаңа технологиялар көмегімен жүзеге асырып, арнаулы бағдарламалық жүйе арқылы партия мүшелерімен үнемі байланыста болу мүмкіндігі бар. Бұл идеологиялық қолдау негізіндегі партия бірлігін нығайтып, қаржылық факторды төмендетеді, – дейді ол.
Кәусар АХМЕТ