Гао Синцзян – 2000 жылы әдебиет саласы бойынша алғашқы болып қытай жазушыларының ішінен Нобель сыйлығын алған қаламгер. Алайда жүлденің, тек шетелдіктер үшін аса таныс емес, сонымен қатар Қытайдың өзінде туындыларын оқуға қатаң тыйым салынған авторға берілуі көпшілікті таңғалдырғаны рас. Швед академиясы оның «Рух тауы» (Soul Mountain) романына «әлем үшін үлкен маңызға ие, қазіргі замандағы адам орнын шынайылықпен бейнелеген шығарма» және «қытай прозасы мен драматургиясына жаңа жол ашатын, ешқандай туындылармен салыстыруға келмейтін, тек өзімен ғана салыстыратын туынды» деген баға берген болатын. 1940 жылы Цзянси провинциясында дүниеге келген жазушы Бейжіңде француз әдебиеттануы бойынша білім алып, 1987 жылдан бастап Парижде шығармашылығын бастаған. Оның пьесалары мен аудармалары Қытайдағы экперименталды драманы айшықтайды. Жазушы, сыншы, драматург, прозашы қылқалам әлемінде де өз орнын қалыптастырғанын айта кету керек. Жазушының пікірінше, атақ пен даңқ іздеген өнер иесінің шығармашылығы алысқа бармайды. Себебі, мұндай адамдардың шығармаларында шынайылық жоқ. Назарларыңызға жазушының Asia society қауымдастығына берген сұхбатынан үзінді ұсынамыз.
– 1981 жылы бүкіл Қытай әдебиетсүйер қауымы ыстық ықыласпен қабылдаған «Заманауи Қытай көркем әдебиетін талқылау» атты шағын еңбегіңізді жарияладыңыз. Десе де, бұл кітап көптеген партиялық идеологтарға ұнай қоймады. Жалпы, Қытайдағы 1980 жылдардағы қатаң жағдайға қарамастан, модернизм немесе модернистік әдебиет тәжірибелерін қайдан білдіңіз? Модернистік практиканы қытай аудиториясына ұсыну жағы қалай болды?
– Бұл – Мәдени революция аяқталып, қытай әдебиетінің қайта қалпына келе бастаған кезеңі еді. 70 жылдардың соңы мен 80 жылдардың басында жазған еңбектерімнің ешқайсысын жарыққа шығара алмай, өртеуге мәжбүр болдым. Сондықтан бұл кітап ішімдегіні халыққа жеткізетін алғашқы мүмкіндігім болды.
1949 жылдан кейін Қытай әдебиетінде толық әдеби еркіндікке жету қиын еді. Себебі, Мао Цзэдун бірнеше әдеби стильді қорғады. Соның біреуі – революциялық романтизм болса, екіншісі – революциялық реализм. Ал менің мақсатым – жаңа стильдерге жол ашу үшін төңкеріс жасау. Алайда бұған ешқандай мүмкіндігім болмады. Барлық шығарманы ерекше сақтықпен жазуға мәжбүр болдық.
– Әдеби шығарма жазуда өз-өзіңе шектеу қою, әрдайым қадағалап отыру – шығармашылық тұрғысынан дұрыс дүние емес екеніне көзім жетті. Бар ойымды еркін қағазға түсіргім келді. Осылайша, «Рух тауы» атты кітабымды жазуды қолға алдым. Оны Қытайда жарыққа шығармайтынымды білдім. Францияда жеті жыл жүріп, романымды аяқтадым. 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында болған оқиғадан кейін, шығармамды көпшілікке ұсынатын уақыт келгенін түсіндім.
Менің ең үздік шығармаларым «Рух тауы» романынан кейін жарыққа шықты десем, жаңсақтық болмас. Себебі, Қытай үкіметінің құрсауынан шығып, шынайы бостандық сезіндім. Алғаш рет шетелге шыққан соң көптеген идеология мен тенденция бар екенін, шынайы өнер мен әдебиет қалыптастыру қаншалықты қиын екенін ұғындым. Бұл идеологиялардың ешқайсысының артынан ермейтінімді түсіндім. Өйткені ол да шектеу қояды. Сондықтан жан дүниемді ғана бағдаршам етіп, ешбір тенденция мен идеологияға ермейтін әдеби шығармалар жазамын деп өзіме сөз бердім.
– «Рух тауы» алғаш рет 1991 жылы Тайваньда жарыққа шыққанда 90 не 91 данасы ғана сатылды. Ал келесі жылы жағдай одан да нашарлап, 62-63 дана ғана өтті. Ал кейін бұл кітап бестселлерге айналып, Тайвань, Гонконгты айтпағанда, шет елдерде де танымал болды. Бұл – шынымен керемет туынды болды. Энциклопедиялық көзқарасты негізге алған романда қытайдың барлық әдеби жанры мен баяндау форматтары қамтылып, өзгеше сипат алғанын аңғару қиын емес. Қытай әдебиет әлемін осыншалықты терең сезіну кез келгеннің қолынан келмесі анық. Мұның сыры неде?
– «Рух тауын» жазу барысында оның әдебиет әлеміне әсерін толық түсінбегенмін. Тіпті қандай оқырмандарым болатынын да ойланбаппын. Шындығында, бұл шығарманы өзім үшін жаздым. Ол кездері Қытай мәдениеті мен тарихына қызыға бастаған едім. Қытай тамыры тереңде жатқан байырғы ел, бес мың жыл бойы бір жерде қозғалмай отырған елдің тарихы да бай. Қытайлардың түсінігінде тұрып жатқан ортамен жақсы қарым қатынаста болу, табиғаттың байлығын дұрыс игеру – басты мәселе. Осы дәстүрді ескере отырып шығарманың негізгі мақамы – біріншіден, табиғат пен адамның ортақ үйлесімділігін табу болса, екіншіден, қоғам мен адамның үйлесімділігі.
