Nur Otan партиясы Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек беру мақсатында «Мектепке жол» акциясы өтті. Қайырымдылық шарасына Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев, аудандық мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Nur Otan партиясының дәстүрлі түрде өткізетін «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында біз әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беріп келеміз. Биыл акцияның бастамасы Сайрам ауданынан басталды. Бүлдіршіндер мектепке барар уақытта оқу жабдықтарымен толық қамтылмаса біздің азаматтығымызға үлкен сын болады. Сол үшін оқушылардың алаңсыз мектепке баруына барлық жағдай жасалынуы керек. Бұл ретте партия атынан ұйымдастырылып жатқан акцияға мәслихат депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері мен партиялас әріптестеріміздің қосқан үлесі зор, – деді атап өтті Бейсен Дәулетұлы.
Акция шеңберінде партия филиалына балаларын мектепке дайындауға көмек сұраған 24 отбасының балаларына, жалпы 50 оқушыға мектепке қажетті оқу-құралдарымен жасақталған сөмкелер табысталды. Акцияға қатысқан сайрамдықтар өтініштерін қараусыз қалдырмай көмек көрсеткен Nur Otan партиясының филиалына алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін аудандық мәслихат депутаттары, партия фракциясының мүшелері мен партияластар тарапынан 845 отбасыға 4 152 400 теңге көлемінде материалдық көмек (киім, оқу құралдары) көрсетілген.
Іс-шарадан соң Бейсен Тәжібаев Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылындағы музей ғимаратына барды. Өз кезегінде Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары құрылысы толық аяқталған нысанның жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ партияның бастамасымен ашылған орталық балалар кітапханасындағы білім орталығының жұмысымен танысты. Сайрам ауданы бойынша 2018 жылы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі 5 кітапханада білім орталықтары жұмыс істеуде. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Кітапханада жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалған: ыңғайлы кресло, үстел, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype арқылы сұхбаттасу, принтер, сканер және т.б. қажетті құрал-жабдықтар бар.
Нысандарды толық аралаған соң Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев аудандық филиал ғимаратында аудан тұрғындарын қабылдады. Кездесудің алғашқы қонағы Бақытжан Раймбеков Сайрам ауданы Ақбұлақ елдімекеніне жол салу мәселесіне қатысты өтінішін білдірді. Ал Феруза Юсантаева Nur Otan партиясынан тұрғын үй мәселесі бойынша көмек сұрады.
Тұрғындар өтінішін тыңдаған филиал төрағасының бірінші орынбасары аталған мәселелерді шешу бағытында аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әбдіқадыровқа тиісті тапсырмалар берді.
Әбілмансұр ЖАСАН