Nur Otan партиясы ел өміріне етене араласып, талай түйткілді мәселелердің шешілуіне мұрындық болып келеді. Енді бас партияның белсенділігі бұрынғыдан да күшейе түспек. Ол үшін өңір-өңірлердегі партия өкілдіктері мен фракциялар белсенді қызмет етуі шарт.
21 тамыз күні елордада өткен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта өңірлік органдардағы партия фракциялары жұмысын жандандыра, серпілте түсу керек екенін баса айтқан болатын.
– Партия проблемалардың нақты шешу жолдарын ұсынып, жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бедел болады, халық та қолдайды. Саяси және экономикалық тұрғыда үздік болып отырған мемлекеттер тәжірибесінен үлгі алу керек. Сондай-ақ Мәжілістергі партия фракциясының да жұмысын күшейткен жөн. Бұл партия тапсырмаларының жүзеге асуының және оның атқарушы органдарға тигізер әсерінің басты механизмі, – деген Елбасы Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясына жетекші етіп Нұрлан Нығматуллинді тағайындаған.
Фракцияның жаңа басшысының айтуынша, енді жұмыс тәсілдері біршама өзгеріп, тың идеялар бастау алмақ. «Партия фракциясының алғашқы отырысын өткіздік. Елбасы тапсырмаларын орындау үшін әріптестермен бірге жоспар да құрдық. Жаңа форматтар енгізетін боламыз. Сайлауалды бағдарламаның орындалуы, тұрғындардың нақты мәселелерінің шешілуі сияқты түйткілдерді заңдық тұрғыдан қарастырамыз» депті Нұрлан Нығматуллин.
Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша, өңірлік фракцияларды одан ары жетілдіру һәм жандандыру – өте өзекті шаруа.
– Саяси кеңес отырысында Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция жұмысына ерекше назар аударылды. Әсіресе, Алматы қаласындағы депутаттық фракция жұмысы атап өтілді. Жалпы, Nur Otan партиясының депутаттық фракциялары негізінен мәслихаттарда жұмыс істейтіндіктен, олардың күші әлеуметтік сұрақтардың шешілуі үшін аса маңызды. Кез келген мәселені шешу үшін біз сайлаушылардың өтініштерін жинап, қоғамдық қабылдау жасаймыз. Азаматтарды көбіне қандай шаруалар толғандыратынын білу үшін біздің фракцияның депутаттары халықпен жиі кездеседі. Ал фракция отырыстарында біз сол түйіндерді қалай тарқату керек екенін ақылдасамыз, – дейді қалалық партия филиалы басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, осымен үшінші жыл қатарынан Алматыдағы депутаттар фракциясы аймақтар арасында көш бастап келе жатыр. Партияның Орталық аппаратының бағалауы арқылы жасалған 2016 және 2018 жылдардың қорытындысы бойынша Алматы депутаттар фракциясы – бірінші орында. Қалалық фракцияның тұрғындарды қинап жүрген проблемаларды дер кезінде тап басып танып, оны дәл уақытында кешіктірмей шешіп, бақылап отыруы – осы жетістіктің басты кілтіне айналған.
– Мәселен, қала бюджетін анықтау бойынша мәселелер қаралды. Ол жерде үнемделген қаражат әлеуметтік жағдайларға жұмсалды. Оның ішінде мектеп, жол құрылысы, жарықтандыру желісі, сумен жабдықтау жұмыстары бар. 2016 жылы депутаттар фракциясы бюджет есебінен балабақша құнын екі есе төмендету туралы шешімді қабылдады. Бұл халықтың бізге деген оң көзқарасын тудырды. Жалпы, фракцияны – аса қуатты партиялық құрал деп айтсақ қателеспейміз. Фракция тек бюджет қаржысының жұмсалуын ғана қадағалап қоймайды, сонымен қатар қажет кезінде аудан және қала әкімдерінің жұмысына да баға бере алуы тиіс, – дейді Станислав Канкуров.
Расында, Алматыда мәслихат депутаттары әлеуметтік әртүрлі топ өкілдерімен тығыз байланыста. Жақында ғана «Баланы мектепке дайындаймыз» акциясына барлық депутаттар қатысқан. Нәтижесінде, аз қамтылған отбасынан шыққан 3000 балаға елеулі көмек көрсетілген. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін арнайы ашылған «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қоры ашылған сәтте жергілікті депутаттар өз қаржыларынан 30 млн теңге жинап берген. Одан бөлек маңызды мандатты иеленген азаматтар жыл сайын ардагерлерге, қарт адамдарға, мүгедектер мен балаларға көмек беруден еш аянған емес. Әрине, осының бәрі жергілікті фракцияның жұмысына жан бітіріп, партия беделін биіктетеді.
– Әрине, фракция жұмысы қайырымдылықпен шектелмейді. Партиялық қадағалау жасау – басты міндет. Елбасы бастамасымен «Құтты мекен» ұлттық жобасы іске қосылған. Қазір қалада 60-тан астам нысан партия бақылауында тұр. Әр ауданда түрлі мониторингтік топтар құрылған. Ән нысанға жауапты ретінде фракция мүшелері бекітіліп, партиялық бақылауды білдіретін ақпараттық баннерлер ілінген, – дейді Станислав Канкуров.
Сондай-ақ Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының да орындалуы қатаң бақылауға алынған. Енді фракция жұмысы бұрынғыдан да күшейіп, бұрынғыдан да биік бола түспек. Бұл туралы Елбасының өзі баса айтты. «Әлі ескіше жұмыс істеп келеміз. Фракция ұғымын әлі дұрыс түсінбей жүрміз» деген болатын.
Енді бұдан былай фракция шенділер жұмысын қадағалауға шындап кірісіп, тіпті шаруасынан шикілік шыққан министрді қызметінен алу туралы ұсыныс жасап жатса да таңғалмаймыз. Бұның бәрі – ат шығарып, абырой асыру емес, елдің бірлігі, халықтың тұрақтылығы, әлеуметтік жағдайдың күш алуы жолында атқарылатын берік, мығым, байламды бастама болмақ.