Сонымен қоса, Қытайдағы әлеуметтік жағдай да алаңдатты. Бұл тек Қытай қоғамына ғана қатысты емес, барша адамзатқа ортақ шешілуі тиіс мәселелер еді. Менің саяхатым қоғамнан қашу емес, байсалдылықты іздеуде болды. Мемлекет ішіндегі бүлік, қоғамдағы зорлық шығармамда қамтылды. Осы барысты бейнелей отырып кейіпкерімді бірнеше тұрғыдан бөліп қарадым, әрқайсысы «мен», «сен», «ол» деген есімдіктерге жіктелді. Алма кезек олардың атынан баяндай отырып, барлық жол бір арнаға келеді. Кітап адамның басынан өткізетін өзгерістері жайлы. Бұл – үлкен процесс.
– Қуғынға түскен жазушы кім?
– Алғашқы деңгейде ХХ ғасырда қуғынға түсу мәселесі, әсіресе, жазушылар мен суретшілер арасында кең етек алғанын айтар едім. Екінші деңгейде, қуғынға түсу – бөлек рухани деңгейге шығу, яғни белгілі идеологиялардан арылу. Үшінші деңгей – бұл суретшілердің сыртта еркін жүруге ұмтылуы. Қайнаған тіршіліктің ортасында жүрсеңіз, жан-жақтан түрлі ықпал мен қысымға түсетініңіз анық. Ал мұндай ортада шығармашылық адамы өзінің шығармашылығын дамыта алмай, ойын да қалыптастыра алмайтыны сөзсіз.
– Сүйікті қытайлық және шетелдік жазушыларыңыз бар ма? Шетел авторларын қытай тілінде оқисыз ба, әлде француз тілінде ме? Түпнұсқада оқу не аударманы оқудың маңызы бар ма?
– Жаныма жақын автор өте көп. Бала күнімізден кітапты құмарта оқып өстік. Әкем кітап жинайтын, анам болса шетел әдебиетін ерекше бағалайтын. Шетел авторларының аудармасы да баршылық еді. Бәлкім, содан болар балалар кітабынан бұрын, нағыз әдебиетті оқуды ерте бастадым. Батыс және қытай әдебиетінің классиктерін көп оқыдым. Француз тілін меңгерген соң, тынысым ашылып, шетел әдебиетін түпнұсқадан оқитын болдым. Ол кездері көптеген француз авторын оқуға тыйым салынған болатын. Сондықтан олардың шығармаларын табу да қиын еді. Колледжде оқып жүргенімде, тіпті бір аптада 50-ден астам пьеса оқитынмын.
Студент кезімнен бір мысал келтіре кетейін. Гетеның «Фауст» трагедиясының үш томын қытай тілінде оқыдым. Кітапханадан мұндай кітаптарды алудың өзі қиынға соғатын. Алғашқы томын оқыған соң, екінші томын алу үшін ұзақ күттім. Ал екінші томы он шақты адамға ғана берілді. Ал үшінші томын тек мен ала алғанымды мақтанып айта аламын.
– «Тау рухы» романын жазу барысында қандай деңгейде лингвистикалық тәжірибе жасай алдым деп ойлайсыз? Айтылмаған әттеген-айлар болды ма?
– «Тау рухын» жазуға жеті жыл уақытым кетті. Тіпті қазірдің өзінде қытайша жазуыма аса көңілім тола бермейді. Осы уақытқа дейін ешкім жазбаған, тың дүниені бастау қашан да күрделі. Бұрыннан қалыптасқан сөз саптауыңызды бұзып, жаңаша тәсілдер іздеу аса қиын.
– Қазір өзіңізді француз жазушылар мен суретшілер қоғамының мүшесімін деп нық сеніммен айта аласыз ба? Францияға алғаш көшіп келген жылдардағы естеліктермен бөліссеңіз.
– Францияға аттанарда мен жазушы әрі драматург ретінде, өз саламда белгілі болдым. Сол елге келген бетте өтпелі кезең мен үшін білінбей өтті. Яғни, мені сол елдегі кейбір жас жазушылар мен суретшілерге қарағанда ел танитын. Қытай жазушыларына өзге елге көшу, сол елдің қоғамына ену өте қиын. Ал мен өз саламда атымды қалыптастырып үлгерген едім. Бұл – барша жұрт мені танып, танымал болдым деген сөз емес. Әдебиет пен драматургияда өз орным болды. Бұған қоса тіл мәселесі қиындық тудырмады. Француз тілін жетік білдім, француз қауымдастықтарымен бірден етене жақын араласып кеттім. Сондықтан өзімді қытай суретшілері қоғамының мүшесімін деп бөлектеп көрмеппін. Францияға келе салысымен француз қоғамының толыққанды мүшесіне айналдым.
– Елден кеткелі Қытайға оралмадыңыз ба? Болашақта сондай жоспарыңыз бар ма?
– Нобель сыйлығын алғалы, Қытай сыртқы істер министрлігі кітаптарымды қатаң сынға алды. Қытайда шығармаларымды оқуға да, басуға да тыйым салынған. Ал енді қараңыз, туындысына тыйым салынған қай автор елге оралғысы келер дейсіз?!
Ағылшын тілінен аударған
Ақбота ИСЛӘМБЕК