Сөгісіңіз құтты болсын!
Сөгісіңіз құтты болсын!
5,376
оқылды
Қызметтің қызуында жүріп, сөгіс алғанға не жетсін! Өмір бойы бір сөгіс ала алмасаң, несіне адам­сың, несіне әкімсің? Сөгіс деген рахат қой, қуаныштан жүрегің атша тулайды! Сөгіс ала алмаған әкімдер қаншама? Мысалы, жуырда еліміз­дің бірнеше әкімдері сөгіс алып, кәдімгідей бір марқайып қалды. Ал, сөгіс ала алмағандардың ауыздары аңқайып қалды. Тіпті, сөгіс алған Шымкент қаласының әкімі М. Әй­теновке қуанып, қол бұлғағандар да, жанына келіп, қолын қысқандар да көп болды. – Сөгісіңіз құтты болсын! – Айтсын! – Келмей жатып, сөгіс алып жатырсыз, бұл деген рахат қой! – Ия, қуанышым шексіз! – Сіз анау– мынау емес, прези­денттен сөгіс алдыңыз! – Ия, сол үшін де, қуанышым қой­ныма сыймай, жерге төгіліп жатыр. – Не деген керемет сөгіс! Ақтөбе облысының әкімі О.Ора­залин мен Павлодар облысының әкімі Ә.Ысқақов қатар келе жат­қан. Портфельдерін қолтықтарына қысып. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанады.Өздері өте көңілді. – Сөгісіңіз сұлу екен! – деді Ақтөбе облысының әкімі. – Сөгістің де сұлуы бола ма екен? – деді Павлодар облысының әкімі. – Ойбай-ау, мұндай сөгістерге жеткен де, жетпегендер де бар! – Солай ма? – Енді... Сөгіс алу оңай ма? – Өмірімде бірінші рет сөгіс алып­пын. – Сөгісің сөгістерге жалғас­сын, сөгісіміздің қызығын көре берейік. Тапқанымыз сөгістерге ша­шылсын! – Тойда тост сөйлеп кеткендей болдыңыз-ау? Осы кезде журналистер қауымы жүгіріп келіп, екеуін қоршай алды. – Сөгістеріңіз құтты болсын! – Рахмет, рахмет! – Не үшін берді сонда? – Не үшін дейді ғой? Короно­вирус індетіне қарсы шаралар қа­былдауда міндеттерімізді шала орындағанымыз үшін. – Қуаныштарыңызға ортақпыз! Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжанов үкімет дәлі­зін­де аяғын алшаң басып келе жа­тыр еді, алдынан теле арнаның басқа да басылымдардың тілшілері жүгіріп шықты. – Қуаншыыңыз құтты болсын! – Ия, әйтеуір алдық қой. – Қандай сөгіс алдыңыз? – «Простой» сөгіс қой. – Менсінбей тұрсыз ба? – Жоға. «Барымен базар» деген. – Көңіл күйіңіз нелеу сияқты? – Енді... Қатаң сөгіс алғанда болар ма еді? Ал, біраз шенеуніктердің көңіл­дерінде кірбің, мұрындарында мұз... Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласы­ның әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроға­рыш өнеркәсібі министрі А.Жұмаға­­лиев­ке ескертулер ғана бұйырыпты. Олар да президенттен сөгіс алғысы келіп еді. Қайтеді енді, сөгіс жетпей қалды... Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды рет­темесе, жәй ғана ескерту алатыны ескертілді. Ел есеңгіреп, жұрт қына­дай қырылып жатқанда, бұған да шүкір. Сіздің сөгіс алғыңыз келе ме?  

Мұхтар ШЕРІМ