Өзге елге сапар шеккенде алдымен сол елдің мәдениетімен, өнерімен және көрікті жерлерімен танысасыз. Ал асқазаныңыз «сигнал» беріп, үш арсыздың біреуі мазалай бастағанда, бабы мен дәмін келтіріп ас әзірлейтін орын іздеп, ұлттық тағамынан дәм татқыңыз келетіні рас. Елімізге келген туристер де дәл осындай жағдайды бастан өткізеді. Бізде қазақ тағамдарын әзірлейтін дәмхана, мейрамхана көп деп айтуға келмейді. Сол санаулы мейрамханаларға өзімізден гөрі шетелдіктер көбірек бас сұғады екен.
Осыған алаңдаған отандық аспаздар еліміздің әр өңірін аралап, аймақтың асүйін, танымал өнімдерін зерттеп, жаңа тағам түрлерін ойлап табуға кіріскен. «Ұлттық тағамдарымызды қастерлей отырып, заман көшіне ілесуіміз керек» дейді олар. Тағам арқылы туризмді де дамытуға болады.
– Ай сайын әр өңірдің, облыстың гастрономиялық туры өтеді. Мақсатымыз – түрлі өнімнен, жеміс-жидектерден дәмі үйлесетін тағам әзірлеп, әлемдік деңгейге жеткізу. Бағасы қолжетімді. Мысалы, шұбаттан жасалған сорпамыз, балмұздағымыз бар. Аспазшылармыз әр өңірге барып, ол жақтың азық-түлігін, асүйін зерттейді. Бүгін батыс өңірінен жасалған тағам қонақтарға ұсынылып жатыр. Оралдан балық алдырдық, икрасымен.
Икраның қандай тағам түрлерімен үйлесетінін көрсеттік. Мәселен, қара икраны бауырсақпен жеуге болады. Дәмі жақсы үйлеседі.
Қазір аспаздың көбі италян, француз, еуропалық асханаға барып жатады. Қазақ асханасына келетін аспаздар аз. Қиын деп жатады. Қазақстанда қазақ асханасын дамыту өзекті мәселе. Осыған орай, түрлі шара өткізіп, заманауи тағам түрлерін ойластырудамыз. Асханамызда жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің 80 пайызы – өзге ұлттар. Олар қазақтың ұлттық тағамдарының дайындалу жолын, етті қалай бөліп асу керегін керемет меңгерген, – дейді Qazaq Gourmet мейрамханасының басқарушы директоры Асхат Қожамқұлов.
Мейрамханада бас аспаз болып қызмет атқарып жүрген Артем Канцев әлем елдерін аралап, осы салада тәжірибе алмасып жүр. «Бұл танымыңды кеңейтіп, көзқарасыңды өзгертеді» дейді ол. Бас аспаз бүгінде шәкірт даярлап жүргенін де жасырмады.
– Әрине, ұлттық тағамдарымыз алдыңғы орында, құрметпен қараймыз. Қазір бәрі дамып жатыр. Ел дамып жатқанда, асүйді, тағам өндірісін де дамытуымыз керек. Қазақ асханасында жұмыс істеп жатқаныма – 5 жыл. Жалпы, осы салада жүргеніме 20 жылға жуықтады. Аспаздық өнерге деген қызығушылығым бала кезден оянған болатын. Кішкентайымнан атқа мініп, ауылда өстім. Қымыз ішіп, әжемізбен даладағы ошаққа қуырдақ пісіретінбіз.
Қазақстанда көптеген халықаралық шара өтеді. Шетелдіктер ұлттық тағамдарымыздан дәм татуға асығады. Асүйіміз классикалық және заманауи деп екіге бөлінеді. Біз Қазақстанда ғана емес, әлем елдеріне гастрөлге көп шығамыз. Жаңа дүниелермен танысамыз. Мысалы, осы жолы Ресейге барып, қазақ тағамын дәріптеп келдік. Туристік көрме аясында қазақ тағамдарының жабық кешкі ас мәзірін ұйымдастырдық. 50 адам шақырылған болатын, 70 адам келді. Бізді халықаралық футбол чемпионатына шақырды. Санкт-Петерборда, Пекинде болып, қазақ тағамдарын шетелдіктерге ұсындық, – дейді Артем Канцев.